«Менің Мағауинім»
Мағауиннің «Аласапыраннан» басталып, «Алтын Ордамен» аяқталған әдеби жолы қазақтың тарихы мен танымын түгендеуді басты миссия етті. Егер де ұлы қаламгердің артында 27 томдық тарихи мол мұра қалмаса, оны жазу біздің буынға міндет болып қалар еді. Сондықтан да, жазушы өзінен кейін әдебиетке келетін буынның жүгін жеңілдетті.
Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ, ақын, жазушы:
«Алтын орда» – 260 жылдық даңқты кезеңнің шежіресі
Ғаламат қуатты ойдың, аруақ қонған рухты сөздің иесі, тарихшы, жазушы Мұхтар Мағауиннің тарихи-танымдық сыпаттағы «Алтын Ордасы» – өз алдына жан-жақты зерттелген жеке еңбек. Былай қарағанда, алдында жазылған «Шыңғыс хан» төрт томдығының жалғасы іспетті. Орта ғасыр, соның ішінде Шыңғыс қаған заманын зерттеуде мүлде қара үзіп, дара шапқан жазушының «Алтын Ордасы» тарихымызды тануда аса қастерлі еңбек дер едік. Біздің даңқты бабаларымыз құрған, әуелде Жошы ұлысы аталған Ұлұғ Ұлыстың негізгі мұрагері саналатын бүгінгі Қазақ Елі үшін мән-маңызы айқын, ең толымды зерттеу. Аталған еңбекте осыған дейін өзгелер тарапынан тым қисынсыз бұрмаланған, оған ғаламды сендірмек болған, қызыл жүйе қалыптастырған қабаты қалың мың сан сеңді бұзады. Арғы Ғұн, Көк түріктері заманын қоя тұрыңыз, беріде қуатты жұрт ретінде ұйысқан, Ертіс пен Дунай арасын бауырына басқан империялық тарихымыздың жылнамаларында әртүрлі пікірлер төңірегінде әлі таласып келеміз. Соның бірі – Жошы ұлысының құрылуы турасында. М.Мағауин қаншама сенімді дерек көзіне сүйенген зерттеулері арқылы Ұлыстың өз алдында ту көтерген уақытын 1220 жылдан бастайды. «Алтын Орда» кітабында осы айтқан 1220 жылдан 1480 жыл арасында салтанат құрған көшпенділер империясының тұтас бір дәуірге жататын 260 жылдық даңқты кезеңін жан-жақты суреттеп береді. Екінші мәселе – былай қарағанда елеусіз саналатын, алайда жаңа Ұлыс тарихының басында тұрған, елемесе болмайтын оқиғалар мен нақтылауды қажет ететін деректерге барынша тоқталады. Мысалы, Шыңғыс қағанның даңқты немересі Бату хан бастаған әскердің нақты санын орыс тарихшылары өтірік жазып, лепірме дақпырттарға жол берген. Ары таманырақта Карамзин бастап берген 500 мыңнан құлдата келіп, С.Соловьевтің ұсынуымен Кеңес заманындағы оқулықтарға ресми 300 мың деп бекіген жалған деректердің бетін ашады. Тура сол кездегі Шыңғыс құрып кеткен аса алып қағанаттың ішкі-сыртқы жағдайларына талдау жасайды. Бату хан бастап баратын Батыс жорығынан бөлек, шығыста Солаңғы-Корея, Түстік қытайдың Сұң хандығы, Хорезмнің түстігіндегі керуен-сауда жолдары үшін аса қажетті Кәшімир тарабы секілді төрт бағытта жасалатын қатарлас жорықтарға қажет жасақ пен қағанаттың бар әскерін бастан ұрып санағандай түгендеп береді. Түйіндей келгенде, соншама байтақ жерде, отырықшы қуатты елдерді жайпап, Адрия теңізіне жеткен Батудың жасақ саны 70 мыңнан аспайды екен! Қош, делік. Мағауин әр сұраққа тоқтала келе, Бату ханның, оған ерген Шыңғыс тұқымдарының даңқын аспандатқан Орталық Еуропа майданындағы екі ұлы шайқасты тамсана жазады. 1241 жылдың 9-көкегінде болған атақты «Легница ұрысы», одан екі күннен соң 11-көкекте өткен «Шайо ұрысы» – тұтас Еуропаға үрей әкеліп, корольдерін қалтыратқан еді. Бату хан ашық дала, қорғансыз қыстақтардан қашып, еуропалық қамалдарға тығылған көп халықтың қан жағынан өздерімен жақындығы жоғын біледі. Шыңғыс қаған өсиетімен Батыс Түрік қағанатынан тарамдалған киіз туырлықты көп халықты бір ту астына жинауды мақсат тұтқан ол, ары қарай жорық ашуды қажетсіз деп санаған. Жеңімпаз қолын алып кері қайтар жолында, Үгетай қағанның тосын өлімі жайлы хабарды естіп, ат басын шұғыл кері бұрмағанда... Иә, Бату кері шегінбегенде қазіргі Еуропа картасы басқаша түзілері де сөзсіз еді. Сөйтіп, байтақ батыстағы үлкенді-кішілі соғыстар мен ғалам тарихында ғаламат ұрыс ретінде жылнамаға енген жоғарыдағы екі даңқты жеңістен кейін Алтын Орданың негізгі аумағы қалыптасқан-тұғын. М.Мағауин арғы-бергі тауарихты қаузап, сол заманның түрлі саяси жағдайын баяндай келе, Алтын Орданың ұзына тарихын мейлінше қамтып жазады. Бату ханнан кейін билікке келген Берке, одан соң Мөңке-Темір тұсында өткен «Талас Құрылтайынан» кейінгі Ұлыстың тұтас қағанаттан бөлініп, өз еншісін алуы өз алдына бір ұлы оқиға болатын. Таудай-Мөңке хан, Төле-Бұқа хан кезіндегі өтпелі жылдар мен Өзбек, Жәнібек хандар заманындағы ең ғажап, ең айбынды алтын ғасырларды тереңінен толғайды. Біз үшін ең өкінішті кезең – Бердібек хан бастап берген бүліктің ұзақ уақытқа созылуы, «Нар мойыны кесіліп, Бердібектің өлген жері...» дейтін тәмсілмен қатар осы қаражүрек ханның қолынан Бату тұқымының тұздай құртылуы, оған қабаттаса келген ауыр оба, оған жалғасқан ашаршылық. 1357-1377 жж. арасында, айналдырған жиырма жылда Алтын Орда тағында 25 ханның ауысуы Ұлық Ұлысқа келген ауыр апат болды. Бұл апат екен, алда ауыр зобалаң – Ақсақ Темір мен Алтын Орданың соңғы ханы, он бес жыл өкім құрған Тоқтамыс екеуінің арасында өткен қырғын жайы Мағауин еңбегінде айрықша талданып жазылады. Қанішер Ақсақ өзі қол бастап өткерген, тым аяусыз жүргізген шапқында Алтын Орданың 170 қаласын қиратып, байлығын тонап, халқын құлдыққа айдап әкетуі – өткен тарихымыздың аса қаралы беттері-тұғын. («Алтын Орда» томдығына қоса оның «Келде-мұнара» шығармасын оқысаңыз, Ақсақ Темірдің өз бауырларына қалай аяусыз, жосықсыз қанды қасап жасағанын түсінесіз). М.Мағауин аталған алып еңбегінде Жошы ханнан басталып, Батумен жалғасып, 1450-1460 жылдар аралығында Керей мен Жәнібек сұлтандардың Шәйбан ұрпағы билеп отырған Көк Ордадан бөлініп, Қазақ Ордасының құрылған кезеңімен түйіндейді. Ұлы жазушы, даңсалы тарихшы ғұмыры жетсе, Қазақ Ордасы тарихына қайыра оралып, оған да керемет бір том арнар еді. Қалайда, ғұлама жазушының мүмкіндігі жеткенінше атқарып, жазып кеткен теңдесі жоқ тарихи мұраларын талдап, түсініп, оқулықтарға енгізіп, ұрпақ жадына сіңіру біздің басты мақсатымыз болуға тиіс. Өзім де қал-қадірімше, шамам жеткенше жазып жатқан тарихи романдарыма Мағауин мұраларын алтын арқау, айбынды ту ететінім содан.
Арман ӘЛМЕНБЕТ, жазушы:
Мағауин Совет идеологиясын мойындамаған қаламгер
1991 жылғы желтоқсанда Мұхтар Мағауиннің жасы 52-ге таяп қалған екен. Одан кейін 33 жылдай өмір сүріп, дүниеден өтіпті. Менің ойымша, ол кісінің қызыл өкімет кезінде өткізген 52 жылы кейінгі 33 жылынан әлдеқайда жемісті, қазақ үшін құнды болды. Бұл – жазушының кейінгі пікірлері мен шығармаларын төмендету үшін емес, керісінше оған дейінгі еңбегінің бағасы қаншалық жоғары екенін жеткізу үшін салыстыру керек деп біліңіз. Революцияға дейінгі өмірді көрген зиялылар атылып, тірі қалғандары көндіккеннен кейін, Совет одағы деп аталатын елде туып-өскен жазушылар шықты. Бұл кісілер өкімет насихаттаған идеологияны сіңірді, іштей басқа пікірлері болса да, оны шығармасы арқылы оқырманға бере алғаны кем де кем. Жазғандары «классика» деп аталатын сөреге қосылатындардың ішінен өзім Бердібек Соқпақбаевтан, Мұхтар Мағауиннен, Оралхан Бөкейден ғана советтік идеологияға иланбау, онымен қоймай тар кеңістікке сыймай, бұлқыну белгілерін байқаған екенмін. Бердібектің уақытында жарияланбай қалған «Ергежейлі еліне саяхаты», баспаға кетерде «Өлгендер қайтып келмейді» романынан түсіп қалған аштық туралы тараулар, сол шығармасындағы соғысты сынап өтетін жолдары, «Менің атым Қожасындағы» тәртіпке бағынайын десе де бағына алмай жүрген Қожа мен Сұлтанның өзі-ақ түсінген адамға талай нәрседен хабар береді. Ал Оралханның Қоңқайы «суверинитетім бәрінен де қымбат» деп азаттық туралы ойын ашық айтады. Бүгінгі әңгімеміз Мағауин болған соң, әрі осы аты аталған үш жазушының ішінде совет өкіметіне қарсы идеяларды шығармаларына ең көп жасыра білгені де Мағауин болған соң, әңгімені сол кісіге қарай бұрайын. Жастау кезімде оқыған «Аласапыран», «Көкбалақ», «Тазының өлімі», «Шақан шері» сынды роман, повестерден санамда анық таңбаланып қалған бірнеше сөйлемді тауып алып, қайта оқыдым. Қазір мұндай идеяларды әркім-ақ біледі. Біреу терең түсініп, сезініп айтса, біреу ұрандатып айта береді. Ал оны Мағауин сонау алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдары айтқан екен. 1969 жылы жазған «Тазының өлімі» хикаятын былай деп аяқтайды: «Тазыдан қалған жалғыз белгі – ауыл еркектерінің басындағы түлкі тымақтар да көп ұзамай тозып бітті. Олардың орнын елтірі тымақтар мен арзан малақайлар басты. Өйткені Лашын осы өңірдегі асыл нәсілді ең соңғы тазы еді». Отарлыққа кіргенге дейінгі тектілігіміздің бір жұқанасы осылай жоғалды дейді. Одан соң бәрі тексіздікке бет бұрды, ендігінің адамдары да бастарына киген малақай секілді арзан дейді. Отарлаушы ел Тұран жолбарысының да түбіне жеткен екен. Ықылым заманнан бері көшпенділерді ес көріп тіршілік еткен жыртқыштың соңғысы қырқыншы жылдары Балқаш бойында аңшының оғынан өлгенін жазушы эпиграф етіп алады. Ал соңын былай деп бітіреді: «Тек суыра соққан меңіреу құм, қылтанақсыз тақыр, тамшы сусыз шөл... – адам баласы аласталған өлі аймақтардың барлығы да бір заманда нулы, дулы, жасыл жазира болатын деседі. Осыны ұмытпайық». Бұл 1984 жылы жазылған шығарма екен. Екі жылдан кейін Жазушылар одағында оқырмандармен кездескенде «Шақан шеріні» неге жаздыңыз деген мәндегі сұраққа Мағауин «...экология мәселесіне қалам тарту үшін жазылған шығарма ғой деп ойлаймын» деп жорта жауап береді. Әрине, экология дегенді адамзатта ерте түсінген басқа емес, біздің аталарымыз. Яғни, көшпенділер. Геноцид жасамай, табиғатты ластамай, бар-жоғы білінбей өмір сүрген. Бірақ Мағауин тек оны айтып тұрмағаны анық. Жерге иелік ететін адам болса, сол жерде жайылатын малдан бөлек аң мен құс та белгілі бір дәрежеде сол адамды пана тұтып тіршілік етеді. Мінекей, ғұнның кезінде, қағанат дәуірінде, орда заманында, хандық уақытында жоғалмаған жолбарыс қырқыншы жылдары тұқымы тұздай құрып отыр. Мағауин осыны меңзейді. Бізге сенген жолбарысты қорғай алмадық дейді. Тура осы жолбарыс секілді қаншама қасиетіміз келмеске кетті дейді. Революцияға дейін сендерде ештеңе болған жоқ дегендері өтірік, бұл далада көп нәрсе болған, бірақ оның бәрін құртқан, соны ұмытпайық дейді. Болған, бірақ кейінде айрылып қалған дүниелеріміздің ең үлкені – елдігіміз еді. Яғни, бұрын да мемлекет болғанымыз. Оны «Аласапыранда» ашық жазады. 1982 жылы шыққан сол романда қазақ елшісін орыстың мехмандары күтіп алатын мынадай тұс бар: «Шылбыр бойындай қалғанда екеуі де тоқтаған. Рәсімнің ең кіді, тайғақ тұсы да осы арадан басталады. «Аттан түсу керек, аттан түсу керек!» – деп сыбырлаған, бірге жүрген коломналық мехмандар өзінің тілмашы арқылы... ...Аттан, әрине, түсу қажет. Арттағы ақ патшаның құрметі үшін. Бірақ орыс бегінен бұрын табаны жерге тимеуі керек. Қаба сақал қарт мехмандар талай елшіні қарсы алған тәжірибелі кісі еді. Өз патшасының абыройы үшін, алыстан келген бейтаныс халықтың елшісін қалайда бұрын түсіруге тиіс. Қу азиаттың өз бетімен қозғала қоймасын байқады да, айла жасады. Аяғын үзеңгіден шығарып, аттан түсе бергендей ыңғай танытқан. Елші де лып етті. Бірақ мехмандар ат үстінде қала берген. Ал жас елші қулықты сәл кеш аңдағанымен, қолы ат жалынан, екінші аяғы үзеңгіден босамаған еді. Биік өкшелі саптама етігі жерге тиер-тимес қалыпта, ат қабырғасына асылып, тұрып қалды. Бұдан да ары бөгелу – әдепсіздікке саяды. Мехмандар асықпай аттан түскен. Екі жақтың да аяғы мұздақ қар үстіне бір шамада тиді». Мұндай дүниені совет кезінде жазу ерлік болса, оның кедергісіз басылып кетуін үлкен бір олжа деуге болатын шығар. Жалпы, Мұхтар Мағауин көбіне шығармасының соңында өз ішінде жатқан үлкен толқыныстарды ашық шығаратынын байқауға болады екен. «Аласапыранды» былай деп тәмамдапты: «Жер мәңгі. Ел де мәңгі. Қорғалап батқан күн қызара төңкеріліп қайта шықты. Шаңқай түс – алда». Мұны сол уақыттың адамдары орыс пен қазақтың қосылуына қатысты сөз, шаңқай түсі алдағы болатын революция деп ұққан болуы да мүмкін. Бірақ Мағауиннің көкейінде жатқан арман басқа болғанын бүгінде біз жақсы білеміз. Оның ойындағы мәңгі ел – қазақ, таң ататын кез – тәуелсіздік, шаңқай түс – біздің үлкен ел болатын болашағымыз. 1979 жылы жазып бітірген «Көкбалағын» былай деп түйіндейді: «Көкбалақ тұлпардай, кең сақараның төсінде мың сан жыл дүбір салған қайран халқым – бақытың әман басыңда. Талай шайқалсаң да жүрісіңнен танбадың. Шөке түсе жығылғанмен, тірсегің қиылмаған кешегі кер заман қайда қалды. Енді кім тоқтатар сені! Ұлы елім... Алып елім... Ертеңің ертегідей – бүгінгің де түс болар. Көсіле шапқан серпінді қимылың уақыт озған сайын екпіндей түсер...». Бұл үзінділер алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдары жазылып, кітап болып шыққанын тағы да бір естеріңізге салуға рұқсат етіңіздер.
Тізімбек АНАШҰЛЫ, әдебиеттанушы:
Мағауиннің «еуропалығы»
«Шипалы Арасан» – автордың ең озық шығармаларының бірі, кемелдік көрінісі, жазмышқа мойынсұнған һәм Тәңірі мойынға артқан міндетті қасқайып тұрып қарсы алған киелі мінәжат, дұға іспетті аса биік туынды. Мұхтар Мағауин таза махаббат тақырыбына үш шығарма арнаған. Алғашқысы – көпке таныс «Әйел махаббаты», содан соң, бұл тақырыптағы «арқауы босаң, сүлесоқ шығармалардың өзі далада қалмаушы еді» деп мүлдем жаңаша байыптағы «Өмір жырын» қағазға түсіреді. Әуелде асығына қолы жетпеген мас ғашықтың советтік жүйедегі трагедиялы хәлі, кейінгіде өмір көрген ересек адамдардың махаббат туралы пайымы барынша батыстық тұрғыда басқаша, шиеленісті, ширықпалы драмамен өрнектеледі. Ақырында, өнер адамына шығармашылық игілік, тың қуат әкелетін іңкәрлік және оның жазмышқа әсер-ықпалы, тағдыр жазуына қатысты кемел пікірлері, өмірлік ұстанымдары әйгіленетін Гөтенің соңғы махаббаты туралы хикаят –«Шипалы арасан» жазылады. Романдарында, басқа да әңгіме-хикаяттарында бұл тақырыпқа жиі соққанымен, осы аталған үшеуінде жазушының махаббат туралы көзқарасы толық көрініс табады. Хикаяттың тілі Гөтенің Ульрикаға деген нәзік те құмығыңқы махаббатын баяндайтын бастапқы бөлім байсалды, бірақ өте харизмалы ырғақта өрбиді, ал ұлы ақынның «Мариенбад элегиясын» қара сөзде қалыптайтын тұста мүлдем түлеп, поэтикалық сыпатқа өтеді, өлеңдей болып оқылады (Бұл элегияны біздің де қазақшалағанымыз бар, алайда хикаяттағы Мұхаңның қара сөз түріндегі еркін аудармасы нағыз поэзия сияқты да, менің өлең аудармам ұйқасына қарамай, не проза, не поэзия емес, екеуінің ортасында асылып қалды). Әдетте, поэзия сөз өнерінің басқа жанрларынан бөлініп аталады, өйткені өлең тілінде магия болады, әулиелік пен биік парасат нұры ұйып тұрады. Қазақ жазушыларының біразы прозаға өлеңнен келген. Ал жас, бозбала күнінен таза үлкен проза үшін дайындық көргендердің басында ұлы Мұхтар Әуезов пен Мұхтар Мағауин тұр. Жыр тілі мен проза тілінің аражігі әлі толық айқындала қоймаған уақытта қалыптасқан Мұхтар Әуезов алғашқы әңгімелеріндегі суық, байсал ағысты, кең тынысты проза тіліне өз оқырманын еріксіз бас игізеді. Сөйте тұра, «Қилы заманның» беташарында, «Қыр суреттерінде», эпопеяның көптеген тұсында поэзиядай оқылатын ұлы пейзаждар жасайды. Мұның бір сыры қазақ бейнелеу тілінің өлеңге жақын әуезділігінде жатса, тағы бір құпиясы – екі тұлғаның ілкідегі ұлы жырау бабалармен сабақтас, тамырластығында. Мұхаңның ең ұлы кейіпкері – қазақтың бас ақыны Абай болды. Мұхтар Мағауин қаршадай күнінде өзінен кейінгі бірқанша буынды тәрбиелеген жыраулардың теңдессіз мұрасын, басына төнген қауыштырды. Алапат жыр жолдары бүкіл жан-жүрегімен біте қайнасып кетті. Әдебиетке тек прозаик ретінде келсе де, екеуі де жазу тілін поэзияның деңгейіне көтерді. Көптомдықтың соңындағы дәйектерде Мағауиннің Еуропа жұртының классик қаламгерлері туралы үлкен мақалалар жоспарлағаны айтылады. «Гөте бірінші кезекте» (Едіге Мағауин) екен. Әрине, бұл жоба жүзеге аспай қалды. Мағауиннің 27 том мол мұрасының үштен екісінен көбі тәуелсіздіктен кейін хатқа түскен. Демек, өз өмірінің соңғы отыз жылында екі еседен артық еңбек етіпті. Гөте туралы көркем хикаят ғана жазылған. Қысталаң, тұтас отыз жылға созылған жазудың ауыр машақатында Гөтеге арнайы ат басын бұратынының басты себебі ұрпақ жалғастығында жатыр. Марқұм Әмірқан Балқыбек бір мақаласында «Мұқағалидың әлем әдебиетінде үш жүз досы болған» дейтіні бар. Бұл – Батысқа, Еуропаға табын деген сөз емес, атаққа шыққан қаламгерлеріміздің өзге әдебиеттің озық үлгілеріне сусындап өскенін айғақтайды. Гөтені Абай да жоғары бағалап, сөзін қазақшаға аударады. Иықтас, рухтас тұлға ретінде қызықтап оқиды. Неміс философиясы мен прозасын қадағалаған адам бұлардың барлығының Гөтемен рухани сұхбат құратынын байқар еді. Мұхаңның өзі де барлық шығармасы Гөтеден тамыр тартатын Томас Маннды үлгі тұтқан. Соңғы видеосұхбаттарының бірінде «Қазақ деген – менмін, Қазақстан деген – менмін» дейтіні ол да Америкада эмиграцияда болған Манның «Мен қайда болсам, Германия – сонда» дейтін сөзімен үндес. Бізде Мағауин туралы «Мүмкіндігі бола тұра ұлттық тақырыптан аспады» деген шолақ түсінік бар. Ол осы «Шипалы Арасан», «Шақан-Шері», «Көкбалақ» қатарлы таза ұлттық қалыптағы шығармаларында әлемдік биікке көтеріледі. Керек десеңіз, қазақтағы ұлттық әдебиет пен әлемдік әдебиетте айқын шекара жоқ. Әуезов бір сөзінде ұлтшыл ақын Мағжанның өзін «еуропалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін... Мәдениеті зор ақын... Қазақ қауымынан ертерек шыққандай...» дейді. Жаңағы пыш-пыш әңгімелер не көре алмаушылықтан, не оқымағаннан, болмаса қазақтың ұлттық әдебиетін пәс көретін кембағал түсініктен. Тұрсын Жұртбай бір мақаласында Мағауиннің қала мен дала тақырыбына еркін ауыса салатынына таңданады. Бұл шын мәнінде Мұхаңның ұлттық қалыбы мен еуропалық қалыбы туралы әңгіме болатын. Тұрсекең соны дәп басып танып отыр. «Шипалы Арасанда» Мағауин Гөтені әр жерде «ақсақал» деп жақын, етене сөздермен атап отырады. Тіпті, өз қауымынан шыққан үлкен аруақтардың қатарында осы Гөтенің де аруағына сыйынатындай. «Жақсының жаттығы жоқ» деген – осы.
Есбол НҰРАХМЕТ, жазушы:
Жас әдебиетші «Мен» романын оқуы керек
Мұхтар Мағауин – сөзсіз қазақ әдебиетінің аса биік тұлғасы. Прозаларын былай қойғанда, тарихи зерттеулері, жыраулар мұрасын тіріліткен «Алдаспан» пен «Қобыз сарыны», соңғы «Шыңғыс ханы» мен «Алтын Ордасы» ғасырдан-ғасырға кететін құнды туындылар. Ал менің тілге тиек еткім келетін шығармасы «Мен» ғұмырбаяндық хамсасы. «Ғұмырбаяндық» деп тақырып қойғанымен, «Мен» романы толыққанды өткен өмірдің естелігі емес. Бұл тек шығармашылық жолдың, әсіресе, Мұхтар Мағауин атты жазушының ішкі әлемінің суреті. Үлкен екі бөлімнен тұратын кітаптың бірінші бөлімі жазушының таза шығармашылық жолына арналса, екінші бөлімде ғылым жолындағы, әсіресе, жыраулар мұрасын зерттеуде кездескен кедергілері мен тығырықта тапқан жолы, басқан ізі толық баяндалады. Бұл кітап маған несімен ұнайды, несімен құнды? Менің дәл осы кітапты таңдау себебім, бұл – кез келген жазарман үшін аса құнды жолбасшы, өмірлік жазушы нұсқаулығы болатын еңбек. Өз басым осы тектес тағы екі кітапты жас жазарман міндетті түрде оқуы керек деп білемін. Оның бірі – Стефан Цвейгтің «Бальзагы», бірі – Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді түзе» зерттеу кітабы. Осы үш кітап жазушылық шеберлікті ұштап, оң бағыт береді деп білемін. Әрі қазір бойкүйездіктен құтыла алмай жүрген жастарға шабыт әкеледі, яғни мотивация сыйлайды. Мағауин – ежелден айтар ойын барынша ашық аңғартуға, шегелеп айтуға машықтанған жазушы. «Мен» романы – анық публицистикалық-тарихи бағыттағы кітап болғандықтан, бұл жерде әрбір ой толықтай ашық, түсінікті жазылған. «Автор мынаны айтқысы келді» деп бас қатыруды қажет етпейді. Мұхаң бұл кітапты жазу мақсатын: «Өткенді қайта тірілту емес, өзімді мақтау емес, ақталу, Тәңірі берген талаптың тасқа кетілгенін айта отырып, тағдыр-талайым арқалатқан уәжіп-парыздың біразы өтелмей қалғанына себеп-сылтау табу, Алла Тағалам бұдан ары азды-көпті ғұмыр сыйласа, қаламымды қатқыл, санамды ашық қылсын деген тілек нәтижесі. Адам алдындағы емес, аруақ, Құдай алдындағы есеп» дейді. Осы жерде кітаптың ең басты екі мақсатын анық көрсетіп тұр. Және сол екі мақсатқа да толығымен жеткен. «Менді» оқи отырып, совет заманында әр шығарманы жазып аяқтау бір іс, енді әрі қарай оны кітап етіп бастыру, оқырманға жеткізу бүгінгі еркін күннен әлдеқайда қиын болғаны көрінеді. Уақытты сонша ыңғайлы пайдалана алатын Мұхтар Мағауиннің осынша жылда неге аз ғана дүние жазғанын түсінесіз. Ең бастысы, қалай жұмыс істеу керек екенін танып, үлгі аласыз. «Мен» романының өзім үшін ең құнды тұсы «Қайткенде жазушы болуға болады?» деген сұраққа жауап беретін орта бөлігі. Онда әуелі анадан туған бойда болатын төрт шартты атап өтеді. Бірінші сөзге, әдебиетке деген бейімдік, яғни талант, дарын. Екінші, сезімталдық, адамды, табиғатты сезіне алу, мұны мен эмпатия деп ұқтым. Үшінші, қиялдың байлығы. Төртінші, пайымдай білу, бұл жерде парықтай білу, детальдарды тану, есте сақтау, әр адамның, заттың, табиғаттың өзіндік ерекшелігін тани білу қабілетін айтады. Осы төрт нәрсе бойында бар адам әрі қарай қопарып оқуы керек, тынбай еңбек етуі тиіс дейді. Кімді, нені оқу керектігі, өзі кімдерді оқи алғаны, кімдерге қолы жетпей, кеш жеткені туралы да айтып, өзінен кейінгі жас жазарманға өкінбестің жолын көрсетеді. Әрі автордың қазақ әдебиетінің болашағынан үмітті екенін аңғарамыз. Латын Америкасы мен жапон әдебиетінің даму жолдарын мысал ете отырып, келесі кезек Орталық Азияға да келіп қалғанын ишаралайды. «Мен» романы жазылмауы керек еді, «Мен» демей, басқалай атау беруі керек еді деген секілді сыпсың сөздер де өз уақытында көп айтылғанын білеміз. Бірақ соның көбі романды оқымай жатып туындағанға ұқсайды. Өйткені романның оқырман үшін де, кейінгі жас жазарман үшін де, тіпті Мұхаңмен қатарлас буынға да айтары бар еді. Роман 1996-1998 жылдар арасында жазылған. Автор өзі айтып отырғандай, тәуелсіздіктен кейін қазақ әдебиеті біраз тоқырауға ұшырады. Шығарма тым аз жазылды, аз жарық көрді, өте аз тиражбен тарады. «Қуат қайтқаннан емес, жазғанымыз жұртқа керек болмай қалғандай болды» дейді автор. Бұл күйді сол тұстағы барлық қаламгер басынан өткізгені анық. Ал Мағауиннің «Мен» романы осы бір үмітсіз шақта өзін қамшылау, өзіне есеп беру үшін де жазылғаны байқалып тұрады. Осыған дейінгі барлық шығармашылығын бір қорытындылап алып, әрі қарай жаңаша тың тыныспен еңбек етпекті мұрат тұтқандай. «Мен» романы – Мағауиннің өтпелі кезеңі болды, өткен шақтағы барша сәтсіздікпен, уайыммен осылай жазып қоштасты, өкпе-ренішін де, қапы қалған сәттерін де кестеледі. Болды, енді ол көңілден арылды. Алдағы шығармашылық жолға шындап бел буды. Сондықтан, «Мен» романы тек Мағауиннің ғана емес, тұтас қазақ әдебиетінің тоқыраудан алғаш жол тапқан, ертеңге үміт әкелген жолашар шамшырағы болды. Оны автор өзі сезінді, басқа да сезінген, түсінген оқырман баршылық деп ойлаймын. Бұл романды үмітсіз жылдардағы жазушының көңіл кестесі деу керек. Егер «Мен» жазылмаса, одан кейінгі ұлан-ғайыр еңбек, тарихи шығармалар, мақалалар да өз деңгейінде жүзеге аспас еді деген ой келді. Осы себептен, «Мен» романын автордың ең бір маңызды туындысы деп танимын. «Менді» оқу арқылы жас жазарман жазудың машақаты мен мұратын таниды, жауапкершілігін сезінеді. Үнемі жазудың, үнемі еңбектенудің әдетін қалыптастырады. Жазуға, оқуға, ізденіске шабыт алады. Осы романмен қатар Стефан Цвейктің «Бальзагын», Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді түзесін» қосып оқыған жас жазарман шынайы қаламгерлік жолды толық танып, қалай еңбек ету керек екенін, қалай іздену керек екенін ұғынады. Бұл кітапты ыждағатпен оқыған барша жазарманға Мұхтар Мағауиннің тәртібі мен еңбекқорлығы аз да болсын жұғысады деп білемін. Сол себепті, маған «Мен» романы – Мұхтар Мағауин шығармалары ішіндегі ең жақыны.
Жадыра ШАМҰРАТОВА, жазушы:
«Әйел махаббаты»
Мұхтар Мағауин «Әйел махаббаты» шығармасын Мопассанның «Орындық тоқушы әйел» әңгімесіндегі «Иә… шын сүйе алатын тек әйел ғана» деген сөзімен бастайды. Бұл шығармасын 21 жасында жазған екен. Бір қарағанда, жазушының айтып отырғаны қарапайым оқиға сияқты. Бірақ оқи бастағаннан байқайсың, бізді қызықтыратын нәрсе – оқиғаның соңы емес, сол жолдағы эмоциялар мен әрекет екен. Зияның Бағилаға айтатын сөздерінің эмоционалдық реңкі – өкініш пен өзін кінәлау. Бір кездері Зия Төлегеннің махаббатын қабылдамады, ал қазір, жылдар өткен соң, сондай адал махаббат иесін жоғалтқанына өкінеді. Төлеген сияқты жігіттер өмірде бар ма деген сұрақ қызық. Адал, сүйгеніне деген сезімі шынайы, бірақ әлсіз жігіт. Өмірде көрсең мүсәпір көрінуі мүмкін, қалай болғанда да көркем шығармадағыдай романтикалық асқақ образ деуге келмейді. Егер, жігіттің психологиялық жай-күйін сипаттасақ: романтикалық идеализация бар, ол Зияға сезімін өте биік деңгейге қойған, махаббатты өмірінің басты мәніне айналдырған, сүйген адамы жүректе ерекше орын алған, оған деген сезімін сөндірмей, сағыныш пен өткенге байланған, естеліктермен өмір сүрген. Зияның назарын аңсаған, оның жауапсыздығы жанын ауыртқан, бұл оны эмоционалды тәуелділікке әкелген. Осы өткенінің әділетсіздігі, махаббатының жауапсыздығы, таңдауының өз қолында болмағаны – Төлегенді құлатты. Медицинада бұған қатысты аддикция деген термин бар, Төлеген сол құлағаннан қайта тұрмады. Төлегеннің қалтасынан табылған хатта Абайдың: Сорлы асық сарғайса да, сағынса да, Жар тайып жақсы сөзден жаңылса да, Шыдайды риза болып жар ісіне, Қорлық пен мазағына табынса да, – деген өлеңінен үзінді бар. Лирикалық кейіпкер «сорлы асық» Төлегеннің өзі, сүйіктісіне деген сезімі азапқа салса да өз сезімінен бас тартпай кетті. Ешқандай шартсыз сүйіспеншілік идеясы. Егер біреу сүйгеніне табынып, қандай әділетсіздік болса да көніп жүрсе, ол махаббаттан гөрі тәуелділікке көбірек ұқсайды. Бұл жерде Зияның кінәсін жоққа шығара алмаймыз, о баста өзінің шынайы қалауын түсінбеген. Төлегенді соншама сүйіп тұрып, Арыстанға тұрмысқа шығып кетуінен, яғни әрекеттеріне қарап, ішкі сезімдерінің қайшылықты екенін байқауға болады. Сол кезде Төлегеннің ішкі әлеміне толық үңіліп, шын реакциясын көрсетсе, бұл оның өз өміріне деген көзқарасын өзгертіп жіберуі мүмкін еді. Төлеген Зияның жүрегінде болса да, өмірінде нақты орны жоқ болғасын мүлдем жоғалды. Қыз о баста шынайы қарым-қатынастан не күтетінін анықтамаған. Өзіне не керек: Арыстан бойындағы батылдық керек пе, сенімділік, тұрақтылық па, әлде Төлегеннің махаббаты ма? Бір қарағанда, көзімізге өз таңдауын тәуелсіз түрде жасайтын мықты адам болып көрінетін Зия өз сезімінен қорқады, мұны филофобия деп атайды (мұндай адамдар әрдайым сезімі бар, бірақ оны бақылауда ұстағысы келеді, ішкі тартыста, өз ортасының, өз комплексінің ықпалында болады), Төлегенмен жолығу Зияны өзгеше күйге түсіреді, бірақ қыз оның жанында эмоциясын жоғалтып, әлсіз болудан қорқатын сияқты да, осыдан да жігітті одан әрі қинап, оның қиналысынан рахат табатын секілді. Оқиға өзінен-өзі өрбігенін көрсек те, бірақ бәрібір, Зияға бір күні өзі үшін шешім қабылдауға тура келді. Зияның әйтеуір, бірдеңеге сенбегені анық. «Мұның бір себебі Төлегенде емес пе екен?» дейді бір ойымыз. Әдетте, әйел өзі ұнатқан жігіттің қасында өзінің әйелдік болмысын, жаратылысын толықтай қабылдайды. Ал кей жігіт қыз күткен тәуекелдерге бара алмауы, тек сөзбен жақын болғысы келуі мүмкін, бірақ шынайы өмірде әрекет етуге батылы жетпейді, оған кейбір принциптері мен ережелері шектеп, өмірден өз күткенін ала алмауына себеп болады. Мұндай сенімсіздікті әйел заты да сезеді ғой. Басында Зия Арыстанның ғалым ретінде болашағы зор деп, соны таңдап, өз өміріндегі тұрақтылықты дәлелдегісі келеді. Осылай Төлегеннен алыс кеткісі келеді, бірақ толық кете алмаған. Нүкте қойғандай болып, бірақ кейін өзі іздеуі осыны көрсетеді. Зия оны не үшін іздеді, оның бұған деген сезімі қаншалықты шынайылығын білмек болды ма, әлде тек өткеніне өкініп, бірдеңені қайтарғысы келді ме? Оның Төлегенге деген сезімін толығымен мойындамаса да, байланысын үзгісі келмей, астыртын әрекет ететіні тек жүректің қалауы ма? Ең соңында Төлегеннің махаббаты ешқашан әлсіз болмағанын, оның сезімінің құнын кеш түсінгеніне өкінгеннен де сүйегін алып, арулап көмді. Бұл – әділеттілік сезімін қайтару секілді нәрсе. Ақырында, өткеннің елесі, орындалмаған армандарының жаңғырығы маза бермей, күйеуімен ажырасып тынды. Әрине, Зияның біреудің некелі әйелі бола тұра бұрынғы махаббатын ұмытпауы, іздеуі, жындыханадан тауып алуы, қайтыс болғанда сүйегін әкелуі бір жағы адамшылық шығар, бірақ кей әрекеттері моральдық қағидалармен қайшы келеді. Көбіне өздерін екі таңдаудың арасында ұстап тұруға тырысатын: тұрақтылық пен қоғам алдындағы бейнесін де сақтағысы келетін, өздерінің жасырын қалауынан да бас тартқысы келмейтін мұндай адамдарды ақтауға бола ма? Зияның Төлегенді әлі жақсы көретінін байқаймыз, бірақ ол кімді, нені жақсы көреді: өткендегі бір сәттерді, Төлеген туралы ойды, естелікті, әлде оның шынайы өзін бе? Ең қиыны – осы қарым-қатынастың нақты анықтамасы жоқтығы. Өкініш, өшпеген естеліктер адамға не береді? Жанына ауырлық байлаған Зия енді өз ішінде бір тыныштыққа қашан келеді? Бұл – эмоциялық толқу сыйлайтын шығарма. Автор мұнда өз сүйгеніне құлдық ұрған, өзін толықтай құрбан еткен махаббат жайлы емес, ер мен әйел арасындағы махаббат тек сезім емес, сенім мен құрбандыққа да негізделетінін түсіндірген.
Қанат Әбілқайыр, жазушы:
«Он жетi әйел алған Исақан ағам» қандай әңгіме?
Бізді Мағауинге магниттей тартып тұратын не нәрсе? Оның «Көк мұнар» мен «Аласапыраннан» басталған соқталы туындыларын былай қойып, шағын әңгімелерінің өзі оқырман санасын мықтап, матап тастайтыны неліктен? Менің білуімде, Мағауин ой-қиялдан жиынтық образды кейіпкер жасаудан гөрі, керісінше сіз бен біз секілді ғұмыр кешкен пенделердің шынайы өмірін көркем шығармаға айналдыруды қалайтын қаламгер... Яғни, жазушы өмірдегі оқиғаларды, өзі көрген, сезінген, түйсінген жайттарды көркем туындыға айналдырумен шұғылданды. Сондай шығармалардың бірі – «Он жеті әйел алған Исақан ағам» атты әңгімесі. «Он жеті әйел алған Исақан ағам» атты әңгімеде бірнеше желі бар. Алғашқысы Исақан мен Әлиманың махаббаты, екінші желі – соғыс кезіндегі әйелдер проблемасы, үшінші желі – қазақы танымдағы артта ұрпақ қалдырудың маңызы, төртінші желі – көне жазбаларды кейінгі буынға аманаттау мәселесі. Бір ғана кейіпкердің өмірін қысқаша әңгімелеу арқылы бірнеше қоғамдық проблеманы қатар көтеру, әрине, оқырманды екі ұдай ойда қалдырары анық. Қайсы желінің ұштығын ұстарыңды білмей абдырап та қаласың. Бі-рақ қаламгердің шеберлігі біз сөз еткен желілердің ешқайсысына басымдық бермейді. Бір деммен, ызғытып отырып шығарманың аяғына бір-ақ жетесің. Бүгінгі әдеби таным тұрғысынан қарап, Мағауиннің қаламгерлік ұстанымына сыни көзқараспен де қарауға болар еді. Мәселен, Мағауин әңгімелеріне ортақ бір дүние, кейіпкерлерінің дені ықылым замандағы тарихтың, әдебиеттің, мәдениеттің жоқшысы болып жүреді. Я алашордашы, я қуғын көрген, я саясаттан таяқ жеген, я көне әдебиеттің һәм тарихтың білгірі. Жазушы кез келген шығармасының тінін «қиыннан қиыстырып», осындай кейіпкерлердің образына байлап қояды. Немесе, кейіпкерлерінің жанама қыры ретінде осы қасиеттер бойынан табыла кетеді. Жоғарыда «қиыннан қиыстыру» дегенді бекер айтып отырған жоқпыз. Он жеті рет үйленіп, төсек жаңғыртудың қазақы рекордын орнатқан Исақан қарияның образын сомдауда негізгі айтар ой көп әйел алу мәселесіне арналуы керек қой. Жазушы ретінде біз солай ойлаймыз. Бірақ Мағауин біздің таныммен келіспейді. Екінші дүниежүзілік соғыстың көркем шығарма тұрғысынан айтылуға тиіс бір ақиқаты бар. Соғыста қаншама боздақ шейіт кетті. Есік көрмеген бойжеткендер, жарынан қара қағаз келген жесір келіншектер кәрі-жас, шал-шауқан демей кездескен еркектің етегін ұстауға мәжбүр болды. Мағауиннің «Исақан ағасы», яғни кейіпкері сол заманның өкілі. Жай өкілі емес, алғашқы махаббаты Әлимаға қолы жетіп тұрып «Мен сені басыңа жаулық салар-салмастан жесір қалдырғым келмейді» деп соғыстың себебінен үйленбеген, майданнан келе сала сүйгенімен некелесіп, көп ұзамай айырылған, содан кейін шаңырағына әйел құтаймай, он жеті рет отбасы құрған, төртіншіде ме, бесіншіден кейін бе, Әлимаға қайта сөз салып, меселі қайтқан адам. Қызығы сол, туындыда Исақан-кейіпкер жазушыны Алматыдағы үйіне іздеп келіп, Әдеби зерттеу институтының қолжазба және архив бөліміне көне қолжазбаларды өткізеді. Олардың ішінде архив қабылдамаған «Бақырғани», «Софы Аллаяр», «Біржан-Сара айтысы», «Айқаптың» бес-алты саны, Абайдың 1923 жылғы жинағы және Шәкәрім қажының еңбектерін жазушы Исақан өмірден өткеннен кейін он жетінші жеңгесі Алмадан алғанын айтады. Әрине, өмірде оқиғаның дәл осылай өрбуі әбден мүмкін. Десе де, көркем туындының тақырыбы «көп әйел алу» хақында емес пе еді? Оқырманға Исақанның көне қолжазбаларды сақтаушы кейпінен гөрі Әлиманың, Әлима секілді Исақанға жар болған он жеті келіншектің қилы тағдыры қызықты емес пе? Қаламгер олардың жанына үңілуді, ішкі зар-запыранын, жанайқайын оқырманға жеткізуді, тұла бойын шымырлатып сезіндіруді неге мақсат тұтпайды? Біз, әрине, оқырман ретінде де, Мағауиннің соңынан ерген қаламгер інісі ретінде де мұндай сұрақтар қоюға хақылымыз. Десе де, әр буын әдебиетті әртүрлі қалыпта танитынын мойындамасқа шара жоқ! Мысалы, қазақтың көне жыраулары елдік мұратты туындыларына арқау етті. Рухты жырлары арқылы елдің намысын жаныды. Ал көне қисса-дастандардың міндеті негізінен уағыздық сипат пен моральдық танымды насихаттайды. Абай мен Ыбырай әдебиетті ағартушылық қызметке пайдаланып, сол үрдісті алашордашылардың басым бөлігі жалғады. Кеңестік кезеңдегі социалистік реализм жазу өнерін саяси үгіт-насихаттың құралына айналдырып жіберді. Біздің Мағауинге дейінгі және Мағауиннен кейінгі аға буын үшін де әдебиет «ұлттық нақышпен» көмкерілген, өткен тарих пен ұмытылған көне салт-сана, таным-түсінікті жаңғыртатын «құрал» іспетті болды. Яғни, жазушы әдебиетке емес, әдебиет жазушының дегеніне көнді. Біз сөз етіп отырған «Он жеті әйел алған Исақан ағам» да сол қалыптағы туынды. Мағауин әдебиетті тек көркемдік тұрғыдан қарамай, Алашордадан қалған ұлы идеяларға негіздеген қаламгер. Сол идея жолында ғұмырын сарп етіп, ұлтшыл, патриот буынның өсіп жетілуіне септесті. Мағауиннің «Аласапыраннан» басталып, «Алтын Ордамен» аяқталған әдеби жолы қазақтың тарихы мен танымын түгендеуді басты миссия етті. Егер де ұлы қаламгердің артында 27 томдық тарихи мол мұра қалмаса, оны жазу біздің буынға міндет болып қалар еді. Сондықтан да, жазушы өзінен кейін әдебиетке келетін буынның жүгін жеңілдетті. Мағауин шығармалары арқылы дүниетанымы қалыптасқан бүгінгі ұрпақ әдебиетті қалай таниды? Қазіргі қаламгерлер Мағауин жолымен идеяның жалына жармаса ма, жоқ әлде Исақан мен Әлиманың адамдық болмысын алға оздырып, ішкі әлеміне үңілуді жөн көре ме? Ендігі қойылар сауал осы болса керек!
Дүйсенәлі Әлімақын, ақын:
Америкада Мағауин Күмісбұлақта, мен Тұмандысайда тұрдым
2023 жылы Америкаға табаным тиген күннің ертесінде мен сонда тұратын ұлы жазушымыз Мұхтар Мағауинді іздедім. Жөнін біліп, Вашингтондағы Қазақстан елшілігіндегілер арқылы ол кісіге кездескім келетінін айттым. Бие сауым уақыттан кейін жауап та келді. Сөзінің ұзын-ырғасы мынадай: «Мен қазір «Алтын Орданың» соңғы жағын қағазға түсіріп, қайта қарап жатырмын. Сол үшін жақын арада ешкімді де қабылдамаймын. Іздегеніне рахмет, ренжімесін», депті. Заңғар жазушы солай деген соң, ренжіген де жоқпын, керісінше, ұлтымыздың тарихы мен мәдениетіне тағы бір сүбелі еңбек қосылатын болды деген қуанышпен мұхиттың арғы жағындағы күндерімді жалғастыра бердім. Бірде Вашингтон метросымен Мэриланд аймағына бардым. Диктор ағылшынша «келесі аялдама Силвр Сприң (қазақша Күмісбұлақ)» деп саңқылдады. Жүрегім біртүрлі болып кетті. Себебі мұнда Мұхтар Мағауин тұрады. Төртбұрыш терезеден сыртқа қарадым. Мағауин тұрған жер қалай екен деген ізгі ойдың ұшқыны шырмап алды. Дәл сол сәттегі менің жағдайым Париждің әлдебір көшесінен Хэмингуейді іздеген Маркеске ұқсап кетті. Бұл салыстыру асылық болар, бірақ мен тек көңіл күйді ғана салыстырып отырмын. Енді ойласам, бәрі өткінші сияқты. Кейін Мұхаң тұрған Күмісбұлаққа бірнеше рет бардым, бірақ кездесу нәсіп болмады. Көз алдымда ол кісі жазу үстелінде желетін жамылып, қазаққа қажетті дүниелерді тоқтаусыз жазып отырғандай елестейді де тұрады. Ал мұндай күйдегі қаламгерді алқын-жұлқын іздеп барып немесе қайта-қайта мазалай берудің өзі қиянат, асыра айтсам, қылмыс болар. Мұхтар Мағауиннің аты тек қазақ арасында ғана емес, шетелдерде де танымал. Бірде жетекшім Питер Роллбергпен бірге кезекті дәрістен шығып, Вашингтонның 21-көшесінде келе жаттық. Жаңа жылдың басы. Көшеде адамдар әрі-бері сапырылысып жүр. Үнсіздікті бөліп мен жетекшіме: «Сіз қазақта Мұхтар Мағауин деген жазушы барын білесіз бе? Жақында ғана оның «Тазының өлімі» атты шығармасының ағылшыншасын осындағы «Абай орталығында» жарияладық. Тыңдап көресіз бе?» деп телефонымнан аудио нұсқасын тыңдаттым. 18 минуттық шығарманы тыңдап болған соң, ол кісі сөз бастады. «Мен бұл шығарманың орысшасын оқыған сияқтымын. Бірақ қазір тағы да оқып отырмын. Автордың алғыр қиялы мен жазушылық шеберлігі бірден байқалып тұр» деген пікірін айтты. Дәл сол сәтте мен әйдік жазушымыз үшін қуандым. «Бұйырса, бұл жазушының «Шақан шері» атты романы ағылшын тілінде шығады алда. Сізге әкеліп беремін» деп уәде бердім. Сол уәдені де орындайтын күн туса игі еді. Бар өмірін ұлтының әдебиеті мен руханиятына арнаған ұлы суреткер туралы күнді түнге жалғап айтуға болады. Қалай десек те, Мұхтар Мағауиннің екінші өмірі енді басталды. Менің көкейімде қалған осы бір жылы сәттер ол кісіні үнемі еске алып тұруға жетелейді. «Егер, ол кісімен сонау Америкада, Мэриланд төріндегі үйінде кездессем, қандай әңгімелер айтылар еді? Ұлы қаламгер маған қандай кеңестер айтар еді?» деген сауалдар кейде санама сау ете түседі. Ал мен сол кезде ұлы жазушының рұқсатын алып, Америкадағы қазақтар мен Орталық Азия танушы ғалымдарға бір кездесу өткізсем деген үлкен мақсаттың жетегінде жүрдім. Бұл да жүзеге аспай қалған жоспардың бір парасы. Алыс Америкада Мағауин Күмісбұлақта, мен Тұмандысайда тұрдым. Арасы 80-90 шақырым ғана. Бірақ бізге жүздесу мүмкін болмады.
Бақытбек ҚАДЫР, жазушы:
Шығарма ішіндегі шығарма
Біз біршама нигилистеу ұрпақ болдық. Негізгі кезең – жиырма мен отыздың арасы. Көп нәрседен түгелдей бас тартпасақ та, қайта қарастыру тәрізді тенденция болды. Оған әсер екен фактор көп. Елдегі саяси системаның да әсері болған шығар. Әйтеуір сол сенімсіздіктер біздің басқа жаққа қарауымызға түрткі болды. Әдеби ізденістеріміз де – сондай, көбінесе шеттің дүниесі қызықтырды. Алдымыздан жаңа әлемдер ашылып жатты. Әрине, оның бәрі аударма. Соған сай, кей жазу-сызуымыздан да сондай бір «өзгешеліктер» қылаң берген сияқты. Бірақ түп-тамырдан нәр алып, өз қайнарыңнан қайнап шықпаған дүние қаншалықты шынайы болар екен? Екінші өзің де шөлдей бастайсың. Сөйтіп, тез оралдық, сөреде сіресіп совет заман әдебиеті тұр. Ашып оқуға құлқың жоқ. Осы кезде қолымызға Тәуелсіздіктен кейін, жаңа заманда жазылған Мұхтар Мағауиннің екі том әңгімелері түсті. Нәнталап студенттік шақта бұл біз үшін өзгеше бір құбылыс болды. Оқысаң болды, жоның күжірейіп, өзіңді өжет әрі еркін, азат, рухы асқақ адам сезініп, тіпті лекторлардың өзіне мұрын шүйіре қарайтындай жыл бітіріп қойғаны бар еді. Мағауин бізді өз заманындағы әдебиетке тартты. 60-жылғылардың соңына түстік. Есімі көбірек таныс Әбіш, Төлен ағаларды айтпағанда, Сайын, Қалихан, Ақан, Тынымбай, Тобық тәрізді жазушыларды таптық. Олай дейтініміз Мағауин мен Әбіш өз көңілдерінен шыққандардың бәрін жазып отырды. Кемеңгер жазушы М.Мағауин біздің өмірімізге, шығармашылық жолымызға осылай әсер еткені рас. Біз оның жазушы адамның қандай болу әдеттерін үлгі тұттық. Мағауин шығармаларын түгелдей дерлік оқыдық. «Тамыздан кейінгі әңгімелер», «Еркіндік бастауындағы екі әңгіме» деген секілді топтамамен шыққан жаңа әңгімелері, одан әрідегі «Қияндағы қыстау» дейтін жинағы, «Көкбалақ», «Көкмұнар», «Сары қазақ» секілді еңбектері де оқылымды болды. Ал «Шаһар шері», «Тазының өлімі», «Мен» секілді шығармалар жазушы шығармашылығының шыңы. Маған осылардың ішінде бір ерекше көрінген шығарма – «Салахаддиннің үкімі» деген әңгімесі болды. Ол шығарманы озбырлыққа, қиянатқа, империялық езгіге, әдейі жасалған геноцидке шығарылған үкім деп ұқтым. Шығысқа тән қиссабаян. Ортағасырлық немесе Алтын орда дәуірінде жасалған әдеби жауһарлардың лебі еседі. «Мың бір түн» хикаяттарына тән әңгіме ішіндегі әңгіме, уақиға ішіндегі уақиға, бір сандықты ашсаң тағы бір алтын сандық ашылады. Мағауин формалық ізденістен де олжасыз оралмайтын. Ал «Салахаддиннің үкімі» қайта тапқан алтынымыз еді. Мағауин туралы көп нәрсе айтуға болады. Бірақ өзінен асырып айту қиын. Өйткені Мағауин туралы өзінен асырып жазған ешкім жоқ.
Әзірлеген – Т.ТАҢЖАРЫҚ