Алматыда арнайы жасақ қызметкерлеріне шабуыл жасалған (ВИДЕО)
Ер адамдар мен арнайы жасақ қызметкерлері арасындағы жанжал 22 ақпанда таңғы сағат 5 шамасында болған.
Бейнежазба Instagram желісіндегі krisp_almaty парақшасында жарияланды. Жазба авторының сөзінше, 22 ақпанда таңғы уақытта Алматыдағы Назарбаев даңғылында мас күйдегі үш адам кезекшілік қызметте жүрген жылдам қимылдайтын арнайы жасақ (СОБР) қызметкерлеріне шабуыл жасаған.
«Қызметкерлерге агрессивті мінез танытқан мас күйдегі үш адам жүргені туралы қоңырау түсті, ал арнайы жасақ қызметкерлері агрессияға қарамастан, жоғары кәсібилік пен жауапкершілік танытып, оларға қарсы күш қолданбады», - делінген хабарламада.
Бұл ретте жазба авторы шабуыл жасаушылардың «құқық қорғау органдарында таныстарымыз бар» деп айтқанын атап өтеді.
«Ал олардың көлігі – Toyota Land Cruiser 300 – қаржылық жағдайы жақсы екенін және бұзақылардың ықпалды адамдар болуы мүмкін екенін көрсетеді», - деп есептейді жазба авторы.
«Құқық бұзушылар қоғамдық орында алкогольге мас күйде болғаны, ұсақ бұзақылық жасағаны, полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамағаны үшін ұсталып, жауапкершілікке тартылды», - деп түсіндірді полиция.