17 Сәуір 2015, 10:39 7281 0 Руханият Анар ЛЕПЕСОВА

«Ай мен Айша» қалай сахналанды?

Өткен сенбінің кешінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына қарай асыққан жұрттың қатарынан біз де табылдық. «Тұсаукесер болады» дегенді ести сала театрды бетке алатын әдетті серік еткелі көп болса да, бұл барыстың жөні ерек еді. Өйткені көзімізді жасқа бұлап, соғыс біткенге лағынет айта отырып оқыған роман, өмірдің өзіндей шынайы шығарма «Ай мен Айша» сахналанды.

Спектакльдің шымылдығы түрілмей тұрып сахнаға көтерілген театрдың директоры, Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы мен «Мылтықсыз майдан» повесі бойынша жазылған драманың авторы Еркін Жуасбек ел сарғая күткен қойылымды сары майдай сақтап, Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында көрермен назарына ұсыну әу баста жоспарланып қойғанын айтты. Жоспар дегенге іш тарта қоймайтын халықпыз ғой. Еркін Тілеуқұлұлының сөзінен кейін бұл қойылым да «мерейтойға тарту» деген науқаншылдықтың көлеңкесінде қалып қоймас па екен деген күдік көлбең ете қалғанын несіне жасырайық? Театр есігінен аттағаннан бастап аңғарылған тыңғылықты дайындықты көрген көзіміз көкейдегі көлденең ойлар­мен арпалысып жатты.

Ұжымның тұсаукесерге дайын­дығы расында да ерек. Отан үшін от кешіп, жан берген соғыс және тыл ардагерінің бәрін болмаса да, біразын шақырып, залдың ең бірінші қатарынан орын берген. Оларға ұрпақ атынан алғыс айтып, жүрекжарды лебізбен ұсынған сый-сияпаттары да театрға жинал­ған­дарды бейжай қалдырған жоқ. Сахналанғалы отырған шығар­маның авторы, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Шерхан Мұртаза арамызда отырғанын есті­генде қалың көрермен одан сайын қанаттанып, арқалана түсті. Әсіресе, соңғы қатарда, балконда отырып, сүйікті жазушыларын жақыннан көргісі кеп мойындарын созғыштаған жастар қауымының қуанышы көздерінде тұрды. Спектакль шымылдығы айқара ашылғанда ғана назарымыз ата Шерханнан бала Шерханға ауысты.

Әке-шешенің қасында ән салып отырған шат көңілді баланы көрді жұрт. Ауылдастарымен бірге алаңсыз 1 май мерекесін тойлап жүрген Мұртаза да, ер азаматы мен үш балапанының қамсыз көңіліне қарап көзайым болған Айша да осында. Жан-жақтан жамырай қосылып, бір арнаға біріккен ауылдың алты ауызын кенет милиционердің қатқыл үні сап тыйды: «Әй Мұртаза! Түс алға! Сен ұсталдың!». Төбесінен жай түскендей жан дауысы шығып шырылдаған Айшаның дауысын да әлгінің қаһарлы айқайы жаншып тастады. Бірақ аяқ астынан аласапыран орнаған ауыл балалардың көз жасы мен әйелдердің дабырасынан біразға дейін тынши алмады:

– Қайда алып бара жатыр бұл бейбақты?

– Әулиеатаға апаратын көрінеді бұларды.

– Қарасудың бойына апарып атады дейді ғой...

– Тек! Сібірге итаппен айдайтын көрінеді...

– А, Құдай, өзің жар бола гөр!

Қолы кісенделіп, милиционер­лер­дің жетегінде кетіп бара жатқан Мұртазаның «Айша, балаларға ие бол! Атымды өшірме!» деген соңғы сөзі де жаңғырыққа айналып, ат шаптырым залды түгел кернеп кетті. Ерінің бұл аманаты санасында өмір бақи жаңғырып тұрарын Айша ол кезде білген жоқ еді. Қиындықтан қажып, аяусыз өмір салған жарадан морт сынып кете жаздаған сәтте оның есін жиғызып, қайтадан қанат бітірген де Мұртазаның сол сөзі еді.

   Соғыс есейткен балалар

Спектакльден көрермен бір отбасының басындағы тауқымет арқылы соғыс жылдарындағы барлық үйдің трагедиясын көрді. Өйткені сұм соғыстың жалыны шарпымаған ошақ кемде-кем. Бірі жарын, бірі баласын, бірі асқар тауы – әкесін аттандырды қан майданға. Сарбаздардың мерт болғанын жақындарына хабарлау үшін соғыс даласынан ағылған қара қағаздардың санында есеп болмады. Қаншама бала жетім, қаншама ана жесір қалды. Әсіресе, балалардың жанына салынған жараның орны жазылмастай боп қалып қойды. Соғыстың себебіне терең бойлай алмаса да, үлкендердің айтуы бойынша біраз жайға қаныққан Нұрперзенттің тауы шағылған сәтте үнемі: «Атаңа нәлет, Гитлер!» деуі соның айғағы. Осы орайда Нұрперзентті сомдаған жас актер Ермек Бектасовтың бала образын ашудағы сәтті қадамдарын ерек атауға тиіспіз. Жалғыз ағасы соғысқа аттанып, кішкентайынан әкенің ауыр күрсінісі мен ананың көл боп аққан көз жасын көріп өскен баланың бойындағы жасқаншақтықты, көзіндегі үрей мен қорқынышты титтей жасандылықсыз көрсете білді. Ол Әулиеатаға барып оқығысы келеді, тең құрбысы, арманына айналған ару – Айдаймен қол ұстасып жүрсем дейді. Алайда үйде ауру шеше мен жесір жеңге барын үнемі есіне салып отыратын қатал әке баланың жолына тосқауыл. Шешесінің жұмыс бабымен қалаға көшіп бара жатқан Айдаймен қоштасу кезінде Нұрперзент – Ермекті мүлде басқа қырынан танығандай болдық. Ұяңдығын қайсарлық, балалығын жігіттік жеңген. Бұл образ Ермектің бұрын-соңды сомдаған ешбір рөліне ұқсамайды: Бейбарыс («Бейбарыс Сұлтан», реж. Ю.Ханинга-Бекназар) пен Болатты да («Империядағы» кеш», реж. А.Кәкішева) , Қожанасырдың шөбелегін де («Қожанәсір тірі екен», реж. О. Кенебаев) ойнаған бұл емес, басқа актер сияқты. Мамай Қалпені шақырып, Нұрперзентті қазақы салт бойынша жеңгесі Тотияның әмеңгері етпек болған сәттегі кейіпкердің ішкі арпалысын да көрерменге жеткізе алды, сендірді. Нұрперзент әке әміріне қарсы шыға алмай, дымы құрып отырғанда Барысхан ашық айқасқа көшкен. Басқа емес, ешкімге бет қаратпайтын Мамай көкесіне қарсы шығып отыр. «Шатпаңыз басын Нұрперзенттің! Ол оқуға тиіс. От басы, ошақ қасы етіп басын байламаңыз. Ол да, мен де аттанамыз ертең Әулиеатаға», – дейді тайсалмай. «Әй Нұрперзент, үнің өшкір неге үндемейсің? Қатын көнсе, қатын дейік, еркек деген атың қайда?», – деп ағасының жігерін жанитын сәтте Барысхан батылдығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Режиссердің бұл рөлге болашағынан үлкен үміт күттіретін актер Елжан Тұрысты дәл таңдауын шеберлік деп білдік. Тасбет бригадир анасын таяқтың астына алғанда, ашуға булыққан баланың алып денелі бригадирді жерге алып ұрып, тамағына тас кенеше жабысып, қылқындырғанын көрген кезде де көрермен Елжанның Барысханына сүйсінген еді. Айша екеуі алыстағы қыстақта қалып қойған «Зингер» тігін машинасын үйлеріне жеткіземіз деп жанталасып жүріп боранда қалып қойғандағы анасы екеуінің диалогы Мұртазаның баласына халықтың сүйіспеншілігін тіпті еселей түсті:

– Жүр, Барысхан, жүр. Әне екі аттам жер қалды. Сен жігітсің ғой, қане бас алға.

– Сенің адымыңа ілесе алмай келе жатқан қайбір жігіт дейсің?

– Е, неге? Ана жолы арыстандай атылып Тасбетті жерге атып ұрып, қылқындырып өлтіріп қоя жаздадың емес пе?

– Тасбет жау ғой. Жеріңе, анаңа, бауырыңа, қарындасыңа жау тисе, қолында өлмеймін бе...

Сол кезде баласының сөзіне риза болған Айша жүрегі қарс айрылардай боп: «Менен туған ұл бар екен. Менің қорғаным бар екен. Енді өлмейді екенмін», – демеп пе еді?

Драмадағы балалар образы жайлы сөз қозғағанда елеусіз қалдыруға болмайтын тағы бір кейіпкер бар. Ол – Айдай. Оны да соғыс ерте есейткен. Майдандағы әкесінен хат-хабар күтіп сарғайған анасына демеу болсам дейді. Актриса Саяжан Құлымбетова кейіпкерінің кескін-келбетін келтіре алғанымен, кей тұста мінезін аша алған жоқ. Кішкентай қыздың кейпіне енем деп дауысына екпін түсіре бергендіктен бе, Айдай образының қия-қалтарысы актриса үнінің көлеңкесінде қалып қойғандай көрінді.

Драманың тірегі – әйелдер

Драманың негізі – жесір қалса да, жеңісті жақындату үшін тылда аянбай еңбек еткен, балалардың баянды болашағы үшін сұрапыл соғыстың зардабына көндіккен әйел-аналар. Айша – солардың жиынтық бейнесі. Қазақ әйелінің тектілігі мен қайсарлығын, адалдығы мен жанкештілігін бір бойына жинақтаған. Төзімділігі мен шыдамдылығына да басыңды иесің, бүгінгі әйел затынан сол қасиеттерді іздейсің. Айша образының мықтылығы – сөзсіз, шығарманың қуаттылығында. Әйтсе де, бейненің биік сомдалуы актриса төккен терге де тәуелді екенін жоққа шығара алмаймыз. Режиссерлердің ойындағысын дөп басатын актриса Дәрия Жүсіп бұл жолы да кейіпкер характерін адаспай тапқан. Тектілігін Зылихаға («Жүз жылдық махаббат», реж. А.Кәкішева), адалдығы мен төзімділігін Сағилаға («Тендерге түскен келіншек», реж. О.Кенебаев), ер азаматқа тән өр үні мен қайсарлығын Томириске («Томирис», реж. Т.әл-Тарази) ұқсатқанымыз рас. Бірақ әр рөліне ерекше шабытпен кірісетін актриса бұл кейіпкерін де барынша биіктетуге тырысқан. Драма Айша образына құрылғандықтан оның қалт басуға қақысы жоқ еді. Автор мен режиссердің талабынан биік тұратын көрермен көңілі дейтін белес бар. Дәрия Жүсіп оны да бағындырды, бұған спектакль соңында актрисаға көрсетілген құрмет пен қошемет дәлел болса керек.

Қойылымдағы іргелі образдардың бірі – Қамқа. Аядай ғана қоржын тамды паналаған екі отбасының тірегі де, тілеуқоры да – өзі. Жатса-тұрса Алладан бейбітшілік таңы атуын сұрайды. Соғыстан оралмаған ұлы Орақтың оты өшпеуін, кенжесі Нұрперзенттің тезірек аяқтануын тілейді Жаратқаннан. Одан басқа қолынан келер қайран жоқ. Өйткені қос жанары – көр соқыр, шарасыздығы жанына қанша батса да сырт көзге сыр алдырғысы келмейді. оның шорт сынғанын көрсе, арқа сүйеп отырған бір үйлі жанның тауы шағылады. Сондықтан шамасы келгенше Айша мен келініне үй шаруасына болысқан болады. Қамқа рөлінің ҚР Халық әртісі Гүлнәр Жақыповаға берілуі кездейсоқтық емес. Кейіпкердің болмысын дөп басар үн де, мінез де бар бұл актрисада. Қойылым режиссері Тұңғышбай әл-Таразидің актер таңдауда қателеспейтініне тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Тотия тағдыры да – жарынан жастай жесір қалған көп келіншекке ортақ тағдыр. Қайғыдан көз ашпаған шаңырақты тастап, төркініне кетіп қалғысы-ақ келеді, бірақ еріне берген сертінен аттап кете алмайды. Атасының «Кетсең, мені бауыздап, өлігімнің үстінен аттап өтіп кет» деген сөзі тағы бар. Бірақ балалықтан арыла қоймаған қайнысына әмеңгерлікпен қосыл дегенді естігенде, шыдамы шарасына жетеді. Көрермен де әрі-сәрі күйде: өзін біресе Тотияның, біресе Мамайдың орнына қояды. Кімді айыптап, кімді ақтап алу керегін білмей дал. Тотияның көрермен арасынан жақтас табуы – актриса Арай Өмірованың шеберлігі, халықты образдың шынайылығына сендіре білгені. Бірақ булыққан ашу көрініс табар тұста қолын орынды-орынсыз сермеп, қимыл мен үнді қабыстыра алмай жатты. Мәселен, үйдің шылауын тазалағалы жатқанда төңкерілген келіден омақаса құлаған келіншек: «Күлің суырылғырдың үйінің тозаңын сүртем деп нем бар еді мен бейбақтың? Нем бар еді менің бұл үйде?! Қараң қал, қараң қалғырлар. Қайда әлгі қу жетім? Кетем бұл моладан, кетем ойбай!», – дейтін тұста актрисаның ащы айқайынан басқа ештеңе ести алмадық.

Кесек сомдалған көкелер 

Соғыс жылдарындағы ауыл өмірі суреттел­ген­­дік­тен, драмада санаулы ғана ердің образы бар: Мамай, бригадир Тас­бет пен Қалпе. Мамай рөлі ҚР еңбек сіңірген әртісі Айдос Бектемірге бұйырыпты. М.Әуезов­тің «Айман-Шолпанында» Көті­бар­ды (реж. Е.Обаев), «Еңлік-Кебе­гінде» Кеңгірбайды (реж. Х.Әмір-Темір), Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қарабайды (реж. Қ.Сүгірбеков) сомдаған актердің бұл кейіпкерді де шырқау биікке көтереріне титтей күмәніміз болған жоқ. Ал Тасбет бригадирді Жандарбек Садырбаев сом­дады. Актер кеудемсоқ бастық­тың пасықтығын дөп баса білген. Көрер­мен оның әр әрекетін таба­лады, екі үйлі жанды асырап отырған жалғыз сиырды ауру деп, өртетпек болғанда тіпті жек көріп кетті. Демек, Тасбет – Жандарбек өз мақсатына жетті.

«Соғыс деген нәрсенің адамның тағ­дырын талқандайтынына, ана­ның ана болуына, әкенің әке болуы­на, атаның ата болуына, құстардың сайрауына, даланың гүлдеуіне, табиғаттағы барлық тепе-теңдіктің бұзылуына кері әсерін тигізетінін бір-екі отбасының басындағы тағдыр арқылы көрсетуге ден қойдым. Бірақ олардың басынан өткен оқиғаны тұрмыстық, пенде­шілік деңгейден көтеріп, отба­сы, ошақ қасынан аулақтатып, адамзат­тық, ғаламдық ауқымда қарас­тыр­дым. Көрерменнің қабылдауын қарапайым тұрмыстық деңгейден көтеріп, көкжиегі кең кеңістік көзқарасына алып келсек деген деген мақсат бар», – деген еді режиссер қойылым алдында берген сұхбатында. Біздіңше, шығармашылық топ межелі мақсатты бағындырды.

Драматургиялық һәм режис­сер­лік шешімнің үйлесім табуына сахнадағы көркемдік элементтердің бәрі тас-түйін жұмылдырылған. Әсіресе, көрерменді сол дәуірге жақындата түскен декорация мен костюмдердің тартымдылығын ерекше атап өткен жөн. Режиссер өз қиялын би, пантомимамен шебер қабыстырған. Айшаның балаларға айтып беретін қысқа ғана хикаяты арқылы сахнаны ертегі әлеміне айналдырған хореографтардың шеберлігі де жоғары бағаға лайық.

Бұл спектакль – Жеңіс үшін жан берген ерлердің, өмір-тіршіліктің жалғасы үшін тылда жан аямай еңбек еткен аналар мен балалардың, кейуаналар мен ақ сақалды аталардың ерен ерлігіне тағзым!

Спектакль соңында Әуезов театрының ат шаптырым залын халықтың ыстық ықыласы кернеп кетті. Көрермен шығармашылық топқа тік тұрып қошемет көрсетті. Арқасынан ауыр жүк түскен актерлер де, олардың өнеріне шын сүйсінген ел де риза: қуаныштың, бейбіт күнге шүкірліктің белгісіндей боп жанарлардан ыршыған жасты ешкім іркігісі келмеді. Бастысы, ол күнгі эмоциялардың бәрі шынайы еді.

P.S: Тұсауы кесілген «Ай мен Айшаның» ең әділ бағасын шығармашылық топ та, көрермен де шығарманың авторы, Қазақстанның халық жазушысы, Шерхан аға Мұртазадан күтті. Жазушы отырған қатарға ұзақ телміргеніміз де сондықтан. Шер-ағаң қолына микрофон алып, бата сөзді өзі айтса деген тілек бәріміздің жүрегімізде жаңғырып тұрды... 

Соңғы жаңалықтар