Ізет пен ілтипат – бірліктің бастауы
Владимир Чепел:
Барлығы татулық пен сыйластықтың арқасы
– Қазақ халқы талай ауыр сынақтан өтті: соғыс, ашаршылық, қуғын-сүргін сияқты азапты күндерді басынан кешірді. Соған қарамастан, тілі бөлек, діні басқа, тағдыр тәлкегіне ұшыраған, басына қара бұлт үйірілген қаншама өзге ұлт өкіліне пана болып, оларға қолдау көрсетті. Қиын-қыстау заманда өзі аштық пен жұттан зардап шексе де, жанашырлық танытып, тағдырластарын құшақ жая қарсы алды. Бұл – қазақ халқының кең жүректі, бауырмал әрі дархан халық екенін айғақтайды. Сол үшін де алғысым шексіз! Алғыс айту күні – елдің бірлігін нығайтып, ортақ тарихымызға тағзым ететін ерекше мейрам. Бұл күн – ең алдымен, қазақ жері мен халқына деген алғысымызды білдіретін сәт. Бүгінде бейбіт аспан астында, тыныш заманда өмір сүріп жатқанымыз – сол бірліктің, сыйластықтың, бір-бірімізге көрсеткен қолдаудың арқасы. Сондықтан да, қазақ халқына деген ризашылығымыз шексіз. Әрбір өзге ұлт өкілі осылай ойлайды деп есептеймін. Ынтымақ пен татулық бар жерде – береке мен ырыс, достық пен сыйластық салтанат құрады. Еліміздің ынтымағы мәңгі жасасын, бауырмал қазақ еліміз аман болсын!
Дэниел Джеймс:
Бір ауыз жылы сөз жанға демеу болады
– Алғыс айту күні – мен үшін ерекше мәнге ие мереке. Бұл күн жақсылықты бағалап, өткенге құрмет көрсетіп, айналамыздағы адамдарға шынайы ризашылығымызды білдіруге мүмкіндік беретін сәт. Қазақстанда сан түрлі ұлт өкілдері бір-біріне қолдау көрсетіп, ортақ тарихымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Сондықтан бұл мереке – тек алғыс айтудың ғана емес, ел ішіндегі бірлікті, достықты және татулықты нығайтудың символы. Бұл күннің қоғамға тигізер әсері зор деп ойлаймын. Себебі алғыс айту адамдарды жақындастырып, мейірімге, ізгілікке шақырады. Жылы сөз жүректі жылытып қана қоймай, көңіл-күйді көтеріп, жан-дүниеңе шуақ сыйлайды. Біз жақындарымызға шын жүректен алғыс білдіру арқылы өзімізді де рухани тұрғыдан байытамыз. Алғыс – тек ризашылық белгісі ғана емес, ол адамның ішкі мәдениеті мен адамгершілік деңгейінің көрінісі. Мен үшін бұл күн – жақындарыма жүрекжарды алғысымды білдіріп, айналамдағы жандардың еңбегін бағалауға тамаша мүмкіндік. Көбінесе қарапайым «рахмет» деген сөз болмашы нәрсе сияқты көрінуі мүмкін, алайда оның әсері орасан. Кейде бір ауыз жылы сөз жанға демеу болып, адамның өмірге деген көзқарасын өзгертеді.
Евгений Кравчук:
Бұл тек бір күндік мереке емес
Алғыс айту күнінің идеологиялық мәні зор. Өйткені қазақ халқы сан түрлі ұлт өкілдерін бауырына басып, оларды туғанындай қабылдады. ХХ ғасырдың ауыр кезеңдерінде Қазақстанға жер аударылған мыңдаған адамды қазақ халқы құшақ жая қарсы алып, өз нанын бөлісті, бар жылуын сыйлады. Осы сәттен бастап қазақ халқының қонақжайлығы бүкіл әлемге үлгі бола алды. Бұл қасиет – халқымыздың ең басты құндылықтарының бірі. Мен қазақ халқына шексіз алғысымды білдіремін. Бұл тек бір күндік мереке емес, керісінше, өз тарихымызға, халқымыздың кең пейілі мен адамгершілігіне деген құрметтің белгісі. Жалпы, бұл күннің қоғамға тигізер әсері ерекше. Себебі алғыс айту – адамдарды жақындастырады, олардың арасындағы сыйластықты күшейтеді. Күнделікті өмірде де әрбір жанға алғыс айтуды ұмытпауымыз керек. Ал алғыс айту күні – соның маңызын еске салатын ерекше күн. Бұл мейрам жүректерге жылу сыйлап, адамдарды мейірімге жетелейді. Осы күннің мәнін түсініп, алғыс айтып жүрудің мәні зор.