ШҚО полиция департаменті әлеуметтік желілерде тараған жасөспірімдер арасындағы жанжал видеосына қатысты пікір білдірді.
Бейнеролик сипаттамасында бірнеше жасөспірімнің мектеп оқушысын қорлағаны көрсетілген оқиға ШҚО-дағы мектептердің бірінде болғаны жазылған.
Полиция тексерісі барысында бұл видеоның 2023 жылы түсірілгені анықталды.
“Полицияға бұл оқиғаға қатысты ешқандай шағым түскен жоқ. Қазіргі уақытта аталған факт ресми түрде тіркелді”, – деп хабарлады ШҚО ПД.
Тәртіп сақшылары жанжалға қатысқан барлық жасөспірімдерді анықтады.
“Кәмелетке толмағандар ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілді, оларға қатысты профилактикалық әңгіме жүргізілді. Материалдар әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды. Кінәлілер есепке алынып, олармен әрі қарай алдын алу жұмыстары жүргізіледі”, – деп мәлімдеді полициядан.