Қарағанды облысының аумағындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар уақытша жабылды, деп хабарлайды Kazinform.
Қарағанды өңірінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында облыстық Полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны күшейтілген қызмет атқару режиміне көшті. Автожолдардың негізгі учаскелерінде патрульдік полиция нарядтарының саны артты.
Жол қозғалысының шектелуіне байланысты Қарағанды — Астана бағытында шамамен 500 автокөлік, ал Қарағанды — Балқаш тасжолында 50-ден астам көлік құралы жолда қалып отыр.
— Полиция қызметкерлері көлік жүргізушілері мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында автоколонналарды ұйымдасқан түрде алып жүруде. Мәселен, Теміртау терминалынан Ақмола облысының шекарасына дейін 500-ге жуық көлік қауіпсіз түрде жеткізілді. Көлік калоннасын алып жүрер алдында патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов жүргізушілерге нұсқама жүргізіп, олардың жол жүру ережесін қатаң сақтап, жылдамдықты шектен тыс асырмауды ескертті, — деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Қарағанды облысының Полиция департаменті жүргізушілерге алыс сапарға шығудан уақытша бас тартып, ауа райының жақсаруын күтуді және жолдардың жағдайы туралы жаңартылған ақпаратты мұқият қадағалауды ұсынады.