ҚазҰУ мен Ұлттық инженерлік академия меморандум жасасты
Мақсат – оқу ордасы мен академия арасындағы әріптестік байланысты тереңдету.
Аталған келісімге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев пен ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов қол қойды.
Болашақта қос тарап меморандум аясында ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асырып қана қоймай, бірлескен халықаралық конференциялар, симпозиумдар мен кездесулерді ұйымдастырады. Сондай-ақ академия ғалымдары ҚазҰУ докторанттарының ғылыми жұмыстарына жетекшілік етеді.
«Ұлттық инженерлік академиясында 200-ден астам техника ғылымдарының докторлары бар. Алдағы уақытта академия мүшелері оқу ордасының ғалымдарымен тығыз байланыста болып, ғылыми жобаларды нарыққа шығаруға жәрдемдесетін болады», – деді академия президенті Бақытжан Жұмағұлов.
ҚазҰУ-ға сапары барысында Ұлттық инженерлік академиясының президенті бастаған делегация оқу ордасының ғылыми орталықтары мен зертханаларын аралап, ғалымдар әзірлеген инновациялық жобалардың нәтижелерімен танысты.
Делегация құрамында академияның вице-президенті Амандық Төлешов, академик Тынысбек Қалменов, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры, профессор Амангелді Саданов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымының докторы Алма Әбілқасымова, химия ғылымының докторы, профессор Григорий Мун, профессор Айдархан Қалтаев, ЖОО мен ҒЗИ басшылары мен көрнекті академиктер бар.
Алдымен құрметті қонақтар география және табиғатты пайдалану факультетінде жаңадан ашылған «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығына барды. Құрамына 10 ғылыми зертхана кіретін орталық қоршаған ортаны қорғау бойынша мониторинг жүргізеді. Яғни мұндағы мамандар су, топырақ, туризм, геодезия, ландшафттардың сапасын талдау бағытында жұмыс істейді.
Кейін делегация мүшелері «Қашықтықтан зондтау технологиясы және қолдану» бірлескен қазақ-қытай зертханасын көріп, ҚазҰУ-да орнатылған суперкомпьютердің атқарар негізгі қызметімен танысты. Орталық Азиядағы ең қуатты саналатын суперкомпьютер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің келісімі аясында ҚазҰУ-ға қойылған болатын. Әлемдегі ең үздік 600 суперкомпьютердің тізіміне кіреді. Жоғары технологиялық құрылғы университеттің есептеу техникасы саласындағы мүмкіндіктерін едәуір кеңейте отырып, ғылыми зерттеулердің тиімділігі мен дәлдігін арттырады. Сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын, күрделі есептеулерді шешу және жасау, IoT-объектілерді басқару және ұйымдастыру, Smart-технологиялар объектілерін басқару жөніндегі бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу үшін қолданылады.
Құрметті қонақтар жоғары оқу орнының 90 жылдығына орай бой көтерген «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығын да аралап көрді. Хабта академиктерге зертханалар мен орталықтардың ғылыми нәтижелері баяндалып, ғалымдардың инновациялық жобалары туралы ақпарат берілді.
Сондай-ақ Фараби робототехника орталығының мамандары делегация мүшелеріне әртүрлі салаларға арналған роботты жүйелерді әзірлеу және енгізудегі жетістіктерді көрсетті. Өнеркәсіптік робототехника және роботтандыру саласындағы инженерлік құзыреттер орталығы Дүниежүзілік банктің жобасы шеңберінде құрылды. Мұнда Германияның белгілі «KUKA» компаниясының роботтары қойылған.