Қоғам

Атырау облысындағы теміржол апатының себебі анықталды

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ

Компанияның баспасөз қызметі теміржол апаты болған Тендік станциясында қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанын мәлімдеді

Атырау облысында жүк көлігінің жүргізушісі теміржол өткелінен өту ережесін бұзып, нәтижесінде автокөлік жүк пойызымен соқтығысты.

Бұл туралы сенбі кешінде таратылған "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының баспасөз хабарламасында айтылды.

Компанияның баспасөз қызметі теміржол апаты болған Тендік станциясында қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанын мәлімдеді.

"22:14 жағдайы бойынша жолаушылар пойыздарының қозғалысы ашылды", – делінген хабарламада.

Теміржол қызметкерлері рельстен шыққан вагондар мен локомотивті көтеріп, орнына қойды. Сонымен қатар олар жедел түрде жер қазу жұмыстарын жүргізіп, зақымдалған 200 метрлік учаскеге жаңа рельс-шпал торын төседі.

Қалпына келтіру жұмыстарына 167 адам, екі қалпына келтіру пойызы және алты автотехника жұмылдырылды.

Атырау облысы әкімдігімен бірлесіп, кешіккен пойыз жолаушыларын Қарабатан станциясынан Атырауға автобустармен жеткізу ұйымдастырылды. Жолаушыларға ыстық тамақ берілді.