Елімізде инженер-гидротехник мамандар тапшы – 40 жылдық тәжірибесі бар маман
Су қоймаларының суы табалдырығына дейін босатылмаса апат болуы әбден мүмкін.
«Қазсушар» РМК-ның басты мақсаты – республикалық меншіктегі су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын күтіп-ұстау, пайдалану, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының суару-суландыру жүйесінің құрамында 14 су қоймасы, 4 су торабы, 2 сорғы стансасы, 50 ірі гидротехникалық ғимарат, 1 200 км магистралды және таратушы каналдар, 26 өндірістік және қызметтік ғимараттар бар. Ресей Федерациясының су шаруашылығы ұйымдарымен бірлесіп, мемлекетаралық маңызы бар нысандар: трансшекаралық өзендерде орналасқан Сарыөзен суару-суландыру жүйесін, Қараөзен суару-суландыру жүйесін, Жәнібек суару-суландыру жүйесін, Шаған су қоймасын пайдаланамыз. Халықты сумен қамтамасыз ететін Қазақстандағы ең ірі жүйелердің бірі – Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесі де бізге қарайды», – дейді Шынболат Ермағамбетов.
Су шаруашылығы нысандарының жай-күйін филиалдың желілік инженерлік-техникалық қызметкерлері мен бас мамандары тұрақты қадағалайды. Су қоймалары мен 4 су торабында гидрометриялық бекеттер бар. Бақылау күн сайын жүргізіледі.
«Суы тобықтан ғана келетін Жайық өзені былтыр көтемде күшіне мініп, құрғап қалған Жайық жайылымдары суға толды. Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінің су жіберу арнасы 2024 жылы, отыз жылдан кейін алғаш рет, секундына 150 текше метр су қабылдады. Су тасқыны кезінде Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне 553,0 млн.м³ су алынды. 68 мың гектар лиманға су жіберілді. Көшім өзенінің төменгі ағысында орналасқан көлдер суға толтырылды. Жайық-Көшім ССЖ су қоймалары, Қараөзен мен Сарыөзендегі су қоймалары да толтырылып, 54 мың гектар лиманға су жіберілді. Жайықтың арнасынан асуы су қорын молайтқанымен, зардабы көп болды. Шаған тармағының бөгеті су астында қалып, бөгеттен асқан су Жайық өзеніне құйылды. Жайық және Шаған өзендерінің бойындағы саяжайлар суға кетті. Жайық-Көшім ССЖ магистральдық арналарының бөгеттері шайылды. Қазіргі таңда бөгеттер қалпына келтірілді», – дейді маман.
Қазан айының ортасынан «Күзгі-қысқы уақытқа және су тасқынына қарсы іс-шаралар» жоспары жасақталып, гидротехникалық нысандар тексерістен өткізіледі. Нысандар жөндеуден өткізіліп, су қоймаларының, су арналарының жұмысы қысқы режимге ауыстырылады. Су арналарының жұмысы тоқтатылып, кейбір су қоймалары судан босатылады. Су қоймаларының суы табалдырығына дейін босатылмаса апат болуы әбден мүмкін. Қазір «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы су тасқынының салдарын жойып, 2025 жылға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«73,6 км арна тазартылып, жөнделді. Су тасқыны шайып кеткен Первомай, Бударин, Тайпақ және Кирово-Шежін каналдарының бөгеттері, Варфоломеев су торабындағы гидробекет, Сәңкібай каналының екі қақпалы гидроқұрылысы, Жаңажол бөгеті қалпына келтірілді. Бітік, Дөңгелек және Пятимар су қоймаларының гидротехникалық құрылыстарына көп факторлы тексеру жұмыстары жүргізілді. Шаған, Шолақаңқаты және Сұлусай су қоймалары босатылды. 14 гидротехникалық имаратты жөндеу және 7 каналды ішінара механикалық тазалау жұмыстары филиалдың 2025 жылға арналған жоспарына енгізілді. Көктем басында су қоймалары, гидротораптар, су арналары тағы да тексерістен өткізіліп, жолы қардан аршылады. Ала жаздай су нысандары қайта жөндеуден, механикалық тазалаудан өтіп, су пайдаланушыларға және санитарлық экологиялық мақсаттарға қажетті су жеткізіледі, елді-мекендерге ауыз су таратамыз», – дейді бас инженер-гидротехник.
Дегенмен 40 жылдық еңбек өтілі бар маманның айтуынша су саласында проблема баршылық. Басты мәселе – елімізде инженер-гидротехник, гидрогеолог мамандар тапшы.
«Батыс Қазақстан облысында жалпы жобалық сыйымдылығы 648,9 млн.текше метр болатын 39 су қоймасы бар, оның жобалық сыйымдылығы 449,8 млн.текше метр болатын 14-і – «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының қарамағында. Су шаруашылығы нысандары ұзақ уақыт пайдаланылған. Ал жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жеткілікті жүргізілмегендіктен ғимараттардың негізгі құрылыстары бұзылып, су арналары лайланып жатыр. Әсіресе көктемгі су тасқынында техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың ықтималдығы жоғары. Каналдар лайланып, қамыс өскендіктен, каналдардың жобалық су өткізу қабілеті жойылды. Осы проблемаларды шешу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Батыс Қазақстан облысының әкімдігі бекіткен суару жүйелерін қалпына келтірудің кешенді жоспарында облысымыздағы 28 су қоймасын және су арналарын қайта қалпына келтіру, күрделі жөндеуден өткізу қарастырылған. Көктемгі тасқын суын жинап, жаз айларында пайдалану үшін Жалпақтал су қоймасы салынбақшы. Оған қоса болашақта Қараөзен, Сарыөзен, Шаған, Деркөл өзендері арнасында да су қоймаларын салу жоспарда бар. Биыл Ақжайық ауданының Тоған ауылы маңындағы Киров су қоймасын реконструкциялау, Шаған өзені мен Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінің Көшім магистралды каналын механикалық тазарту жұмыстарын аяқтау жоспарланған», – дейді Шынболат Бекұлы.