Тайқазан

Қазақстаннан басқа жерде 10 күннен артық қала алмаймын – әзербайжан бірлестігінің төрайымы

Қазір біреу келіп Әзербайжанға көш десе де бармаймыз. Қазақстан – біздің Отанымыз, туып-өскен жеріміз.

Бүгін 1 наурыз – алғыс айту күні. Алғаш 2016 жылы мереке ретінде жарияланған бұл күні ел тұрғындары бір-біріне алғыс айтып, ақжарма тілегін жеткізеді. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына алғыс айтатын күні ретінде бекітілген бұл мереке бүгінде игі дәстүрге айналды. Осы мереке қарсаңында Түркістан  облыстық «Гарабах» әзербайжан этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рамила Мустафаева turkystan.kz тілшісімен әңгімелесіп, қазақ халқының кең пейілі мен дархан көңіліне ризашылығын білдіріп, отандастарына құттықтау жолдады.

«Менің нағашы атам 1937 жылы 13 жасында шешесімен, екі қарындасымен бірге Түркістан облысының Созақ ауданына қоныс аударған. Сол кезде Әзербайжанның Қарабақ аймағынан жиыны 25 адам Қазақстанға жер аударылып келсе керек. Әзербайжаннан Қазақстанға келер жолда қайтыс болған адамдарды вагоннан лақтырып отырыпты. Атам да Қазақстанға жеткен соң өздерін өлтіреді деп ойлап, жеткенше бойын үрей мен қорқыныш билеп келіпті. Созаққа келгенде жаңағы 25 адамды ауқатты адамның үйіне түсірген. Ешқайсысы қазақша бір ауыз сөз білмейді. Әйтеуір қазақтармен ымдап сөйлесіп, жаңағы байдың үйіндегі жаюлы тұрған дастархан мен ас-ауқатты көрген соң ғана көңілі орнына түскен екен. Осы оқиғаларды атам кішкентай кезімде әрдайым айтып отыратын. «Қазақ халқы бізді ашаршылықтан, өлімнен алып қалды» дейтін. Үш күннен кейін 25 адамды үйді-үйге бөліп тастаған. Менің атамды екі қарындасымен, шешесімен бірге Созақ ауданы, Созақ ауылындағы жалғызілікті әженің үйіне жіберіпті. Сол үйде сегіз жылдай тұрған көрінеді. Атамның шешесі Кавказдың сүзбесін үйретсе, ал ауыл адамдары атамдарға құрт пен майды қалай жасайтынын үйретіпті. Атам сол Созақ жерінде өсіп-өніп, әскерге барып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Кейін қазақ қызына үйленіп, 11 бала сүйіп, жүзге жетіп қайтыс болды», – дейді ол.

Сол 11 баласы грузин, өзбек, қазақ, әзербайжан ұлтының өкілдерімен шаңырақ көтерген. Қазір бұл әулетте 7-8 ұлттың өкілі тату-тәтті тұрып жатыр. Айта кетерлігі, бәрі қара шаңырақта бас қосқанда қазақ тілінде шүйіркелеседі екен.

«Атамның 11 баласының ішінде әзербайжанға тұрмысқа шыққаны – менің шешем ғана. Басқалары басқа ұлт өкілдерімен бас құраған. Барлығы осы оңтүстік өңірде: Түркістан облысы мен Шымкентте тұрады. Бәріміз әулет болып жиналғанда қазақ тілінде сөйлесеміз. Себебі бәрі қазақ жеріне сіңіп кеткен. Қазақтың салт-дәстүрін, жөн-жоралғысын сіңірген. Атамның 11 баласынан тараған немере-жиендерінің арасында әзербайжан тілін жетік білетін – мен ғана. Қалғандары әзербайжанның салт-дәстүрін, тілін біле қоймайды. Есімдері де қазақша қойылған. Мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін әпкелерім бар. Ұжымы оларға мерекелерде «Әзербайжанның салт-дәстүрі туралы қойылым қойыңдар» деп айтады екен. Ал олар оны дұрыс білмейді. Хабарласып, менен сұрап жатады. Нағашыларым түгел осы жақта болса, әкемнің ағайын-туысы түгел Әзербайжанда тұрады. Оларды Қазақстанға қонаққа шақырып, өзіміз де барып тұрамыз. Өткенде бесік той жасадым. Сол кезде Бакуден келген туысқандарым таңғалды. Әзербайжан халқында бесік той деген жоқ», – дейді ол.

Рамила Мұстафаева Қазақстаннан басқа жаққа барса он күннен артық қала алмайтынын айтады. Елге қайтқым келіп тұрады дейді. Осы орайда, жайлы өмір сүру үшін бар жағдайды жасап қойған қазақ еліне алғысын білдірді.

«Қазір біреу келіп Әзербайжанға көш десе де бармаймыз. Қазақстан – біздің Отанымыз, туып-өскен жеріміз. Біз қайда барамыз? Баку – әдемі жер, барлық жағынан күшті. Бірақ ол жаққа барсам он күннен артық қала алмаймын. Қазақстанға қашып кетемін. Алғыс айту күнінде бірінші – ата-анама, екінші – қазақ халқына алғыс айтқым келеді. Неге десеңіз, Қазақстан – қаншама халықты бір шаңырақ астына жинап, ешбірін шеттетпей, тату-тәтті өмір сүруге жағдай жасап отыр. Бұл – қазақ халқының кең пейіл дархандығы мен даналығының көрінісі. Сол үшін қазақ халқына мың алғыс!», –  дейді ол.