«Таза бейсенбі» акциясы тұрақты түрде жалғасып келеді
Бұл іс-шара қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тазалықты сақтауға бағытталған.
Абай облысы Үржар ауданында өткен «Таза бейсенбі» акциясы аясында ауыл тұрғындары, еріктілер, «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері мен бастауыш партия ұйымдарының өкілдері Шевченко көшесіндегі суағарларды қардан тазалады. 20-дан аса адам қатысқан шара барысында 1 тоннаға жуық қар шығарылды.
«Біздің елді мекенге қар қалың түседі. Осыған орай, көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында арықтар мен көшелерді қардан тазалап жатырмыз. Аталған жұмысты әр апта сайын жалғастыратын боламыз», – деді «Жастар Рухының» белсендісі Әлия Сембай.
Шымкент қаласында өткен кезекті «Таза бейсенбі» акциясында Ю.Гагарин көшесіндегі аумақ тазартылды. Акцияға қалалық және аудандық филиалдардың қызметкерлері, «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосты.
Өскемен қаласында өткен акция барысында «Нұрлы жол» саябағының айналасы мен қала маңындағы Меновное ауылында тұратын жалғызбасты қарияның үйі қардан тазартылды.
«Жастардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында осындай акцияларды еріктілермен бірге тұрақты түрде өткізіп келеміз. Бүгінгі іс-шара аясында саябақты ғана емес, партияға өтініш білдірген жалғызбасты қарияның ауласын да қардан тазарттық. Сонымен қатар партиямыздың «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ардагерлерге тұрақты түрде көмек көрсетуді жалғастырамыз», – деді «AMANAT» партиясы ШҚО филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нұркенов.
Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында өткен акция аясында аманаттықтар мен «Жастар Рухы» белсенділері жалғызбасты қарияның үйінің ауласын қардан тазалап, үй шаруасына қолғабыс етті.
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында ұйымдастырылған акция барысында аудан орталығындағы Май бекеті ықшам ауданында тазалық жұмыстары жүргізілді.
«Қазір азаматтар тазалық мәдениетін түсініп, қоқысты арнайы жәшіктерге тастауға үйренді. Бұл – Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы мен партиямыздың «Таза бейсенбі» акциясының жемісті нәтижесі», – деді «Орталық» бастауыш партия ұйымының төрайымы Алма Мамирова.
Қарағанды облысының Шахтинск қаласында өткен акция аясында партия белсенділері жалғызбасты тыл еңбеккері Майорова Галина Яковлевнаның ауласын қардан тазартты.
«Кей жағдайда коммуналдық қызметтер барлық аулаларды уақытында тазалап үлгермейді. Сондықтан партия мүшелері қариялардың үйлеріне барып, қолдау көрсетуде», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Атырау облысы белсенділері акция барысында Индербор кентіндегі Қонаев көшесі бойы және филиалдың алдын тазалау жұмыстары жүргізілді.
Батыс Қазақстан облысының Бөрлі өңірінде Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Таза бейсенбі» акциясы жалғасуда.
Алматыда ерікті жастар қала тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға шақырып, үлкендерге көмек көрсету арқылы игі істерді насихаттады.
«Бұндай іс-шаралар ауданымызды көркейтуге және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға үлкен үлес қосады. Біз бірлесе отырып, экологиялық мәдениетті дамытып, таза әрі жайлы орта қалыптастырамыз», – деп атап өтті жергілікті тұрғын Сания Байоразова.
Маңғыстауда облысы Бейнеу ауданында ұйымдастырылған экологиялық акция барысында ауылдың әлеуметтік нысандары мен көрікті жерлері қардан тазартылды.
«Қалың қарды уақытылы тазалап, құм-тұз себілмесе, тұрғындарға қиындық туады. Сондықтан партия мүшелері қоғамдық орындар мен филиал ғимаратының маңын қардан тазартып, тұрғындардың қауіпсіз жүруіне жағдай жасады», – деді «AMANAT» партиясы Бейнеу аудандық филиалының атқарушы хатшысы Назарбек Қадір.
«AMANAT» партиясы ұйымдастырып келе жатқан «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өзге де өңірлерде өтті. Бұл бастама қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үндейді.