T-Newspaper

Елден кеткендердің көші сиреді

сурет: istockphoto.com

Былтыр елімізден біржола көшіп кеткендер саны күрт азайып, ел тарихындағы ең төмен көрсет­кіш тіркелді. 2023 жылға дейін 10 жылдан астам уақыт бойы кеткендер көп, келгендер аз болғанын ескерсек, бұл дерек бір жақсылықтың белгісіндей көрінеді. Келім-кетімдегі теңсіздіктің теріс көрсеткіші сарапшыларды, қоғам белсенділерін де алаңдататын. 

Сонымен, сыртқы миграциядағы кейінгі үрдістерде нендей жаңалық бар? Көші-қон саль­досының оң мәнге ауысуына не себеп болып отыр? Бұл үрдіс сақтала ма, сарап­шылар не дейді?

Елден көшу үрдісі бәсеңдеді

Ұлттық статистика бюросы өткен жылдың қоры­тын­дысы бойынша Қа­зақстаннан біржола қо­н­ыс аудар­ған­дар саны бұрын-соңды болмаған дәре­­же­ге дейін азайғанын, осы­лайша тарихи ми­нимум тіркелгенін мәлімдеді. 2024 жы­лы Қазақ­станнан басқа елдерге ша­ма­мен 12,8 мың адам кө­шіп кеткен. Бұл 2023 жылғы көрсеткішке қара­ғанда 20 пайыз­ға аз.  Керісінше, елімізге көшіп келгендер са­ны 29,9 мың­нан асыпты, яғни 2023 жыл­ғы дерекпен са­лыс­тырғанда 18 пайыз­­ға көп. Бұл рекорд көрсет­кіш бол­ма­са да, бұдан жо­ғары көрсеткіш 10 жыл­дан астам уақыт бұрын, 2011 жылы тір­келген еді. Осылайша, көшіп келгендер санынан кө­шіп кеткендер санын азайту арқылы есеп­телетін көші-қон сальдосы қата­ры­нан екінші жыл оң мәнде қалып отыр. 2024 жылы сальдо 17,2 мың адамға жуық­тады. Бұл – 2006 жылдан бергі ең жақ­­сы нәтиже. Ескере кететін бір жайт – 2012-2022 жылдар ара­лығында Қазақ­стан­да жыл сайын миграцияда теріс  сал­ь­до тіркеліп келді, яғни кеткендер са­ны келгендерден көп бол­ды. Сонымен, 2024 жылы қазақ­стан­дық­тар қайда қоныс аударды? Деректерге қара­сақ, олардың басым бөлігі, яғни 70 пайы­зы Ресейге көшкен, 16 пайызы Гер­ма­нияға кетіпті. Ал Қазақстанға көшіп кел­гендердің шамамен 40 пайызы – Өз­бек­станнан, 27 пайызы – Ресейден, со­ны­мен қатар 7 пайызы Қытайдан және 5 пайы­зы Моңғолиядан қоныс аударған.

Азаматтық алғандар да азайған

Былтыр қоныс аударғандар саны­мен қатар Қазақстан азаматтығын алғандар саны бойынша да антирекорд тір­келіпті. ІІМ дерегіне сүйенсек, 2024 жыл­дың қорытындысы бойынша аза­мат­тық алғандар саны 20,2 мың адамға жет­кен. 2023 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш бірден төрттен бірге қыс­қа­рып, кем дегенде кейінгі бес жылдағы ең төменгі деңгейге түскен. Министрлік мәліметінше, азаматтық алу­шылардың басым бөлігі – қандастар. Көрсеткіштің жылдан-жылға төмендеуі де, негізінен, қандастарға байланысты бо­лып отыр. 2024 жылы азаматтық- ты ша­­мамен 15,7 мың қандас алса,  2023 жылы олардың саны 20,5 мың болған.  Алайда жалпы азаматтық алғандар арасындағы қандастардың үлесі сәл өсіп, 76 пайыздан 77 пайызға жеткен. Жаңа ел азаматтары көбіне қай өңір­лерді таңдайды десек, көш басында аза­маттық алғандардың 26 пайызы көшіп бар­ған Алматы облысы тұр. Одан кейін 9 пайыз көрсеткішпен Астана және 8 пайыз көрсеткішпен Түркістан облысы тұр. Ал деректері бөлек қарастырылатын Бай­қоңыр қаласы, сонымен қатар Ұлы­тау және Қызылорда облыстарында, ке­рісін­ше үрдіс байқалады: бұл аймақтарға 19, 21 және 42 адам ғана көшіп барған.

Жыл басынан бері мыңнан астам қандас елге оралды

Биыл жыл басынан бері 1 070 этни­ка­лық қазақ тарихи отанына ора­лып, «қандас» мәртебесін алыпты. Бұл – Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігінің дерегі. Жалпы, 1991 жыл­дан бері Қазақстанға 1 млн 149 мың­нан астам қандас көшіп келді. Жыл басынан бері келген қан­дас­тардың жартысынан көбі, 51,9 пайызы – Қытайдан, 37,5 пайызы – Өзбекстаннан, 7,1 пайызы – Түрікменстаннан, 1,8 пайы­зы Ресейден және 1,7 пайызы басқа да елдерден келген. Қандастардың жас құрылымына тоқ­талсақ, 2025 жылғы 1 ақпандағы жағ­дай бойынша олардың 60,2 пайызы – ең­бек­ке қабілетті жастағылар, 32,9 пайы­зы – кә­мелетке толмағандар, ал 6,8 пайы­зы зей­неткерлер екен. Білім дең­гейіне кел­сек, еңбекке қабілетті қан­дас­тардың 16,7 пайызының жоғары білі­мі бар, 32,9 пайы­зы орта кәсіби бі­лім алған. 48,4 пайы­зының жалпы ор­та білімі болса, білі­мі жоқтар үлесі 1,9 пайыз екен. Қоныс аударған этникалық қазақтар Қазақстанның түрлі өңіріне қоныстанып жатыр. Дегенмен министрлік мәліметін­ше, мемлекет демографиялық теңгерімді сақтау мақсатында оларды еңбек күші тап­шы аймақтарға орналастыруға ба­сым­дық беріп отыр. Бұл аймақтарға Ақ­мола, Абай, Атырау, Қостанай, Пав­ло­дар, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары жа­тады. 2025 жылы бұл өңірлерге 2 309 қан­дасты қабылдауға квота беріліпті.

Аяулым Сағынбаева, демограф:

Әлемдегі ахуал тұрақтанғанда,  эмиграция қайта жандануы мүмкін

– Кейінгі екі жылда Қазақстандағы көші-қон сальдосы теріс мәннен оң мәнге ауысты. Яғни, елден кетушілер са­ны азайып, келгендердің саны арт­ты. Жалпы алғанда, иммиграция қарқынының төмендеу үрдісі байқа­лады. 2018 жылмен салыстырғанда көшіп кетушілер саны 3,3 есе қысқар­ды. Нәтижесінде, миграция сальдосы оң мәнге ие болып, бұл көр­сеткіш соңғы он үш жылдағы ең жоғары деңгейге  жетті.   Бұл өзгерістерге бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, сыртқы гео­саяси жағдайдың тұрақсыздығы мен кейбір елдердегі эко­но­ми­калық және әлеуметтік дағдарыстар Қазақстанға келушілердің са­нын арттырды. Екіншіден, Қазақстаннан қоныс аударатын нег­ізгі топ – еуропалық этностардың өкілдері – жылдан-жылға азайып келеді. Олардың көші-қон әлеуеті төмендеп, қартаю про­цесі күшейді. Жастардың саны аз болғандықтан, көшіп кету көр­сеткіші де айтарлықтай төмендеді.   Сондай-ақ Қазақстанға қайтып оралатын азаматтардың көбі – бұған дейін шетелге кеткен эмигранттар. Еуропа, АҚШ, Түркия жә­не Оңтүстік Корея сияқты елдерде өмір сүру құнының өсуі бұл үр­діс­ке ықпал еткен болуы мүмкін. Бұрынғыдай емес, шетелде тап­қан табыс Қазақстанда айтарлықтай құнды емес болғандықтан, елге қайтуды таңдағандар көбейді.   Миграция мәселесінде нақты болжам жасау қиын. Себебі туу және өлім-жітім көрсеткіштері баяу өзгергенімен, көші-қон сырт­қы жағдайларға тікелей тәуелді. Кенеттен болған кез келген оқиға бұл үрдістерге айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Қазір 25-30 жас ара­лығындағы жастар миграцияға бейім, алайда бұл жас тобын­дағы азаматтар саны аз. Бұл да көші-қон қарқынына ықпал ететін факторлардың бірі. Бірақ бұл – жалпыға белгілі себептер, ал нақты анықтау үшін арнайы бір зерттеулер жүргізу керек. Қазақстан әрдайым көші-қон үшін буферлік аймақ ретінде қыз­мет етіп келеді: еліміз Орталық Азиядан Ресейге, одан әрі басқа ел­дер­ге қоныс аударатындардың транзиттік жолы болды. Деген­мен бұл үрдістің алдағы уақытта сақталатынына кепілдік жоқ. Геосаяси жағ­дай тұрақтанып, әлемдегі экономикалық дағдарыс бәсеңдегеннен кейін эмиграция қайта жандана түсуі мүмкін.  Бұл – табиғи әрі заң­ды про­цесс, оған ешкім кедергі бола алмайды әрі біз жабық мем­лекет емес­піз.  Бізде әзірге табиғи өсім миграциядағы, яғни көшіп кет­кен­дердің орнын басып отыр. Одан бөлек, кей азаматтар оқуға кетеді, жұмысқа кетеді, бірақ қайтып келеді. Айналып келген кезде қазір шетелде тұрып шетелдегі қазақтардың көңіл күйін байқайтын болсам, бірте-бірте елге деген сағыныштары жоғары. Жалпы, қазақ елінің қадірін түсінген сынды. Шетелде жүрген қазақтардың елге деген сағынышы артып, Қазақстанның қадірін бұрынғыдан жақсырақ түсіне бастағаны байқалады. Әр нәрсеге ерте қуанып, сәл нәрсеге қайғырудың қажеті жоқ. Сондықтан миграциялық үрдістерге қатысты асығыс қорытынды жасауға болмайды, өйткені бұл – динамикалық әрі ұзақмерзімді өзгерістерді қажет ететін процесс.

Шынар Пазылбекқызы, демограф:

Қандастарды қолдау саясаты жалғасын тапса, көшіп келушілер саны өсе береді

– 2012-2022 жылдар аралығында Қазақстаннан кетушілердің саны келушілерден асып, көші-қон сальдосы 10 жыл бойы теріс мәнде болды. Алайда 2023 жылы алғаш рет оң көрсеткіш тіркеліп, көші-қон сальдосы 9 293 адамды құрады. 2024 жылғы қаңтар-желтоқсандағы деректер бойынша, бұл оң үрдіс жалғасып, келушілер саны кетушілерден 17 164 адамға артық болды.   Бұл өзгерістерді түсіну үшін ел халқының этникалық құрылымына және этникалық көші-қон ерекшеліктеріне назар аудару қажет. 2024 жылдың басындағы мәліметтерге сәйкес, Қазақстан халқының 71 пайызын қазақтар, 14,9 пайызын орыстар, ал қалған 14,1 пайызын басқа этностар құрайды. Осы үлес салмағына байланысты қазақ және орыс этносы өкілдерінің көші-қон үрдістері жалпы миграциялық көрсеткіштерге айтарлықтай әсер етеді.   Жалпы, 2012-2022 жылдары елден 358 308 адам көшіп кетсе, Қазақстанға 179 952 адам қоныс аударған. Келушілердің 57,1 пайызы қазақтар болса, кетушілердің 70,9 пайызын орыстар құрады.  Ал кейінгі екі жылда көші-қон құрылымында айтарлықтай өзгерістер байқалды. 2024 жылғы қаңтар-желтоқсанда қазақ этносына жататын келушілер саны 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге өсіп, 7 264 адамнан 15 199 адамға жетті. Ал орыс этносына жататын кетушілер саны екі есеге азайып, 16 024 адамнан 7 912 адамға төмендеді.   Бұл өзгерістерге бірнеше фактор себеп болып отыр. Кейінгі жылдары көрші елдерден, әсіресе Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан және Моңғолиядан этникалық қазақтардың Қазақстанға қоныс аударуы қарқын алды. Қандастардың елге келуі елдегі этникалық құрылымға ғана емес, көші-қон балансын оң көрсеткіште ұстауға да ықпал етті. Сонымен қатар Ресейдегі геосаяси жағдайдың өзгеруі, экономикалық және әлеуметтік тұрақсыздық тарихи отанына оралуды жоспарлаған орыс этносы өкілдерінің шешіміне әсер етті. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, Ресейге кетуге ниетті азаматтардың саны азайғаны байқалды. Бұл үрдістің болашақта қалай өзгеретіні бірнеше маңызды факторға байланысты болмақ. Көрші елдердегі саяси тұрақсыздық пен экономикалық жағдай көші-қон динамикасына айтарлықтай әсер етеді. Қазақстанның қандастарды қолдау саясаты жалғасын тапса, елге келетін қазақтардың саны арта береді. Сондай-ақ елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық сақталған жағдайда, халықтың көшіп кетуге деген талпынысы бәсеңдейді.

Көші-қондағы кейінгі өзгерістерге, негізінен, геосаяси жағдай мен елдегі және жалпы дүние жүзіндегі экономикалық ахуал әсер етіп отыр. Сарапшылардың сөзінше, кейінгі жаһандық өзгерістер көшіп кетуге ниетті азаматтардың жоспарын қайта қарауына әсер еткен, ал шетелге табыс табуға кететіндерді экономикалық дағдарыс пен табыс құнының төмендеуі тежеп отыр. Дегенмен асығыс әрі үзілді-кесілді тұжырым жасауға болмайды: көші-қон үрдісінің қалай өзгеретіні тек келешектің еншісінде.