Халық тасқыннан тентіреп кетпесін десек, проблемаларды дереу шешу қажет – Нартай Сәрсенғалиев
Депутаттың ақпаратынша, тасқынның салдарын жою үшін Үкімет резервінен 46,9 млрд теңге бөлінген.
«Былтыр еліміздің тең жартысы су астында қалды,
он аймақта төтенше жағдай жарияланды. Жұрттың жиып-тергенін су ағызып алып кетті. Дүние былай тұрсын, арнасынан адасып аққан қызыл су адам өмірін жалмағанын да білеміз. Барынан айрылған бұқарамен аяқтай барып кездестік, жапа шеккен жұртқа жабылып жәрдем жасады қазақ елі. Сол кезде
ел атқарушы биліктің тасқынға тосқауылды ерте бастамағанына наразы болған еді. Расында, Мемлекет басшысының «Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады» деп жұртқа жауап беруі тиіс жауапсыз органдарды қатаң сынағаны есімізде», – деді халық қалаулысы.
Депутаттың ақпаратынша, тасқынның салдарын жою үшін Үкімет резервінен 46,9 млрд теңге бөлінген.
«Одан бөлек әр облыстың бюджетінен де қомақты қаражат берілді. Сорақысы сол, 2024 жылы су тасқынының алдын алуға деп жергілікті бюджет бір мәрте қаржы бөледі, тасқыннан соң салдарын жоюға деп және қыруар қаражат алады бюджеттен. Заңды сұрақ туады, ендеше төтенше жағдайдың алдын алуға бөлінген қаражат қайда кетті, кім жауапты? Ел әлі осы сұрақтың жауабын талап етеді.
Биылғы ахуал да мәз емес. Ресми мәліметке сүйенсек, биыл 1 223 елді-мекен су басу қаупі бар аймақта тұр. Қазірдің өзінде Ресейден еліміздің батыс өңіріне су жоспардағыдан
көп жіберіліп жатыр деген дерек бар. Демек тағы қолымызды мезгілінен кеш сермеп қалмау үшін қауіпсіздікті қазірден бастап күшейту керек. Әйтпесе тұтас елді тасқынның астына тастап, салдарын жою үшін бюджетті айналшықтап жүру жөн білетін адамның әрекеті емес.
Былтыр су астында қалған аймақтардың әкімдіктерінен ресми ақпараттарды алдырдым, 2025 жылы төтенше жағдайдың алдын алуға қанша қаражат дайындап қойғанын айтайын, бұқара білсін.
Ақмола облысы 131,5 млн теңге, Ақтөбе облысы 848,7 млн теңге, БҚО 10,5 млрд теңге, Павлодар облысы 3,6 млрд теңгені бюджеттен қарастырған.
Әрі қарай, Абай әкімдігі 2025 жылы су тасқынының алдын алуға жергілікті бюджеттен 67 млн. теңге, Атырау облысы 22,1 млрд теңге, Қарағанды облысы 6 млрд теңге, Қостанай облысы 916,2 млн теңге, Солтүстік Қазақстан облысы 2,5 млрд теңге дайындап қойған.
Қаражат бар, бірақ ол тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпеуі шарт», – деді ол.
Ол су қоймаларының көбі қараусыз қалып, гидрологиялық нысандардың тозғанын атап өтті.
«Былтыр көзіміз жеткен тағы бір өзекті мәселе су өткелдері мен арықтардың тазаланбаған күйі жылдап жатқаны.
Тіпті кей аймақтарда өзендердің жайылмасы тұрғын үй алабына айналып кеткен. Былтырғы қателіктен сабақ алып аталған
су арналарын ашу қажет. Бұдан бөлек, еліміздегі
су қоймаларының көбі қараусыз қалған, біразы жекеменшікке берілген. Тиісінше тиісті күтім жоқ. Салдарынан гидрологиялық нысандардың тоз-тозы шыққан. Бұл проблеманың айтылғаны бүгін немесе кеше емес. Бірақ ескерту бар да, ескеру болмай тұр. Биыл да халық тасқыннан тентіреп кетпесін десек, аталған проблемаларды дереу шешу қажет.
Осы орайда мынадай нақты ұсыныстар бар:
1. Президент былтыр «Цифрлық даму министрлігі Экология, Су ресурстары және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп жыл соңына дейін барлық ықтимал төтенше жағдайларды (су тасқыны, өрт және т.б.) модельдеуге, тиісті болжамдар, ұсынымдар мен іс-қимыл жоспарын жасауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеуге тиіс» деген тапсырма берді. Арада бір жыл өтті,
ол жүйе дайын ба? Болса ашып көрсетіңіздер, халық та білсін.
2. Көктемгі су тасқынында халық жапа шекпеу үшін төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарын пысықтау қажет.
3. Су басуы мүмкін елді мекендердегі тұрғын үйлер
мен ғимараттарды, мүліктерді сақтандыру жұмыстарын үйлестіру қажет.
4. Өзендердің жайылмаларын, су арналарын тазалап, қарғын келгенде көмектесетін дренаждар мен насостарды қайта орналастыру керек.
5. Келген суды ысырап қылмай сақтау үшін елдегі
су қоймаларының жарамдылығы мен сыйымдылығын тексеру қажет.
6. Мемлекет басшысы Үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын декларативті сипатқа ие құжат деп қатаң сынға алған болатын. Аталған тұжырымдамаға су тасқыны салдарынан болатын шығынның алдын алу және азайтуға мүмкіндік беретін жаңадан енгізілген өзгерістерді жауаппен қоса жолдасаңыздар», - деді Н. Сәрсенғалиев.