«Тұздалған қияр жеген»: Рудныйда уланған үш адамның бірі қаза тапты

24 ақпан, 2025 / Өтей Торғайұлы
Сурет: istockphoto.com
Науқастардың бірі көз жұмды.

Қостанай облысында 15 жыл ішінде алғаш рет үш адамда ботулизм тіркелді, деп хабарлады turkystan.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Анықталғандай науқастар үйде дайындалған консервілерді тұтынғаннан кейін уланып қалған.

Үш ер адам қатты улану белгілерімен Рудный қаласындағы ауруханаға түскен. Дәрігерлер олардан ботулизм диагнозын анықтады. Тергеу барысында олардың үйде дайындалған тұздалған қиярдан уланғаны белгілі болды. Дәрігерлер екі науқасты аман алып қалды, алайда үшіншісі көз жұмды.  

"Зерттеу нәтижесінде тұздалған қиярдың қалдықтарынан ботулотоксин анықталды. Бұл ауру көбінесе дұрыс дайындалмаған немесе дұрыс сақталмаған консервілерді тұтыну нәтижесінде пайда болады. Әсіресе консервіленген саңырауқұлақтар, үрмебұршақ, шпинат және басқа да өнімдер қауіпті. Сонымен қатар кептірілген, тұздалған балық пен ет өнімдері де ботулизм тудыруы мүмкін", – деп түсіндірді Қостанай облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зауре Ельшибаева.  

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, бұл – соңғы 15 жылдағы облыста тіркелген алғашқы ботулизм оқиғасы.

Тэгтер:

Рудный қияр