Гүл сыйлау дәстүрі қашан және қайда пайда болған?
Гүл сыйлау үрдісінің пайда болуы туралы нақты деректен гөрі аңыз көп, дегенмен әлемнің түкпір-түкпірінен табылған заттай дәлелдер бізге ең көне гүл сыйлау дәстүрлері туралы ақпарат береді.
Батыста гүл арқылы діни рәсімдер де өткізілген, ежелгі гректер құдайларды, билеушілерді және ақылымен, батырлығымен танылған адамдарға гүл шоқтарын сыйлаған.
Ал Үндістанда гүлдестелер құдайлардың мүсіндеріне қойылса, Жапонияда ежелгі дәуірден бері сакура, хризантема және басқа өсімдіктердің гүл атауына орайластырылған мерекелер бар. Жапондардың дәстүрлі икебана өнерінің де тамыры тереңде жатыр, қазір оны бүкіл әлемнің флористері қолданады.
Уақыт өте келе дәстүрлер басқаша сипат ала бастады, Еуропа патшаларының сарайларында гүлге байланысты жаңа дәстүрлер қалыптасты. Мәселен, патшалар мен императорлардың сарайларында гүл өсіріп, бөлмелерді гүл шоқтарымен безендіретін арнайы дайындалған бағбандар мен декораторлар пайда болды. Римде, император Неронның билігі тұсында, мерекеге шақырылған дворяндарды гүл күлтелерін шашып қарсы алу үрдісі қалыптасты. Шығыс билеушілерінің де хризантема мен таушымылдыққа толы үлкен бақтары болды. Уақыт өте келе, патшалардың бұл дәстүрлерін байлар қайталай бастаған. Олар гүлдердің қымбат әрі жаңа сорттарын сатып алып, таңғаларлық композиция жасауды бәсекеге айналдырды.
Осылайша, ортағасырлық Еуропада басталған гүлге табынушылық шарықтау шегіне Нидерландта жеткен: сирек кездесетін гүлдің 3 дана пиязшығын Амстердамдағы үйге айырбастаған жағдай болған екен. 1840 жылы Жюль Лашом (Jules Lachaume) Парижде өзінің әйгілі гүл дүкенін ашты және ол әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр, әу бастағы ерекшелігі мен танымалдығын да жоғалтпаған. Жюль Лашом тұңғыш флорист деп есептеледі және 1847 жылы гүл шоғын жинау мен безендіру туралы алғашқы кітаптың авторы саналады.
Ресейде XVIII ғасырға дейін гүл сыйлау дәстүрі болмаған. Мұнда гүлдер сый ретінде емес, әдет-ғұрып, салт-дәстүр және діни рәсімдерді атқару кезінде пайдаланылған. Бірақ гүл өсіру мен флористиканың дамуы бұл елді де айналып өтпеген. Гүл сыйлау үрдісі Ресейге XVIII ғасырда, романтизм дәуірінде, Романовтар әулетінің тұсында келген деген дерек бар.
Ал біздің еліміз қызғалдақтың отаны саналады. Қоғамда қызғалдақтың отаны Нидерланд деген де пікір бар. Алайда ғалымдар мұны бұрыннан жоққа шығарып келеді. Шамасы, бұл пікір осы елдегі қызғалдақ экспортына қатысты туындаған болса керек. Қызғалдақ алғаш рет Нидерландқа XVI ғасырдың ортасында Түркиядағы неміс елшісі арқылы келген деген дерек бар. Сәуір айының соңында гүлдеп, бар-жоғы 15 күн «өмір сүретін» қызғалдақ наурыз мейрамының символы саналған. Елімізде қызғалдақтың 32 түрі өседі, ал оның 12-сі біздің жерімізде ғана кездеседі. Ел ішіндегі шеберлер қызғалдақты алтын жіптермен түрліше кестелеген, ою-өрнекте де көрініс тапқан, бірақ ешқашан гүлді жұлып, сыйлау, безендіруге қолдану үрдісі болмаған. Керісінше, кез келген жас өскінді жұлуға тыйым салған. Мысалы, Жетісудағы «Теңдік» қорғанынан табылған біздің дәуірімізге дейінгі III-II ғасырлардағы сақ патшалары мен көсемдерінің киімдері қызғалдақтармен безендірілген. Сондай-ақ бұл гүлдер Орта Азия аумағынан табылған Х-ХІІІ ғасырлардағы қыш бұйымдарда бейнеленген. Қызғалдақтарды Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жіңішке кірпіштерінен және Отырар қаласының ортағасырлық керамикаларынан байқауға болады. Кей деректерде гүл сыйлау дәстүрі біздің жерімізге XIX ғасырда өнер адамдарына деген құрмет белгісі ретінде сыйға тарту үрдісі ретінде келгені айтылады.