«Үнемі ұрып, қылқындырып, қорлайтын»: Алматы облысында 21 жастағы келіншек 6-қабаттан құлап көз жұмды
Жәбірленуші Гүлжан мектепте мұғалім, қызының күйеуі тарапынан жиі соққыға жығылғанын айтады
Алматы облысында жас ана 6- қабаттан құлап, мерт болды. Оқиға Қарасай ауданының Асыл Арман тұрғын үй кешенінде 9-наурыз күні болған. Мерт болған ананың артында бір жастағы ұлы қалды, деп хабарлайды Todayinfo ақапарттық агенттігі.
Марқұмның әке-шешесі сот сараптамасының шешімімен келіспей, «моргтен» қыздарын алмай отыр. Қайтыс болған Ажар Тәуекелқызы 2004 жылы туған. Екі жыл бұрын мектепте өзімен бірге оқыған жігітке тұрмысқа шыққан. Алайда тұрмыс құрғалы таяқтан көз ашпаған.
«Қызымның көрген күні күн болмады. Артында бір жастағы ұлы жетім қалды. Талай рет таяқ жеді. Күйеуі арақ ішеді, шешесімен қосылып арақ ішеді. Екеуі екі жақтап қызыма күн көрсетпеді. Бір рет талдырып ұрып тастапты. Үнемі қылқындырып ұратын, оған мына суреттер дәлел қызым жіберген. Осы жолы мереке қарсаңында тағы қандай лаң салғаны белгісіз, ақыры қызымның түбіне жетті.Бұған дейін тағы бір рет ұрғанда қызым есінен танып қалған. Күйеуінің аты Нәдірбек. Екеуі біраз уақыт Ақтауда тұрды, сол кезде де осылай ұрған », — деді марқұмның анасы Гүлжан Жақып.
Жәбірленуші Гүлжан мектепте мұғалім, қызының күйеуі тарапынан жиі соққыға жығылғанын айтады. Қызын бірнеше рет үйіне де әкеліп алған кездері болыпты. Алайда күйеу баласы екі—үш айдан соң кешірім сұрап, қызын қайтадан алып кеткен.
«Оқиға кеше түстен кейін сағат 15.00-16.00 аралығында болған. Қызым осы жігітке тием деп күш бермеген соң амалсыз көнген едік. Барғалы таяқтан көз ашпады. Қызым өздігінен өле қоятын адам емес. Мыналар тағы ұрып, балконнан лақтырып жіберді деген күдігім де бар. Жайдан жай суицид жасамайды қызым, әбден қорлап түңілдірген. Сот сараптамасы бізге қызымыздың денесін бермей қойып еді, қарсы тарап адвокат жалдап, қызымды өзі өлді қылып қағаз жазғызып алыпты. Кеше қызымның енесі де, күйеу бала да ішімдік ішкен екен. Енді бүгін ауруханадағылар қыздарыңның денесін жылдам алып кетіңдер деп жатыр. Біз олардың ешқандай соққы алмаған, өзі өлген деген қорытындысымен келіспейміз. Қызымды күйеуі үнемі ұрған. Оны менен жасырып айтпай келген. Күйеу бала шешесімен бірге үйлерге ремонт жасайды, Қарақалпақстаннан көшіп келгендер», — деді марқұмның әкесі Тәуекел Жекебайұлы.
Оқиғаны Алматы облыстық полиция департаменті растады.
«Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді», — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Қыздың ата-анасы бір күн бұрын қыздары енесінің достарын күту үшін асығып кетіп қалғанын айтады.
«Қызым мереке күні апасын құттықтап, күйеуі келген соң асығып кетіп қалған. Бізге енесінің достары үйге келетінін, оларды күту үшін дастархан жасап, дайындалатынын айтқан. Яғни, тағыда ішімдік ішілген, қанша адамды күткенін білмейміз. Қызым өзі ішімдікке жоқ, жас баласы бар. Ертеңіде түскен кейін қызымның өлгенін естідік. Енесі ажырасқан, ішімдікке жақын, қызыма не істегендері белгісіз. Күйеуі осы жолы ұрған болуы мүмкін», — деді марқұмның анасы.