Жаңалықтар

Алматы облысында бір айда жүздеген бас мал ұрлаған қылмыстық топтар ұсталды

фото: видеодан скриншот

Кеген ауданында 35 жастағы жергілікті тұрғын сериялық жылқы ұрлығы үшін ұсталды

Алматы облысында бір айда жүздеген бас мал ұрлаған үш бірдей қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды tyrkystan.kz.

Өңірлік ПД мәліметінше, тек осы айдың өзінде Алматы облысының полицейлері бірнеше мал ұрлығына қатысы бар үш қылмыстық топты ұстады. Жедел шаралардың нәтижесінде 10 адам анықталып, ұсталды, олардың тоғызы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Соңғы операция 22 ақпанда болды. Полицияға Ұзынағаш ауылының тұрғыны қорасынан бес жылқының ұрланғаны туралы арызданды. Келтірілген шығын 5 миллион теңгені құрады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 32 және 34 жастағы екі күдікті ұсталды. Олар қамауға алынып, ұрланған мал иесіне қайтарылды», – деп хабарлады полицияда.

Сонымен қатар, Кеген ауданында 35 жастағы жергілікті тұрғын сериялық жылқы ұрлығы үшін ұсталды. Мәліметтерге сәйкес, ол тоғыз бас малды ұрлап, оны үшінші тұлғаларға қайта сатқан. Сатып алушылар осы деректі растағаннан кейін, күдікті өз кінәсін мойындады. Жалпы шығын 4 миллион теңгеден асты.

Полицияның хабарлауынша, жыл басынан бері Жамбыл ауданының аумағында үш топ мал ұрылары жойылып, олар жасаған 20 эпизод дәлелденді. Аталған қылмыстың нәтижесінде 460 бас мал ұрланған.

«Қызметкерлердің жедел жұмысының арқасында күдіктілер сатып үлгермеген мал тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Қайтарылған мүліктің жалпы құны 13 миллион теңгеден асты», – деп атап өтті ведомство.