Жаңалықтар

«AMANAT» партиясының өкілі Түркияда Әділет және даму партиясының съезіне қатысты

«AMANAT» партиясы

«AMANAT» партиясы Орталық аппаратының басшысының қатысуы екі елдің партияаралық диалогын нығайтуға деген ұмтылысын айқындады.

23 ақпан күні Анкарада Әділет және даму партиясының (AK Parti) VIII кезекті съезі өтті. Онда әр мемлекеттен келген саяси күштердің өкілдері бас қосты. Іс-шараға «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов қатысты.

Іс-шараға 1600-ден астам делегат, сондай-ақ 18 мемлекеттен келген 22 саяси бірлестіктің өкілдері жиналды. Қазақстан Республикасының өкілі ретінде съезге «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов қатысты. Оның жиынға қатысуы, екі елдің партияаралық диалогын нығайтуға деген ұмтылысын айқындады.

Съезде Түркияның әлеуметтік-экономикалық дамуының, түрлі саладағы реформалардың, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықтың негізгі мәселелері талқыланды. Әділет және даму партиясы елдің тұрақтылығы мен дамуын одан әрі нығайту стратегиясын ұсынды. Іс-шарадағы маңызды тақырып ретінде шетелдік серіктестермен өзара қарым-қатынасты нығайту мәселесі қаралды. Бұл Түркияның халықаралық  ынтымақтастықты саяси және экономикалық деңгейде кеңейтуге деген ниетін көрсетеді .

«AMANAT» партиясы өкілінің съезге қатысуы Қазақстанның Түркиямен белсенді диалог орнатуға және түрлі сала бойынша ынтымақтастықты күшейтуге дайын екенін білдіреді. «AMANAT» партиясы Әділет және даму партиясымен өзара сенімге және стратегиялық әріптестікке негізделген екіжақты қарым-қатынасты дамытуға бағытталған ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға мүдделі екенін растайды.