Роботтар адамға айнала ма?
Роботтар қалай пайда болды?
1495 жылы Леонардо да Винчи «Механикалық рыцарь» атты алғашқы робот сызбасын жасап, құрастырды. Тарихи деректерде, бұл рыцарь қозғалыс жасауға – отырып-тұруға, қолы мен басын қозғалтуға қабілетті болды. Олай болса, робот концепциясының пайда болғанына тура 530 жыл толды. Сол кездері Леонардо да Винчидің жобасы сенімсіз жоба болғанымен, идея Еуропа елдерін кезіп кетті. 1700-1800 жылы Еуропада түрлі механикалық қуыршақтар (автоматтар) жасалды. 1920 жылы қараша айында чех жазушысы Карел Чапек «R.U.R.» атты ғылыми-фантастикалық пьесасында алғаш рет «робот» сөзін қолданды. Пьесасының бірінші бөлімінде Rossum’s Universal Robots зауытында ауыр еңбекті атқаратын роботтар жаппай өндіріледі. Ғалымдар роботтарды үнемі жетілдіріп, олардың ойлау қабілетін арттырады. Екінші бөлім – роботтар бүлік шығарып, адамдарды жойып жібереді. Соңында екі робот – Примус пен Гелена бір-біріне сүйіспеншілік білдіре бастайды. Екі нейромашинаның сезімі адамға ұқсай бастағандықтан, пьесаның финалы адамзаттың жаңа түрі пайда болады деген тұжырыммен түйінделеді. Қорқынышты ма? Карел Чапектің замандастары бұл байламды қабылдай алмаса да, біз робототехниканың мүмкіндігін жақсы білеміз. Чех жазушысының қиялынан туған философиялық туынды Леонардоның концепциясынан қуатты болып, 1923 жылы 30 тілге аударылып, Еуропа мен Солтүстік Американың театрларында көрсетілді. 1924 жылы пьеса орыс тіліне аударылды. Арада 30 жыл өткенде алғашқы роботтар пайда бола бастады. Рас, 1950-1980 жылы заманауи гуманоид нейроқұрылғылардың даму кезеңі басталды. 1954 жылы американдық өнертапқыш Джордж Девол ең алғашқы өнеркәсіптік робот Unimate-ді патенттеді. 1961 жылы 45 келіге дейін көтере алатын механикалық құрылғы General Motors фабрикасының жұмыс өнімділігін арттырды. Unimate автомобиль корпусын дәнекерледі. Бұл сол кездегі жаңашыл жаңалық әрі үлкен жетістік болды. 1973 жылы әлемде адам сияқты қозғала алатын алғашқы андроид –WABOT-1 таныстырылды. Жапонияда құрастырылған бұл роботтың басты ерекшелігі – сөйлеп, тыңдап, қашықтық пен бағытты анықтап, жүре алатын. Гуманоидтық роботтардың келесі кезеңі – 1990-2000 жылдары дамыды. ХХІ ғасырдың басында Жапонияда робототехника жасау қарқын алды. Мәселен, 2000 жылы адам сияқты жүретін, тіпті баспалдақ арқылы көтеріліп, жүк көтере алатын Honda ASIMO ақылды құрылғы, 2003 жылы жетілдірілген HRP-2 көпшілікке таныстырылды.
Адамға ұқсайтын роботтар бар
Чех жазушысы Карел Чапек көреген екен. Дәл қазір адам тәрізді жүріп-тұратын, ойланатын, диалогқа түсетін андроидтар арамызда жүр. 2010 жылдан бастап интерактивті роботтар дәуірі басталды. Олардың алғашқы AI артықшылығы – эмоциясын білдіріп, адамдармен еркін тілдесе алады. 2013 жылы АҚШ-тағы Boston Dynamic компаниясы Atlas, 2015 жылы Гонконгтегі Hanson Robotics компаниясы Sophia есімді гиноидты жасады. Одан кейін, Ұлыбританияда – Ameca, Қытайда – Jia Jia, Сингапурде – NADINE, Жапонияда – Pepper гуманоиды құрастырылды. 2021 жылы Илон Маск Tesla компаниясының өнімі – Optimus-ті шығарды. 2023 жылы нейрондық желімен қуатталған, түсті көру қабілеті бар Optimus Gen2 ұсынылды. 2017 жылдың 27 қазанында Эр-Рияд қаласында өткен «Болашақ үшін инвестициялық бастама» саммитінде Sophia есімді гиноид Сауд Арабияның азаматтылығын алды. Сөйтіп, София азаматтылық алған алғашқы робот атанды. София әлем елдерінде өткен көптеген іс-шараға арнайы қатысып, журналистерге сұхбаттар берді. Мәселен, 2017 жылы БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өткен жиынға, 2018 жылы Мысырдағы Шығармашылық индустрия саммитіне, 2023 жылы Женевадағы «Жақсылық үшін халықаралық AI» саммитінде бой көрсетті. Айтқандай, 2018 жылы 2-3 шілдеде София біздің елге келіп, Жібек жолы елдерінің қалалары мэрлерінің форумында қонақ болды. Робот-қыз София Астанаға ғашық болғанын айтты. Әттең, біздің билік гиноидқа азаматтық бергенде, елорда да қалар ма еді?! 2016 жылы София АҚШ телеарнасы CNBC-тің тілшісімен тілдесті. Кейін, BBC, CNN, Forbes, The New York Times сынды медиаларға сұхбат беріп, жасанды интеллект, робототехника және болашақтағы адам мен робот қарым-қатынасы туралы ойымен бөлісті. Ол Ник Бостром, Юваль Ной Харари, Рэй Курцвейл, Дуглас Хофштадтер, Джордж Оруэлл сынды автордың кітаптарын оптикалық таңбаны тану технологиясын қолданып оқиды екен. Tesla компаниясы жасаған Optimus Gen2 жаңа буындағы гуманоидке жатады. Егер бір дана Optimus Gen2-ке қол жеткізсеңіз, онда логистика және қойма жұмысына, күнделікті үй шаруасына, ауруханада пациенттерге күтім жасауға қолданып, арқаны кеңге салып, шалқайып жатуға әбден болады. Биіктігі 173 см, салмағы 55 келі болатын роботтың қозғалу қабілеті жақсарған, қолы адам саусақтары сияқты жұмыс істейді. Ақылды, өз бетінше тез шешім шығарады. Тілалғыш Optimus Gen2-ден ақыл сұрасаңыз, талап-тілегіңізді әп-сәтте орындайды. 2024 жылы Үндістанның оңтүстігіндегі Керала штатының мектебінде Айрис есімді гиноид-мұғалім пайда болды. Makerlabs Edutech компаниясының стартап өнімі өзінің жылы көзқарасымен және дәстүрлі киімімен баурайды. Бастысы, Айрис сабақты қызықты әрі жеңіл өткізеді екен. Жұлын жарақаты бар адамдарға қайтадан жүруге мүмкіндік беретін ReWalk, үйді автоматты түрде тазалайтын Roomba, топырақты өңдеу, егу, суару және өнім жинайтын AgBot, сондай-ақ робот-хирург – Da Vinci, робот-ит – Sony Aibo, робот-бақташы – LawnBott және тағы басқасын атауға болады. Жақын келешекте биоинженерия роботтарға тірі организмнің кейбір қасиетін енгізуге мүмкіндік береді. Мәселен, ан-дроидқа жасанды бұлшық ет немесе сезім мүшесін орнатуға болады. Яғни, ғылым мен технологияның ілгерілеумен бірге гуманоидтардың адамға ұқсас болу мүмкіндігі артады.
Роботтардың келешегі қалай болады?
Бұл сұрақ ғалымдар, философтар, саясаткерлер және технология саласындағы мамандар арасында үлкен пікірталас тудырып келеді. Кейбір сарапшылар андроидтар ешқашан адамның басқаруынан шықпайды деп есептесе, басқалары жасанды интеллект тым дамып кетсе, адамдарға қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдайды. Сарапшылардың бір тобы роботтар – бағдарламаланған машина, олар код пен алгоритмдерге тәуелді, егер адам ЖИ-ді өшіргісі келсе, оны тоқтата алады дегенді алға тартады. Роботтарға «қауіпсіздік тежегішін» орнатып, ЖИ-дің қауіпті әрекетін тоқтататын механизм болатынын айтады. 2024 жылы ЕО қабылдаған Жасанды интеллект туралы заң және одан кейін қабылданатын заңдар адам мен роботтың теңсіздігін реттейді. Бұған америкалық биохимик Айзек Азимовтың үш заңын қосу керек. 1-заң: Роботтың адамға зияны жоқ. 2-заң: Робот адам берген команданың бәрін орындауға тиіс, қарсы шығуына болмайды. 3-заң. Робот өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Бірақ бірінші және екінші заңның қағидатын бұзбауы шарт. Сарапшылардың келесі тобы Карел Чапектің ғылыми-фантастикалық тұжырымдамасын қолдайды. «Матрица» мен «Терминатор» фильмінде орын алған роботтардың бүлігі болуы мүмкін. Экономикада роботтардың үлесі көбейіп, адамдар еңбек нарығынан шығады. Нәтижесінде, адамзат роботқа тәуелденеді. Егер роботтар жаңа роботтарды өздері құрастыра алатын болса, олардың санын шектеу қиын болады. Мұны да ойлау керек дегенді ұсынатындар бар. AI келешегіне байланысты үшінші пікір бар. Андроидтар ғарыш игеруге көмектеседі. Яғни, жаңа планеталарда қала салып, ин-фрақұрылымын жақсартады. Кейін адамдар сонда көшіп, жерден тәуелсіз жаңа өркениет құрады. Нәтиже – ғарыштық революция басталады. Билл Гейтс, Деннис Хонг, Родни Брукс, Ханс Моравец, Жохан Аурик, Аллен Ньюэлл, Джеффри Хинтон, Джон Маккарти, Марвин Мински, Йошуа Бенжио, Джон Хопфилд, Джеффри Хинтон және тағы басқа зерттеушілердің болжамына сүйеніп механоидтардың келешегі туралы сценарийді ұсынуға болады. 1-сценарий: 2050 жылға дейін гуманоидтар көмекші ретінде өмір сүреді. 2-сценарий: 2050-2100 жылы киберқұрылғы адам деңгейіне жетеді. 3-сценарий: 2100 жылдан кейінгі ан-дроид адаммен бәсекеге түседі. Бізді екінші сценарий қызықтырды. Сарапшылар 2050 жылдан кейін роботтар өз бетімен шешім қабылдайтын, шығармашылықпен айналысуға қабілетті болады-мыс. «Робот азаматтығы» заңы қолданысқа еніп, нейромашиналар ресми жұмыс істеп, салық төлей бастайды. 2100 жылдан кейін нейроинтерфейс пен жасанды интеллект жетіліп, адам мен роботтың айырмашылығы азаяды. Олардың құқығы заңмен бекітілуі мүмкін. Кейбір роботтар толықтай қоғам мүшесі болып өмір сүре бастайды.
P.S.
Сонымен, роботтардың кешесі, бүгіні, келешегі туралы талдадық. Алдағы уақытта өндіріс автоматтандыратын, күрделі оталарды жасайтын, көлік пен логистиканың сапасын арттыратын, білім беру мен ғылыми зерттеу жүргізетін киберқұрылғылардың саны арта береді. Біз робототехниканы жедел дамытып, оған қазақы таным-түсінікті енгізбесек, келешекте елдігімізді сақтау қиын болады.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ