Сағынтаев: Қазақстанда өнеркәсіпті жаңғыртудың Кешенді шаралары қабылданады
Сағынтаев: Қазақстанда өнеркәсіпті жаңғыртудың Кешенді шаралары қабылданады
Бақытжан Сағынтаев Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдерімен өндірісті технологиялық жаңғырту мәселелері бойынша кездесу өткізді. Бұл туралы primeminister.kz сайтында хабарланды.
Кеңес барысында Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаев пен өңірдегі ірі кәсіпорындардың өкілдері сөз сөйледі, олардың ішінде «ERG» Директорлар кеңесінің төрағасы А. Машкевич, «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Т. Есенғұлов, «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС технология және сапа жөніндегі директоры М. Ибрагимов, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары А. Топчиев, «Айс+» ЖШС директоры Қ. Ищанов, «АltynEx company» АҚ бас директоры О. Түзелбаев, «Каспий плюс» ЖШС коммерциялық директоры С. Жабаев бар. Кездесуге қатысушылар Премьер-Министрге өз кәсіпорындарын жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жаңа технологиялардың енгізілуі туралы айтып берді. Баяндамаларды тыңдаған Б. Сағынтаев дәстүрлі секторлар мен қызмет көрсету саласының тоғысында туындайтын жаңа индустрияларды кеңінен тарату мәселесін әкімдік ерекше назарға алу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар ол Елбасы өзінің Жолдауында әкімдіктер жұмысының тиімділігін құрылған жұмыс орындарының санымен бағалауды белгілеп бергенін еске салды. Өз сөзінде Б. Сағынтаев Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономиканы үдемелі технологиялық жаңғыртуды еліміз үшін жақын болашақтағы басты басымдықтарының бірі ретінде айқындағанын атап өтті. Мәселен, Үкімет алдында сандық технологияларды және «Индустрия 4.0» төртінші индустриалық төңкерістің элементтерін қолданумен құрылатын жаңа индустрияларды кеңінен тарату міндеті қойылғанын айтты. Б. Сағынтаев Үкімет бұл жұмысты жүргізу үшін қажетті жағдайларды жасауға кірісіп кеткенін баса айтты. Дәлірек айтқанда, биылғы жылдың соңына дейін өнеркәсіп секторларын технологиялық жаңғырту бойынша 2025 жылға дейінгі Кешенді шаралар қабылданатын болады, онда тиісті құралдар мен тетіктер қамтылады. Премьер-Министр өңір басшылығына облыста жаппай, әсіресе, отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бойынша шаралар кешенін қалыптастыруды жылдамдатуды тапсырды.