T-Newspaper

Далап пен дағдарыс

сурет: istockphoto.com

Дағдарыстан хабар беретін белгі көп. Экономиканың шатқаяқтағанын білдіретін түрлі индекс-индикатор бар. Бірақ сұлулыққа деген құштарлық экономиканың құлдырауына тура пропорционал екенін білген бе едіңіз? 

Қолжетімді сән-салтанат

2001 жылы Estee Lauder компания­сы­ның мұрагері, миллиардер Леонард Лау­дер «Ерін далабы индексі» атты ұғым­ды ойлап тапты. Бұл – косметика саты­лы­мына қарап, экономикалық дағдарыс­тарды болжауға мүмкіндік беретін қар­жылық көрсеткіш.  Estee Lauder – әлемдегі ең ірі 10 кос­ме­тика өндірушісінің бірі, штаб-пәтері АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орна­лас­қан. Компанияның нарықтағы құны 81 мил­лиард доллардан асады. Лаудер эко­но­микалық дағдарыстар кезінде адам­дардың көп шығынданбайтынын, бірақ кос­метика сатылымы артатынын бай­қаған.  Ол мұны «қолжетімді сән-салтанат» деп түсіндірді: қыз-келіншектер қымбат киім, зергерлік бұйымдар сатып алуды қыс­қартса да, өздерін кішігірім, бірақ жа­ғымды нәрселермен қуантуға тыры­сады. Лаудер бұл жерде логикалық заң­ды­лық бар деп есептеді, нарықтағы жағ­дай қандай болса да, әйелдер өз-өзіне немқұрайлы қарамайды және әрдайым әдемі болып жүруге тырысады. Дағдарыс кезінде екінің бірі жаңа көйлек сатып ала алмауы мүмкін, бірақ жаңа далап са­тып алу – қолжетімді қуаныш және бұл ар­тық шығын деп есептеле бермейді. Бұл гипотезаны дәлелдеу үшін ол ста­тистикалық мәліметтерді алға тартқан. 2008 жылғы қаржылық дағда­рыс кезінде косметика мен дене күтіміне арналған өнімдердің сатылымы айтар­лық­тай өскен.  Алайда көптеген сарапшы бұл заңды­лық­қа күмәнмен қарап, оны сәтті мар­ке­тинг стратегияның нәтижесі немесе жай ғана сәйкестік деп есептейді. Деген­мен нақты мысалдар мен статистикалық деректерге қарасақ, сұлулық нарығын­дағы көрсеткіштердің дағдарыспен бай­ланысын үзілді-кесілді терістеуге тағы келмейтін сияқты.

Жоқшылықта да, тоқшылықта да

1929 жылы АҚШ өз тарихындағы ең ауыр экономикалық дағдарыс – Ұлы депрессияны бастан өткерді. Фабрикалар жа­былып, өндіріс 50 пайызға құлдырады, жұмыссыздық деңгейі шарықтады. Бірақ дәл осы уақытта әйелдер косметика дү­кен­деріне ағыла бастаған. Тіпті, ақша­ның қатты тапшы болғанына қарамас­тан, опа-далап сатылымы 25 пайызға өс­кен. Бұл жағдайды сол кезде эконо­мис­тер түсіндіре алмады.  1990 жылы АҚШ-та тағы бір эконо­ми­калық дағдарыс басталды. Өндіріс орын­дары қысқарып, көптеген компания қызметкерлерін жұмыстан шығара бас­тады. Бірақ бір сала ғана өсім көрсетті, ол – тағы да косметика индустриясы. Дағ­дарыс қызып тұрған шақта ерін дала­бы мен косметикаға сұраныс тоқтаған жоқ, керісінше, сұлулық өнімдерін шы­ғаратын зауыттар жаңа жұмысшыларды жалдай бастады.   2001 жылғы 11 қыркүйектегі оқиға­ әлемді дүр сілкіндіріп, АҚШ эконо­ми­касын құлдыратты. Қаржы нарығы шат­қаяқтады, адамдар үлкен шығын­дардан бас тартты. Бірақ The Wall Street Journal қызық фактіні анықтады: ерін да­лабы сатылымы 11 пайызға өсті, әсі­ресе қымбат брендтерге сұраныс артты. Дәл осындай жағдай 2008, 2009 жылдары да қайталанды. Бүкіл әлем қаржы дағ­дары­сына ұшыраса да, L’Oréal, Nivea мен Shiseido сияқты косметикалық алпауыт­тардың табысы рекорд межеге жетті.   Айта кету керек, пандемия кезінде, әсі­ресе 2020 жылғы көктемдегі карантин уа­қытында да сұлулық индустриясы жақ­сы дамыған. Тіпті, кейбір ірі сату­шы­лар сұранысқа ие тауарларды жеткізіп үл­гере алмады. Маска таққан қыз-келін­шектерге ерін далабы қажет болмады, бірақ күтпеген жерден парфюмерия сатылымы күрт өсті. Адамдар үйлерінде оты­рып-ақ қымбат әтірлер сатып алды. Осылайша, «Ерін далабы индексі» тағы да өз-өзін дәлелдеген экономикалық гипо­теза ретінде нығая түсті. Қазір АҚШ-та бұл құбылыс қайта бай­қалып отыр. Sephora дүкендер желісі саты­лымының рекордтық деңгейге жет­кенін хабарлады, ал зерттеулер қымбат брендтердің косметикасы арзан компа­ния­лардыкіне қарағанда көбірек саты­лып жатқанын көрсетті. 2024 жылдың бірінші тоқсанында элиталық косметика сатылымы 9 пайызға өссе, қарапайым брендтердің өсімі тек 2 пайызға жеткен.

Инфляцияға төзімді тауар

Осылайша, экономиканың басқа салалары құлдырап жатса да, кос­метика сатылымы, әсіресе ерін да­ла­бы, инфляцияның қысымына аса беріл­мей­ді. Мұны, екінші жағынан, басқа да жа­нама факторлар арқылы түсіндіруге бо­лады. Алдымен, ерін далабының пайда мар­жасы өте жоғары. Бір далапты өндіру ш­амамен 2,50 доллар тұрса, дүкендегі баға­сы 35 долларға дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар косметика бағасы басқа салалардағыдай тез өспейді. Мысалы, NielsenIQ зерттеуіне сәйкес, АҚШ-та 2021 жылдың аяғында күнделікті тұтыну тауарларының бағасы 8 пайызға өссе, сұлулық және денсаулыққа арналған өнімдер небәрі 4 пайызға қымбаттаған. Екіншіден, косметика өндірісі азық-тү­лік немесе электроника сияқты энер­гия бағасына аса тәуелді емес. Бағаның өсуі­не тек қаптама мен тасымалдау шы­ғындары әсер етеді. Сонымен қатар ерін далабының өзін­дік символдық мәні бар. Тарихта қыз-келіншектер боянуды өзін-өзі көрсету, еркіндік пен тәуелсіздіктің белгісі ретін­де қолданған. Кейбір психологтар ашық түсті ерін далабын «қорғаныс құралы» деп санайды. Жарнамада да бір ғана далап сенімділік сыйлайтыны туралы «ұрандар» жиі кездеседі.

Осылайша, жыл сайын 500 миллиард доллар табыс табатын әлемдегі сұлулық индустриясы дағдарысқа төзімді екенін дәлелдеп келеді. Бұл құбылыстың екінші жағы да бар: егер белгілі бір елде опа-далап сатылымы рекордтық деңгейге жетсе, бұл экономикалық дағдарыстың бір белгісі болуы мүмкін.  Сұлулық қай кезде де қажет, сұлулыққа деген құштарлық қандай дағдарыс болса да бәсеңдемейді, қиын-қыстау, қысылтаяң шаққа қарамайды. Әлемді құтқаратын сұлулық емес, сұлулыққа деген кұштарлық пен ұмтылыс шығар...