Батыс Қазақстанда департамент басшысы жауапқа тартылды
Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін Департамент басшысы 196 600 теңге айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бас прокуратураның мәліметінше, қадағалау қызметі барысында 22.01.2025ж. Батыс Қазақстан облысының Техникалық реттеу және метрология департаменті (бұдан әрі – Департамент) техникалық ережелерді бұзғаны үшін «Орал сүт зауыты» ЖШС-ның декларациясын 1 ай мерзімге тоқтата тұру туралы бұйрық шығарды.
«Облыстық прокуратура жүргізген талдау нәтижелері бойынша, жоғарыда аталған бұйрықтың қолданыстағы заңнаманы бұза отырып шығарылғаны және кәсіпкердің қызметін шектейтіні анықталды.
Атап айтқанда, Департамент гендік түрлендірілген организмдер арқылы алынған компоненттердің тағамдық өнімдерінде болуы туралы ақпаратты көрсету қажеттілігін көрсетті.
Алайда азық-түлік өнімдерінің ерекше белгілерін таңбалау тек ерікті түрде көрсетіледі.
12.02.2025ж. облыстық прокуратураның наразылығы бойынша Департаменттің жоғарыда аталған бұйрығының күші жойылды.
Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін Департамент басшысы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 173-бабына сәйкес (Лауазымды адамдардың кәсiпкерлiк қызметке заңсыз араласуы) 196 600 теңге айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Осылайша кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді», – делінген хабарламада.