Жаңалықтар

Түркістанда бопсалау қылмысына қатысы бар 7 адам ұсталды

Сурет: istockphoto.com

Бұл туралы брифингте Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов мәлімдеді.

Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бопсалаумен шұғылданған және қаруды заңсыз сақтаумен айналысқан адамдар тобын анықтап, қызметін тоқтатты, деп хабарлады turkystan.kz.

«Полицейлер Түлкібас ауданының аумағында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде деструктивті-діни ағым ұстанушылары мен маргиналды жастардан құралған 7 күдіктіні ұстады. Олардың барлығы жергілікті тұрғындар, ал екеуі ағайынды болып шықты. Жедел уәкілдер ұсталғандардың тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде 12 калибрлі 1 карабин, түрлі калибрлі 20-дан астам патрон, 7 дана діни әдебиет, пышақ, рация, казино чиптері және басқа да заттай дәлелдемелерді тәркіледі. Сонымен қатар полиция қызметкерлері күдіктілердің бірінің жұмыс орны, яғни цехтың ауласына жасырылған 2 тегіс ұңғылы карабин мен 7 оқ-дәрі тәркіледі. Қазіргі уақытта осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды. Барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған тергеу шаралары жалғасуда», - делінген ІІМ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.