Заң мен тәртіп: Қазақстанда 3 700-ге жуық мопед тіркелді
Барлық мопед иелері көліктерін 2025 жылдың 5 сәуіріне дейін тіркеуге міндетті.
Алматыда полиция қызметкерлері мопед иелері арасында көлік құралдарын тіркеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар жол жүрісі қағидаларын сақтау қажет екендігін еске салды.
Барлық мопед иелері көліктерін 2025 жылдың 5 сәуіріне дейін тіркеуге міндетті.
Мопедті тіркеу үшін иелері тұрғылықты жері бойынша Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына (арнайы ХҚКО) жүгініп, құжаттарды ұсынып, техникалық тексеруден өтіп, сондай-ақ көлікті тіркеу, тіркеу туралы куәлік және мемлекеттік нөмір алу үшін мемлекеттік баждарды төлеуі қажет.
Айта кету керек, 5 сәуірден кейін тіркелмеген мопедтерді басқаруға тыйым салынады. Тіркелмеген мопедтерді пайдаланумен байланысты құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 2-тармағына сәйкес 10 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жауапкершілік көзделген.
Бүгінгі таңда республика бойынша 3 700-ге жуық мопед тіркелген, оның шамамен 1 400-і Алматыда.
Полицейлер көлік құралдарының иелерін барлық қажетті рәсімдерді уақтылы орындауға және заң талаптарын сақтауға шақырады.