Жаңалықтар

«Құқықтық көмек»: Қызылорда облысында 40-тан астам азамат заңгердің көмегіне жүгінді

«Құқықтық көмек» партиялық жобасының – мақсаты азаматтардың құқықтық деңгейін арттыру, тегін заңгерлік кеңестер беру

Бүгін партияның облыстық филиалы және Қызылорда облысының жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының бірлесіп ұйымдстыруымен «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында тақырыптық қабылдау өтті.

Шараға жеке сот орындаушылар өңірлік палатасынан құрылған алимент кеңсесі өкілдері қатысып, алимент санатындағы атқарушылық іс жүргізу құжаттары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

«Құқықтық көмек» партиялық жобасының – мақсаты азаматтардың құқықтық деңгейін арттыру, тегін заңгерлік кеңестер беру, заң талаптарына сәйкес мүгедектер санатына жататындарға заңгерлік сүймелдеумен көмектесу.

Қабылдау барысында партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов келушілерге жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарды жеткізді.

«Құқықтық көмек» жобасы аясында партия алаңдарында  заңгер, адвокат, медиатор және құзырлы мекеме өкілдерінің тақырыптық қабылдаулары өткізіліп, тұрғындарға тегін заңгерлік кеңес беріліп келеді.  Мәселен өткен жылы «Құқықтық көмек» жобасымен өткен 123 қабылдауда 363 мәселе қаралды. 51 тұрғынға кеңес беріліп, 37 тұрғынға құқықтық сүйемелдеу шаралары жүргізілді.  Онда түрлі бағыттарда заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, олардағы талаптармен айқындалған жеңілдіктер жайлы тиісті сала мамандарымен көпшілікке кеңінен түсіндірілді. Бүгін жеке сот орындаушылар өңірлік палатасымен бірлесіп, алимент өндіру іс қағаздары бойынша түсіндірме жүргізілгелі отыр», – деді Алмасбек Есмаханов.

Облыс аумағында 72 ЖСО қызмет атқарады. Оның ішінде Өңірлік палатамен алимент санаты бойынша жұмыстарды жандандыру барысында, алимент кеңсесі ашылып, қала аумағында жеті жеке сот орындаушы жұмыс жасап жатыр.

Жеке сот орындаушылар өңірлік палатасы төрағасының орынбасары Расул Серікұлының айтуынша, өткен жылы әкімшілік жауапкершілікке тартылған 87 борышкерге қатысты ұсыныс қылмыстық қудалау органына жолданған.

«Нәтижесінде «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі» жүйесіне 27 материал тіркеліп, 18 қылмыстық іс сотқа жолданған. Бірінші саты соттың айыптау үкімімен 18 сотталушыға 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы қолданылған. Сонымен қатар өткен жылы борышкерлеге арналған 6 бос орындар жәрмеңкесі өтіп, 107 борышкер жұмысқа орналастырылған  және жеке сот орындаушылармен 251,8 млн теңге алимент берешегі өндірілген. Одан бөлек, алимент берешегі есебінен 1 үй, 4 жер борышкерден өндіріп алушының атына аударылып берілген. Биыл қаңтар айында алимент берешегі 16 840 688 теңге өндірілді», –  дейді  Расул Серікұлы.

Партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында ұйымдастырған тақырыптық қабылдауға 40-тан астам азамат қатысып, заңнамалық кеңестер алды.