Қарағандылық оқушылар АҚШ-та робототехникадан өтетін жарысқа жолдама алды
«Су ресурстары мен суасты әлемін зерттеудің жаһандық мәселесі» тақырыбына арналған жарысқа Қарағанды облысының «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатынан 4 команда қатысты.
«FIRST LEGO League Challenge» санаты бойынша «M2T» командасы «Autonomous genius award» номинациясына ие болса, «Rasslexx» командасы бас жүлдені ұтып, АҚШ-тың Техас штаты Хьюстон қаласында өтетін әлемдік кезеңге жолдама алды.
«FIRST Tech Challenge» санатындағы FTC роботтарының жарыстары өте тартысты өтті. Бұл жарыста «Мұрагер» мектебінің тәжірибелі «Jeltoqsun» командасы екі бірдей «Inspire award» және «Winning alliance partner award» номинацияларымен қоса, Бас жүлдені жеңіп алып АҚШ-тың Техас штаты Хьюстон қаласында өтетін әлемдік кезеңге жолдама алды.
Сонымен қатар, жоғары нәтиже көрсеткені үшін «Мұрагер» мектебі «Recognition award» номинациясымен марапатталып, оқушылар Огай Руслан мен Анирова Алина ҚБТУ университетіне төрт жылдық грант иеленді.
«Jeltoqsun» командасының капитаны Ермеков Акбар АҚШ-тың жоғары оқу орнында оқу грантына дүниежүзі бойынша іріктелген 20 үміткердің қатарына ілікті.