Қош, классик...
Уақыттың шектеулі екенін ескертіп кетті...
Мүмкін менің байламым дұрыс емес шығар, бірақ нағыз СУРЕТКЕР өзін әрқашан жалғыз, жабырқау сезінеді. Жалған дүниеде асып-тасып өтетіндері кемде-кем. Өзін-өзі тыңдайды, өзін-өзі естиді десек те, қаламынан шыққан шығармаларына бәрі бірдей ұқсай да бермейді. Ол шығарманың иесі (авторы) болғанымен, кейіпкері емес. Арагідік ұқсастық болғанымен тап басып өзін-өзі суретке түсіргендей етіп жазбайды. Миындағы оқиғаны санада қақтығыстырып, күнәдән тазарудың жолын әуелі өзінен іздейді. Сосын барып оқырманына ұсынып көреді. Енді бағамдай беріңіз, жазуды әуестікпен емес, албастыңмен алысқандай бірде шарықтап, бірде шалықтап қорыту бар. Дулат Исабековты осы жаратылыстағы суреткер деп танимын. «Гауһартастағы» – Ыбыш, «Тордағы» – Михайл Булгаков, «Бөрте», «Тыныштық күзетіндегі» – Демесін. «...«Бөртені» жазғанда жылап қалып жүрдім» дейді бір сөзінде Дулат аға. Бөртенің образына кіріп, Шыңғыс ханның алдына келген сайын ажалмен бетпе-бет жүздесіп жүрген Бөрте бейнесі. Бірде – Бөрте, бірде – Қаған, бірде – Жошы. Сан күйге құбыла еніп, сан күйден құбыла шығып, өзімен-өзі тайталасады. Асылтекті Бөртенің қылша мойыны қыл үстінде тұрғанда, Жошының өлімін естиді, бәлкім, сол сәтте жылаған болар. Автор іштей сезініп жазбаса оқырманын жылататын күш қайдан келер еді. Дәл сол сәтте қаламының ұшынан у төгіліп отырып жазды-ау... Жазушы өзін-өзі гений деуге толық хақы бар. Кешегі дүниеден өткен классик жазушы Мұхтар Мағауин өзін ГЕНИЙ деп бағалап кетті. Рас! Мағауин де, Исабеков те – гений!!! «Литературу могут делать только волы. Самые мощные волы – это гении, те, что не покладая рук работают по восемнадцати часов в сутки. Слава – это непрерывное усилие», – дейді Жюль Ренар. Ал енді Мағауин ағамызға келіспей көріңіз. Біздің классиктер жанкешті!!! Ендігі, кейінгі буын дәл алдыңғы толқындай ӘДЕБИЕТКЕ жанкештілікпен ғұмыр кешуі неғайбіл. Олар суреткерліктің рахатынан гөрі азабының, қуғын-сүргіннің, саяси қысымның, цензураның қиынын көп көрді. Ең соңғы демі қалғанға дейін жазу – расымен жанкештілік. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Дулат ағаның көңілін сұрап барған сәтте: «Аға, жазып жатырсыз ба?.. Сіз – жазыңыз! Біз – шығарамыз!» десе керек. Сонда классик жазушы министр қарындасына ұзақ қарап отырып: «Әй, қайдам... Қолыма жазайын деп қалам алсам, сендер тұрмақ менен әріптердің өзі қашады» депті. «Кеудемнен көкала үйрек қош деп ұшты. Сол шіркін, кәрі жолдас – өлең білем...» деген Кемпірбайдың мұң-зарына ұқсас жауап. Біз Дулат Исабеков мәңгі жасайтындай көрдік, оны түкке тұрмайтын жиындарға шақырдық. Үлкені бар, кішісі бар әуесқой жазушылар өздерінің оқылмайтын кітаптарын оның қолтығына қыстырып жібергендеріне мәз болысты. Ал Дулаттай біртуар тұлға үйіне барып, кітаптың алғашқы бетін зор үмітпен оқи бастағанда не ойлады екен?... «Мен мұндай дүниені ешқашан жазбаған болар едім» деп өзіне-өзі сыбырлаған да болар... «Мынауың әдебиет емес» деп, ашуланып лақтыра да салуы мүмкін. Құнарсыз тілдің әдебиетке еніп бара жатқанынан секем алмады ма екен? Осы сауалдарды неге Дулат ағаммен кездескен кезде сұрамадым? Бірақ ол кісі ашылып ештеңе де айтпаған болар еді, өзіне ұнайтын бір әзілді кесе-көлденең тарта салып, кеңкілдеп ұзақ күлген болар ма еді. Ол күлкінің астарында бәлкім бәріміздің көзімізден жас саулайтындай сөздер бой жасырып жатар ма еді. Қиялы жүйрік суреткер жын-періні де көре алады деп еститін едік, Дулат аға өзінің де, өз дәуірінің де түрленіп, жылжып бара жатқанын жүрекпен сезді, соңына қарайлаған да шығар, кімдерді іздеді екен, жарықтық! Әлде ұлыларға тән үнсіздікпен жалғыздықтың құшағына енді ме екен... Осыдан отыз жыл бұрын жазған қолтаңбасы мен «Аида» әңгімеме жазған пікірін тауып алып, қайталап оқып отырмын. Қағаз бетіне маржандай төгілген сұлу қаріптерімен Дулат ағамның өзіне тән қоңыр дауысын естідім. «Аса нәзік аса сезімтал, сезімталдығын ақ қағазбен оңаша қалғанда ғана ақтаратын, көзін жұмса ойдан қолы тимейтін, көзін ашса байқамайтын адамдай жүретін талантты жазушы қарындасым Розаға үлкен ілтифатпен ұсынамын. Жұлдызың жансын! Автор Д.Исабеков. 23 мамыр, 1995 ж. Дәл осылай Дулат Исабековтың көркем шығармаларынан оның өз дауысы, дара дауысы мәңгі естіліп тұрмақ. Дулат ағам соңғы сұхбатының бірінде: «Кез-келген жазушы ең керемет деген шығармасын жазуға үлгермейді, өкінішті», – деді. Бұл кейінгілер үшін айтылған өсиет. «Уақыт шектеулі, тым шектеулі , үлгеру керек!!!» дегенді бізге ескертті. Қош болыңыз, МЭТР!
Роза МҰҚАНОВА, жазушы-драматург
«Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты...»
Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарып келе жатқаныма жиырма жылға жуықтады. Осы жиырма жылдың ішінде көз алдымда дәуір көшіп кетті. Уағында, дәл қазір пернетақта үстінде ойнақтап тұрған он саусағымды біріктіріп, солардың бәріне уыстап топырақ салдым. Әрқайсысының жүрекке артқан салмағы бар. Енді міне сыртта жатып Дулат ағаның қазасын естіп, жалғыздан-жалғыз жабырқап жүрмін. Осы жиырма жыл ішінде Дулат ағамен Жазушылар одағында сан мәрте жолығыстық. Арнаулы жиындардан бөлек қаншама рет шағын құрамда, дастарқан басында кездестік. Ел алдындағы, телекамера, трибуна алдындағы, биік мінбердегі Дулат пен былайға Дулат ағада еш айырма болмайтын. Екіжүзді емес еді. Бір мінезді, бір сөзді болды. «Шын жүрек – бір жүрек». Дулат аға – ең әуелі қаламына адал жазушы. Жазғандары жүз пайыз оқылған прозашы. Қай шығармасын алсаңыз да, оқырман қауым оқыған болып шығады. Жалғыз романның авторы дейміз. Әр хикаяты бір-бір романның жүгін көтеріп тұрғанын бәріміз білеміз. Қайбір жылы қаламдас інісінің романы туралы пікір білдіріп: «егер мына дүние роман болса, онда біз роман туралы пікірімізді өзгертуіміз керек», – деп қатты айтып еді. Бұл – ол кісінің роман жанрына деген биік талабы. Майдан қыл суырғандай шебер жазылған эпиграммаларымен үлкен дүмпу жасаған Әбдіраштың Жарасқаны дәл осы Дулат Исабековке келгенде кілт жұмсарып, кәдуілгі шымшымасын жиып қойып, бір керемет тілектестік білдірген. «Прозаға «Бекет» деп, Келдіңіз бе, кетпеңіз. Драмаға жетектеп, Кетпесінші «Әпкеңіз». Жарасқан ақынның күдігі шынға айналды. Дәл сол жылдарда болмаса да, соңғы кезеңдерде Дулат аға шығармашылық күш қуатын драма жанрына жұмсады. Дараматург болып ойланды, толғанды, жазды. Оқырман қауым сүйікті жазушысының драмаларына тамсанғанымен, юморға толы баяғы шағын әңгімелері мен жаны-жүрегіңді айран-асыр қылатын, «мың ойлантып, жүз толғантатын» повестерін сағынатын. Дулат аға басқа да классиктер сияқты тек қана жазуын жазып жүре берсе ешкім ештеңе дей алмас еді. Бірақ ол кісі олай етпеді. Жазып қана қойған жоқ, айтты, сөйледі. Радио ма, телеарна ма, бәрібір, өз аяғымен барып, түрлі хабарға, түрлі тақырыпта сөйлеп жүрді. Ол кісі үшін ұлтқа қатысты мәселенің үлкен, кішісі болмайтын. «Айтпаса, сөздің атасы өледі» деген ұстанымда болды. Және керек жерінде, дер шағында айтты. Жағымпазданбай, жарамсақтанбай, жасқанбай сөйледі. Жанарынан да, жарықшақтанған даусынан да тек қана жанашырлық сезілетін. Ұлтына, сол ұлтының қазынасына жаны ашып өтті. Алақандай ауылдың кішкентай сахнасы мен Лордтар палатасының биік мінберінің арасы, айырмасы қанша? Сол аралықта Дулат аға сөйлемеген тақырып, көтермеген мәселе қалды ма екен? Сондай айбарлы ағалармен екен ғой елдің де айбынды көрінетіні. Он сегіз мың ғаламда қазақ әлемі бар. Сол қазақ әлемінің бір бөлшегі – Дулат Исабеков әлемі. Өзіне тән биіктігі, кеңдігі, тереңдігімен ерекше. Ол жаратқан кейіпкерлер галереясы тұтас бір полотноны құрайды. Оның шығармалары шын мәнінде, шын мағынасында мәңгі өлмес мұралар қатарында. Шіркін, шығармаларын көзінің тірісінде уақыт сынынан өткізіп алып, енді ешқашан өлмесін көріп кеткен жазушыда не арман бар дерсіз? Дулат Исабеков осы тұрғыдан алғанда армансыз! Ол кісі қалдырған рухани мұраларының ұлтымен бірге жасай береріне сеніп кетті деп ойлаймын. Шығармалары көз алдында қайыра басылып, қайталана оқылып жатты. Соңғы күндерінде театр әлеміне мойын бұрып қараған шығар-ау. Сонда жаңа заманның, жаңа дәуірдің жалт-жұлт еткен әлемінде «Бөртесі» көш бастап бара жатты ғой. «Ә, енді өле қоймаспын...» деген де болар. Өз биігінде тұрып, өз кеңдігіне салып, өзіне тән тереңдігімен қош дегені сөзсіз. «Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты...». Қазаққа, ұлтына жаны ашитын азаматтар жоқ емес, бар ғой. Бірақ Дулаттікіндей мінез қайда? Мінез де табылар-ау, бірақ Дулаттардың аузының дуасы бар еді ғой. Қазақтың көркем сөзін жаңа биікке көтеріп, жаңа көкжиекке шығарып қана қоймай, әлемге бастап берді. Тірі пендені жатсынбай, жатырқамай, ешкімді алаламай, бөле-жармай, бәрін бауырына баса білген кең жүрек Дулат аға, сізге де Алланың алды кең болғай.
Бейбіт САРЫБАЙ, жазушы
Исабеков тұлғасы баршамызға бағдар болды
Дулат Исабеков – қазақ әдебиетінің абызы, үлкен суреткер тұлға. Ол кісінің мөлдіреген таңғы шықтай таза, шынайы, сұлу прозасы бірнеше буынның әдебиетке деген құштарлығын оятты. Кезінде жазушылыққа 60-жылдағылар болып келіп, алапат репрессиядан кейін белі шойырылып жатқан қазақ әдебиетін дүр сілкіндірген топтың жарқын өкілі болған, бүгінгі күні өмірі мен шығармашылығы аңызға айналған нар қаламгер Дулат ағаның театр өнеріне сіңірген еңбегі қомақты, қазақ драматургиясын жаңа белеске, халықаралық деңгейге көтерген жандардың бірі. Проза және драматургия атты қос тізгінді қатар ұстап, артынан ерген жастарға еңбекқорлық пен жанкештіліктің жоғары үлгісін көрсетіп кеткен ол кісінің ұстаздық миссиясы да толығымен орындалды деуге болады. Қаламгер драмаларының жалпы саны отызға жуық екен. Алғашқы пьесалар жинағы «Жеті желкен» деген атпен 1987 жылы жарық көрді, кейін 3 томдық драмалар жинағына ұласты. Ол шығармалардың көпшілігі Астана мен Алматыдағы театрлар мен республиканың түпкір-түпкіріндегі өзге де өнер ордаларында сахналанды. Кеңес Одағы кезінде драматургтің «Ректордың қабылдау күндері», «Ертеңді күту», «Мұрагерлер», «Анасын аңсаған қыз», «Аралдағы адамдар», «Алыстан келген ананас», «Кішкентай ауыл», «Әпке», т.б. пьесалары сахналанды, бұлар бүгінгі күні қазақ драматургиясының алтын қорына енген туындылар. Осы шығармаларында Дулат ағаның өз бойынан табылатын ізгілік, адам сүйгіштік, өз ғұмырын басқалар үшін құрбандыққа шала білетін мәрттік тәрізді қасиеттер ұлықталады. Ол кішкентай, елеусіз адам бойынан ұлылық көре білді, оны көркем туындыға айналдырып бізге көрсетті және сондай болуға үндеді. Мен Дулат Исабековті түзеуге келмейтін мәңгі романтик дер едім. Бұл – ол кісінің идеалды әлемді аңсауы және өз шығармалары арқылы оны құрастырып, сол белгіленген межеге өзгелерді шақыруы еді. Дегенмен жанының нәзіктігіне қарамастан, ел жайлы, жер жайлы, халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы ешкімнің бет-жүзіне қарамай, барлық ойын ашық, тік айтатын бірден-бір қаламгер болды. Қоғамдағы процестерге белсене араласты, халықты шырылдай қорғады. Бірақ шығармашылығына бұл қайраткерлігі әсер етпеді, туындылары – публицистикаға айналған жоқ, көркемдік деңгейін жоғалтпады. Бұл да некен-саяқ кездесетін қасиет. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары қазақ драматургиясының тақырыптық тұрғыдан өрісі кеңейді. Жаңа заман мен жаңа адамның бейнелері жасалды. Дулат Исабеков жаңа ғасырды тосырқаған жоқ, оның барлық мүмкіндігін игеріп, өзінің шығармашылық қуатын арттыра түсті. Оқырмандарының қатары сейілмеді, керісінше, оң-солын таныған ХХІ ғасыр жастарымен барынша толығып отырды. Мысалы, соңғы сахналанған «Гауһартасы» (Астана қалалық Музыкалық жас көрермендер театры, реж.: А.Маемиров) екі жыл ішінде 250 рет көрермен назарына ұсынылып, көрсетілім бойынша Қазақстанның театр кеңістігінде рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Қазақ қаламгерлері арасында халықаралық деңгейде жүйелі түрде қойылып жүрген алғашқы драматург та осы Дулат аға болды. 2014 жылы Ұлыбритания астанасы Лондон төрінде қойылған «Өкпек жолаушы» туындысы Санкт-Петербургте «Транзитный пассажир» деген атаумен сахналанды. Халықаралық «Исабеков әлемі» атты театр фестивалі алғаш рет 2012 жылы Дулат Исабековтің 70 жасқа толған мерейтойына орай өтті. Театр фестиваліне ол кісінің шығармашылығы бойынша қойылған спектакльдерімен Түркия, Болгария, Башқұртстан, Тәжікстан, Ресей (Омбы және Санкт-Петербург театрлары) сияқты мемлекеттердің театрлары мен республикалық театрлардан бас-аяғы 12 театр қатысты. Екінші рет 2022 жылы Алматы қаласында өткен фестивальге қазақ театрларынан бөлек, Түркия, Грузия, Аустралия театрлары да келді. Бұл өнер мерекелері еліміздің мәдени, рухани өмірінде ерекше орын алған оқиғалар ретінде есте қалды. 2017 жылы әйгілі Вестминстер сарайында, Ұлыбритания парламенті үйінде өзінің ағылшын тіліндегі пьесалар жинағының тұсауын кесіп, алғашқы нұсқасын Лондон лордына табыс еткен жалғыз қазақ қаламгері де Исабеков болды. 2022 жылы Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен, Еуразиялық шығармашылық гильдиясының (Лондон) қолдауымен «Бөрте, әлем патшайымы» қойылымының халықаралық тұсаукесері өтті. Өз ұлтының, қазағының өнері мен мәдениетін бүкіл әлемге осылай мәшһүр етіп насихаттаған қаламгердің бұл бағыттағы еңбегі аса зор және бұл тектес мысалдарды барынша молынан келтіруге болады. Автор драмаларын оқығанда ерекше көзге түсетіні – жалынды ғұмырын ұлт тәуелсіздігі жолына арнаған күрескер, өр рухты тұлғалар бейнесін сомдау шеберлігі. Жазушының «Бөрте», «Жүз жылдық махаббат», «Жаужүрек», «Қызыл жолбарыстың оралуы» драмалары осы қатарды толықтырады. Өзінің бір сұхбатында Дулат Исабеков: «Біз осы бұрын кім болып едік? Мынандай ұлан-ғайыр далаға қалай ие болдық? Бір-ақ нәрсені айтамыз: найзаның ұшымен, білектің күшімен. Осынша жерді алып қалу үшін не керек еді? Батырлық, жігерлілік керек еді. Жаудан қайтпайтын Жалаңтөс батырлар керек еді. Сол батырлардың бүгінгі ұрпағы біз емеспіз бе? Біз аспаннан түскен жоқпыз ғой. Сол өжеттік, сол батырлық, қасқайып қарап тұрып әділін көзге айтатын қазақ қайда қалды? Бір жарым ғасыр ішінде қазақ өзгеріп кетті ме? ...Рухымыз әлі жоғалған жоқ. Жаңа айттым ғой. Әлі де үміттенеміз. Рухымыз мүлде өшіп қалмаған шығар. Соны оята білуіміз керек» деген екен. Ол кісінің барлық шығармаларының лейтомотиві осы сөздер десек, қателеспейміз. Дулат Исабеков – қазақ әдебиеті үшін алып Күн тәрізді тұлға еді, біз кейінгі драматургтер сол кісіге қарап бой түзедік, еліктедік. Қаламгер ағамыздың шығармашылығы бізден кейінгі әлі талай ұрпақтың санасын дәл солай сәулелендірері анық. Және өзі кеткенмен, кейіпкерлері, шығармалары қазақ әдебиеті мен сахнасында мәңгі қалатыны да сөзсіз.
Мадина ОМАРОВА, жазушы-драматург
Студенттерін асханаға алып баратын
Дулат Исабеков – қазақ әдебиетінің аса көрнекті тұлғасы, драматургияның даңғыл жолын салған қайраткер. Ол шығармашылығында қазақ халқының болмысын, рухани әлемін, ішкі жан дүниесін терең зерттеп, оны көркемдік деңгейде асқан шеберлікпен бейнелей білді. Оның қаламынан туған туындылар оқырманның жүрегінен орын тауып, театр сахналарында қойылған пьесалары ұлттың рухани мұрасына айналды. Дулат Исабеков Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Өнертану» факультеті, «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасында драматург, киносценарийстерге 20 жылдай сабақ беріп, төрт буын шәкірт тәрбиелеген профессор болғандықтан ұстаздық қыры жайлы айтқым келеді. Өмірімізде ерекше орын алатын, шығармашылық жолымызға бағыт-бағдар берген ұстаздарымыздың бірі – Дулат Исабеков. Біз үшін ол тек жазушы, драматург қана емес, нағыз тәлімгер, қамқор ата, шығармашылығымызға әрдайым демеу болып жүрген үлкен тұлға еді. Дулат ағай бізге сабақ беріп болған соң бәрімізді ертіп, академияның асханасына алып барып тамақ алып беретін. Ақшамыз аз студент болғандықтан, жазушының бұл қамқорлығы біз үшін үлкен құрмет еді. Сондай бір сәтте, лекциядан кейін бізді асханаға ертіп келгенде, белгілі әнші Нұрғали Нүсіпжанов: «Ой, Дүке, студенттеріңізді ертіп алыпсыз ғой!», – деп әзілдеген еді. Сонда ол: «Шәкірттеріме бірінші сабақ, одан кейін тамақ беру керек!», – деп жауап қатқан. Тағы бір естелік – оқу бітірер сәтте бізге: «Ешқашан менің беделімді салып жұмыс іздемеңдер, бәйгеге қатыспаңдар. Талантсыңдар ма, қабілеттерің бар ма – онда осы мен берген біліммен нарықтық бәсекеге түсіңдер!», – деп бізді қанаттандырып, ұядан ұшырып еді. Сонымен бірге, қаламгер юморға жақын, әзіл айтып, бізді жиі күлдіретін. «Әзілі жоқтың жұдырығы дайын тұрады» деп айтатын және «Юморы бар адамнан жамандық шықпайды» дейтін. Лекция кезінде біз білмейтін әлемдік әдебиеттен бастап, кванттық физикаға дейін айтып отыратын. Адамзаттың көзқарасын өзгерткен ірі оқиғаларды айтып, бізді терең ойға жетелейтін. Ол кісі: «Жазушының лексиконында «білмеймін» деген сөз болмауы керек!» – деп, бізді үнемі ізденуге шақыратын. Сонымен бірге, ұлтын, қазақ халқын ерекше сүйді. Қазақтың жақсы болуын қалап, кемшіліктерін сынап отырушы еді. Бірде Алматы қаласындағы бір университетте 1 000 студент қатысқан үлкен бір іс-шара өтті. Бізді дәріскер «Менімен кездесу болады, барып тыңдаңдар» деп ертіп алды. Барсақ, сол кездегі «Мәңгілік ел» идеясын дәріптеуге арналған іс-шара екен. Ағайды да алдап шақырыпты. Сол кезде ғалымдардың барлығы «Мәңгілік ел» туралы баяндама оқыды. Әр жерден жиналған студенттерге бұл тақырып мүлдем қызық емес еді, кетейін десе оқытушыларынан қорыққан олар баяндамаға шыққан профессорларды қарсылық ретінде ысқырып, айқайлап өтірік қолпаштады. Оның бәрін көріп отырған ағай рақаттана күліп отырды. Кезек ағайға келді. Не болар екен енді деп уайымдап тұрмыз «Ағайды да бұлар мазақ қылса не істейміз?» деп. Маң-маң басып ағай трибунаға келді де: «Жігіттер, мен Мәңгілік елге дайын емеспін» деді. Жастар тым-тырыс тұрып қалды. Ағай осы сәтте: «Менімен кездесу болады деп алдап шақырды. Мұндай конференция екенін білгенімде келмеуші едім. Келген екенмін, енді Мәңгілік ел туралы ойымды айтайын» деді. Шыбынның ызыңы естілмейтін тыныштық, тек ағайдың қоңыр үні ғана естіліп тұрды. Ағай ұзақ көсіліп, шабыттана сөйледі. Сөзін аяқтаған сәтте мың студент шын ықыласымен қол соққан кезде ағайдың қаншалықты биік адам, ой-парасаты жоғары тұлға екеніне тағы бір мәрте көзім жетті. Дулат ағай өзі жазып жатқан пьесаларын біздің назарымызға ұсынатын. Мысалы, Мұхтар Әуезов театры сахналаған «Жүз жылдық махаббат» пьесасын жазу барысында шығармашылық лабораториясын бізбен бірге талқылайтын. Бір күні қатты қуанып келді: «Мен Мағжан туралы пьесаны қалай бастау керегін таптым! Мағжанның иткөйлегін журналист қыз тауып алып келеді. Сол кезде әйелі Злиха көзіне жас алып: «Кішкентай иткөйлекке сыйған Мағжан-ау, кең дүниеге сыймадың ғой…» деп басталады», – деді. Бүгінде бұл пьеса халықтың жүрегінен үлкен орын алды. Сонымен бірге, ағай екі сағат лекция оқып болғаннан кейінгі үзілісте 87-аудиторияның терезесін ашып қойып, темекісін тұтатып, алысқа көз жіберіп ұзақ ой үстінде тұратын. Сырт көзге бұл әбестік көрінуі мүмкін, бірақ ағайға жарасатын. Оның ішінде қайнап жатқан ойлар сол темекінің түтінімен кең далаға таралатындай көрінетін. Студент кезіміздегі бір ерекше естелік – Дулат ағайдың мерейтойына арналған фестивальдің арқасында группаластарымызбен бірге Астанаға барып қайтқанымыз. Ол сапар бізге тек кәсіби тәжірибе ғана емес, шынайы достықтың, ортақ мүдденің қадірін ұғындырған сәттердің бірі еді. Ұстазымыздың еңбегіне кішкентай болса да қызмет етіп, оның ризашылығын алу – біздің студенттік жылдарымыздың ең жарқын естеліктерінің бірі болып қалды. Оқуымызды аяқтаған соң да, ағаймен байланысымыз үзілген жоқ. Ол кісі әрдайым жанашырлық танытып, жаңа пьесаларымызды оқып, ақ батасын беріп отыратын. Әсіресе, ағайдың 75 және 80 жылдық мерейтойларына арналған театр фестивальдерін ұйымдастыруға атсалысқанымыз – біз үшін үлкен мәртебе болды. Сол сәттерде ағайдың қасында жүріп, шығармашылық ортадағы жауапкершілікті, өнерге деген адалдықты тағы да тереңірек сезіндік. Ағай шығармашылығымыздағы жаңалықтарды да үнемі қадағалап, жылы лебізін білдіріп, әр жетістігімізге қуанып отыратын. Телефон арқылы хабарласып, құттықтап, батасын берген сәттері ерекше жігер сыйлайтын. Ұстазымыздың сол қолдауы, сенімі бізге әрдайым алға ұмтылуға күш берді. Дулат ағай – біздің санамызда тек жазушы немесе ұстаз ретінде ғана емес, нағыз бағыт-бағдар берген, рухани демеу болған тұлға ретінде қалары анық. Оның берген тәлімін, айтқан ақылын, білдірген сенімін ақтау – біз үшін үлкен жауапкершілік. Соңғы ауырған күндерінің бірінде барғанымда: «85 жасымды Еуропада театр фестивалі ретінде өткізу жоспарда бар» дегенде, үміт бар екен ғой деп қуанып қалып едім. Әттең, сұм ажал арамыздан алып кетті... Ағайдың шәкірті болған – мақтаныш пен бірге үлкен жауапкершілік. Ағайдың атына кір келтірмеу – бізге парыз. Біз үшін ол тек ұлы жазушы ғана емес, ұлы ұстаз, жанашыр ағай, һәм қамқор тәлімгер болды.
Қолғанат Мұрат, драматург