Маңғыстау мен Қызылордадан Ақтөбеге көмек жіберілуі мүмкін
Қазгидрометтің мәліметіне сәйкес Ақтөбе қаласы, сондай-ақ Мұғалжар, Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк, Қобда аудандарында топырақтың қату деңгейі 2024 жылғы көрсеткіштен 1,5-2 есе асады.
Ақтөбе облысы әкімдігінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық штабтың кезектен тыс отырыс өтті. Онда көктемгі тасқынға дайындық жайы пысықталды. Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының орынбасары Айбат Жаңабергеновтің айтуынша, былтыр топырақтың беткі қабаты қатып, тоң қалың болып, қар аралас жауын-шашынның салдарынан тасқынның зардабы тиді.
"Қазгидрометтің мәліметіне сәйкес Ақтөбе қаласы, сондай-ақ Мұғалжар, Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк, Қобда аудандарында топырақтың қату деңгейі 2024 жылғы көрсеткіштен 1,5-2 есе асады. Бұл 2025 жылы су тасқыны қаупінің жоғары екендігін көрсетеді. Жеке құрамнан 2 454 адам, 866 техника, 441 мотосорғы, 102 жүзу құралы, 638 су өткізбейтін комбинезон, 82 шатыр, 2 далалық ас үй және 157 генератор дайындалды. Сондай-ақ, жалпы сыйымдылығы 34 990 адамға арналған 199 уақытша орналастыру пункті әзірленді. Қажет болған жағдайда қосымша Қызылорда (30 адам, 6 бірлік техника) және Маңғыстау облыстарынан (45 адам, 5 бірлік техника) ТЖМ күштері мен құралдары тартылады", - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ақтөбе қаласында 80 саяжай ұжымында қауіп бар. Олар үшін 16 уақытша орналастыру пункті дайындалады. Қаладағы Песчанка өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен бірге Ақтөбе қаласы, Алға, Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар, Ойыл, Қобда және Хромтау аудандарында мұз жару жұмыстарын жүргізетін 22 орын анықталған. Қорғаныс бөгеттері мен су бұру арналарын салған мердігерлер енді кезекшілікке шығады.
"Биыл су басу қаупі бұрынғыға қарағанда айтарлықтай жоғары екенін көріп отырмыз. Сондықтан барлық жауапты орган жедел және үйлесімді әрекет етуі керек. Қалалар мен аудандар әкімдерінен арықтарды, каналдарды, бөгеттерді және су өткізу құрылыстарын тазарту жұмыстарын 10 наурызға дейін аяқтауды тапсырамын. Бау-бақша ұжымдарындағы және қауіпті аймақтағы елді мекендердегі қорғаныс құрылыстарына ерекше назар аударылсын. Әкімдіктер азық-түлік, дәрі-дәрмек және жылы заттарды қоса алғанда, барлық қажетті заттармен уақытша орналастыру пункттерін қамтамасыз етуі тиіс. Егер бір жерде жұмыс тиісінше орындалмаса, біз әкімшілік тиісті шаралар қолданамыз. Су тасқыны кезеңі барынша жауапкершілікті талап етеді сондықтан әркім өз жұмысының маңыздылығын түсінуі тиіс", - деді жиында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.