Түйткіл басы - дәрігер тапшылығы

Түйткіл басы - дәрігер тапшылығы

Түйткіл басы - дәрігер тапшылығы
ашық дереккөзі
Еліміздің мемлекеттік емханаларында дәрігер тапшы екенін басы ауырып, балтыры сыздағанның бәрі біледі.  Ұзын-сонар кезекті күтем дегенше сырқаты асқынып, дертіне дерт қосып қайтатындар аз емес. Емдеу мекемесінің табалдырығын тоздырса да,  ауруына шипа таба алмаған жандардың бірі – елордалық зейнеткер Өмірзақ Тайжанова. Дәрігерге кіре алмай сағы сынған Өмірзақ әжей № 5 емхананы аралап жүрген денсаулық сақтау министрінің көзінше астаналық ақ халаттыларға бар өкпесін жайып салды. Емхана 1,5 ауысымда істейтінін, кезексіз тәулігіне 900 адам қабыл­дайтынын, науқастар дәрігердің қабылдауына алдын-ала жазылатынын баяндап, министрге емдеу мекемесінің жетістіктерін ғана тізіп берген бас дәрігерді жерге қаратқан науқас мұның барлығы жалған екенін айтты. 70 жастағы зейнеткердің айтуынша, емхана дәрігерлері оған жөні түзу ем жазып бере алмаған. Жүріп-тұруы қиын қария тегін берілетін дәрісін де ала алмай жүр екен. Өмірзақ Тайжанова хирургтың қабылдауына кіру үшін қалалық Денсаулық сақтау басқармасына шағымдануға мәжбүр болғанын да жасырған жоқ. «Бұрын біз дәрігерге алдын ала жазылып қоятынбыз, қазір медбике жазып алады, ол – осы емхананың «құдайы». Тәртіп жоқ. Хирургқа кіру үшін министрліке қоңырау шалдым. Сосын олар мені хирургке жазды», – дейді науқас. Елжан Біртановтың алдында ұятқа қалған №5 емхананың бас дәрігері Алтыншаш Табылдина емделушінің айтқаны рас екенін мойындады.  «Науқастың сөзі рас, салалық мамандарға учаскелік дәрігер жазып алады. Бұл мәселе көптеген пациенттерге ұнамайды, біз түсіндіруге тырысамыз, алайда көбісі оны түсінбейді. Қолда ЭКГ болмаса, кардиолог маманға барудың қажеті қанша? Қажеті болмаса, онсыз да үлкен салмақ салынып отырған салалық маманға пациенттерді жіберу қисынсыз», – деді Табылдина. Емханадағы жанжалға куә болған денсаулық сақтау министрі мәселеге байыппен қарап, түйткілдің неден туындағанын түсіндіруге тырысты. «Бұл жерде маман тапшылығынан осындай мәселелер туындап отыр. Бүгінгі біздің басты мақсатымыз –  жекеменшік медициналық орталықтар мен жеке дәрігерлерді кепілдендірілген тегін медициналық қызметтер жүйесіне және медици­налық сақтандыру жүйесіне тарту. Бұл – адамдардың салалық маманды таңдап, оны үш ай күтпестен емінен өтуге мүмкіндік береді. Егер маман соншалықты сұранысқа ие болса, оны күте тұруға да болады, дегенмен таңдау көбірек болуы тиіс. Біз барлық мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарды жалпы денсаулық сақтау жүйесіне тартуымыз қажет. Бүгінде мемлекеттік медициналық мекемелерде кезектер көп, мамандар тапшы, тарифтер төмен, содан дәрігердің де жалақысы аз. Жекеменшік сектор өте қарқынды дамып жатыр, нарықтық бағалар, әрине, содан кейін дәрігерлер сол жаққа кетіп жатыр. Осы екі жүйені біріктіру керек», –  деді Елжан Біртанов.  

Жекеменшік емханаларда маман көп, емделуші жоқ

Ауруы жанына батқан адам үшін ажалдың арашасындай көрінетін дәрігерлердің аздығы қоғам үшін өзекті мәселеге айналды. Сала мамандарының айтуынша, ақ халаттылардың тапшылығы – қолдан туындатып отырған түйткіл. Мемлекеттік емхана мен мемлекеттік ауруханада жоқ дәрігер маманды жекеменшік медициналық мекемеден оңай табуға болады. Өйткені жекеменшік емханада жалақы жоғары. Есесіне, ондағы  қызмет түрі мемлекеттік мекемедегіден 10 есе қымбат. Удай бағаны қалта көтере бермейтіндіктен, дертті жандарға мемлекеттік емханалардағы ұзын-сонар кезекті күтуден басқа амал қалмайды. Бұл мәселе Парламентте де талай мәрте талқыланған. Өткен жылдың соңында ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Денсаулық сақтау министрінің  атына сауал жолдаған депутат Надежда Петухова Астанадағы қалалық аурухана мен емханалардан дәрігерлер республикалық және жекеменшік мекемелерге кетіп жатқанына алаңдаушылық білдірген еді. Депутаттың айтуынша, 2016 жылдың 9 айында денсаулық сақтау басқармасына қарасты медицина ұйымдарынан 1292 медқызметкер кеткен. Оның 550-і – дәрігер. «Кадрлардың қалалық мекеме­лерден кетуінің басты себебі  жұмыс жүк­темесінің жоғарылығына, шұғыл тәртіппен атқарылатынына қара­мастан, оған төленетін жалақының төмендігі болып отыр. Жалақының аздығы стационардағы медициналық қызметтерді өтеудің объективті емес тарифтерінің салдарынан қалыптасып отыр. Бұдан бөлек, қаржы үнемделмегендіктен қызметкерлердің еңбегін қосымша төлемдермен ынталандыру мүмкіндігі де қарастырылмаған. Яғни сараланған төлем жасап, республикалық мекемелер мен жекеменшік ұйымдардағы жалақыға тең келетін жалақы белгілеуге мүмкіндік болмай отыр», – деді халық қалаулысы. Сонымен қатар, ол Үкіметтің елордада жоғары технологиялармен жабдықталған жаңа емханалар салуға қажетті қара­жаттар бөліп отырғанын, алайда медицина мамандарының жоқтығы медицина қызметінің сапасын төмендететінін атап өтті. «Қалалық денсаулық сақтау жүйесіндегі кадрлық тапшылық медицина білімнің жаңа жүйесіне өту кезеңінде өршуі әбден мүмкін. Биыл ескі жүйе бойынша интерн-дәрігерлер соңғы рет шығарылатынын ескерсек, жаңа мамандар 3-5 жылдан кейін ғана қатарға қосылады», – деді Н. Петухова.  

Өңірлерде білікті мамандар тапшы

Дәрігер тапшылығы астаналық­тар­дың ғана емес, аймақ тұрғындарының да бас ауруы. Ақ халаттылардың аздығы, әсіресе, Алматы облысы үшін күрмеуі көп түйткіл болып тұр. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің мәліметінше, қазіргі таңда өңірде 4500-ден астам дәрігер жұмыс істейді. Ал орта буындағы мамандардың саны 16 мыңға жуықтаған. Десе де, облысқа әлі де 170-тен астам білікті маман қажет. Аймақта гепатолог, гематолог,  нефролог, аллерголог сынды мамандар жетіспейді. Облыстағы кадр мәселесін шешу үшін медицина мамандарын даярлап жатқан ЖОО-мен арнайы келісімшарт жасалыпты. Ондағы мақсат – болашақ дәрігерлерді Алматы облысына тартып, мамандар тапшылығын жою. Алайда орталықта өсіп-өнгісі келетін жастар шалғайдағы ауылдарға барып жұмыс істеуге құлық таныта бермейді. Атырау облысында да білікті дәрігерлер қат. Салдарынан аймақтағы озық технологиямен жабдықталған клиникалардың жұмысы ақсап тұр. Медициналық мекемелерге 144 маман жетіспейді.  Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыровтың айтуынша, өңірдегі емханаларға жалпы практикалық дәрігерлер, акушер-гинекологтар, реанимотологтар, неонтолог дәрігерлер ауадай қажет. Қазір облыс дәрігерлері мен орта буынды медицина қызметкерлерінің 25 пайызы зейнет жасына жеткен. Мәселені шешу үшін жергілікті билік арнайы жоспар құрып, 22 млрд теңге бөлген. Бұл қаражат сырттан келген мамандарды тұрақтандыру жұмыстарына, мамандарды бас­па­намен қамтуға, сондай-ақ ауылдық жерлерге жолдама алған жастарға қар­жылай қолдау көрсетуге жұмсалмақ. Ал Ақмола облысының медици­налық мекемелеріне  акушер-гине­колог, анестезиолог, психиатр және онколог, аллергологтар – жалпы саны 150-ден астам дәрігер қажет. Жыл сайын медициналық оқу орындарына облыстан арнайы грант бөлінгенімен, бұл мәселе әлі күнге дейін толық шешілмей келеді. Күн жылынып, көк шөп қауласа, аллергиядан көз ашпайтын ақмолалықтар, әсіресе, аллерголог маманның жоқтығынан қатты қиналуда. Дегенмен жауапты мамандар бұл проблеманы алдағы уақытта шешеміз деп сендіріп отыр. «Біздің науқастар қараусыз қал­майды. Оларға басқа дәрігерлер мүмкіндігінше көмек көрсетуде. Мысалы, аллергия поллиноз болса, онда мұнымен лор-дәрігерлер айналысады. Ал теріге байланысты аллергия болса, оларды дерматологқа жібереміз. Ал диагнозы тіпті анықталмаған жағдайда квотамен Астана қаласындағы республикалық диаг­ностикалық орталыққа жөнел­теміз»,  – дейді облыстық ден­саулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Сергей Киласев. Батыс Қазақстан облысындағы денсаулық сақтау саласының тізгінін ұстап отырған мамандар медициналық мекемелердегі кадр тапшылығын шешудің бірден бір жолы ретінде жергілікті емханаларға оқуды енді ғана бітірген жас мамандарды тартудың қамына кіріскен. Бүгінде өңірде 55 дәрігер жетіспейді. Атап айтқанда, педиатор, акушер-гинеколог, кардиолог, гастроэнтеролог дәрігері аз. Сондықтан жергілікті билік жас түлектердің жағдайын жасап, өткен жылдан бері 80-ге жуық маманды жұмысқа орналастырды. Солардың бірі – Ақтөбедегі медицина университетінің түлегі Әйгерім Отарова. Оның жұмысқа орналасқанына 7-ақ ай болған. Қазір Оралдағы емханалардың бірінде жалпы тәжірибелі дәрігер болып қызмет атқарып жүр. «Күйеуім де осы салада жұмыс істейді. Оқуды бітірген соң қол ұстасып, туған қаламызға оралдық. Жұмысымыз қиын болса да қызықты. Алдыңғы толқын әріптестердің қамқорлығын ылғи сезініп жүреміз. Осындағы тәжірибелі, бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан дәрігерлер, терапевтер, педиатрлардан кеңес аламыз. Өзіміздің меңгерушіміз де қолдан келгенше көмегін аямайды», – дейді жас маман. Облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масы басшылығының айтуынша, биыл өңірдегі емханаларда Әйгерім сияқты жас мамандар қатары арта түспек. Жыл соңына дейін облыстың емдеу мекемелері жүзге жуық жас маманмен толығады. Ақтөбеден келетін 81 дәрігердің тең жартысы ауылдық жерлерге жолданады. Олардың 71-і интернатураны бітірсе, ал қалған 10-ы резидентураны тәмамдапты.  

«Кезексіз емхана» мәселені шеше ала ма?

Парадоксты қараңыз: дәрі­гер­лердің саны жөнінен республикамыз да­мыған елдерді басып озыпты. Бірақ ем­ханаларда ақ халаттылар тапшы, санаулы маманның есігіне телміріп, кезек күткендердің қарасы қалың. Жуырда Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында осы кереғарлықты жоюдың жолын табу мәселесі сөз болды. Емханаларда дәрігерлердің қа­былдануына жазылудың, та­лон алудың қиындығына ел тұрғын­да­рының шағымы көп екенін Үкімет мү­шелері тегіс хабардар екен. Аймақтарда маман жетіспейтінін, ал бар дәрігерлер науқастарды жарты күн ғана қабылдайтынын Денсаулық сақ­тау министрі де мойындады. – Халықтың дәрігерлермен қам­тамасыз етілуі Қазақстанда, тіпті, ЭЫДҰ-ға кіретін дамыған елдер­де­гіден де жоғары. Медбикелерге қатысты көрсеткіш осы ұйым мүшелерінің деңгейіне шамалас. Алайда бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде айтар­лықтай теңгерімсіздік сақталуда. Осыған байланысты біз дәрігерлерді денсаулық сақтау жүйесінің базалық деңгейлеріне, яғни амбулаторияға баруға ынталандыру және соған бекіту тетіктерін түзудеміз, – деді Е.Біртанов. Министрдің айтуынша, елімізде  мед­бикелер енді модернизацияланған білім беру жүйесі бойынша даяр­ланатын көрінеді. Бұл бағытта Фин­ляндияның «Қолданбалы бакалавриат моделі» жобасын енгізу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Осы жоба аясында қазір 6 пилоттық колледжде 320 адам даярлануда. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының 1-жылғы қорытындысы бойынша аралық есеп берген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов оның аясында «Кезексіз емхана» атты пилоттық жоба қолға алынғанын атап өтті. «Диспетчерлік қызмет, ересектер­ге, балаларға, қарттарға арналған тіркеу бөлімдері (регистратура), сall-орталық, пациенттердің дәрі­гер қабылдауына алдын ала жа­зы­луы ұйымдастырылды. Әртүрлі дереккөздерден алынған ақпарат­тар­ды реттестіріп, біріктіру үшін Қазақстанның әрбір азаматына арнал­ған «Денсаулықтың электрондық төлқұжатын» ұйымдастыру жобасы іске қосылды. Биыл бірқатар емха­наларда бұл жүйені пилотты түрде жүзеге асыру жоспарланып отыр», –  деді министр. Е.Біртанов «Денсаулық» мем­ле­кеттік бағдарламасы аясында биыл Президент Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыруға да ерекше ден қойылатынын айтты. Осы орайда министр Жолдауға байланысты өз саласына қатысты 5 бас­тама көтерді. Бірінші бастама – денсаулық сақтау жүйесін емделушілер мұқтаждығына бағдарлау. Яғни, «бүкіл цикл бойында медициналық көмек көрсетудің интеграцияланған үлгісін енгізу, денсаулық сақтау жүйесін емделушіге бағыттау тұрғысынан қайта құру» көзделіп отыр. Екінші бастама – отандық денсау­лық сақтау стандарттарын ЭЫДҰ ұсынымдарына сәйкестендіру. Оның аясында министрлік жеке медицинаның дамуына қойылған кедергілерді жою, мемлекеттік функцияларды тәуелсіз кәсіби ортаға беру және дәрі-дәрмектердің бағасын мемлекеттік реттеу бойынша көрсеткіштерге қол жеткізу мақсаты қойылған. Үшінші бастама ретінде инфра­құрылымды қайта құру, денсаулық сақтау саласындағы адами ресурс­тарды басқару ісін жаңғырту жоспарлануда. Ал төртінші бастама – медициналық сақтандыру жүйесінде іске асырылатын қаржыландырудың икемді жүйесі болып табылады. Бесінші бастама – жүйені басқару кезінде ашықтық және емделушіге есеп беру тәртібін қамтамасыз етуді қарастырмақ. «Барлық бастамалардың түпкі мақсаты – жаһандық бәсекелестік жағдайында цифрландыру және ақпараттандыру мүмкіндіктерін пайдалана отырып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімділігін және сапасын арттыру», – дейді ведомство басшысы. Министрдің бастамалары орынды-ақ. Әйтсе де, бастаманы көтеру бар да, оны іске асыру бар. Бізде әдетте қағаз жүзіндегі іс пен іс жүзіндегі шаруа бір-біріне кереғар келіп жатады. Себебін іздесең, қаржының дұрыс игерілмеуі, қолды болуы, дайындықтың шалалығы, түсіндіру жұмыстарының мардымсыздығы секілді жең ұшына жалғанған түйткілдер алдыңнан шыға келеді. Үкімет отырысында Бақытжан Сағынтаевтың Денсаулық сақтау министріне реформаларды іске асыруға дайындықты пысықтауды қатаң ескерткені сондықтан. Премьер-министр, әсіресе, медициналық сақтандыру жайын ақпараттық-насихаттау бағытында үлкен жұмыс жүргізуді тапсырды. Егер реформа сәтсіздікке ұшырар болса, халықтың билік бастамаларына сенімі жоғалады. Ел сеніміне селкеу түссе,  еңбектің өнбегі болмайды.