Спорт

Жас каратэшілер БАӘ-де өткен турнирде 4 алтын жеңіп алды

Бұл сында Қазақстан спортшылары 11 медальмен (4 алтын, 7 қола) жалпы есепте 4-сатыға жайғасты.

БАӘ-нің Фуджейра қаласында жастар арасындағы А сериясының 2025 жылдағы алғашқы турнирі аяқталды. Қазақстандық спортшылар 11 медаль жеңіп алды. Бұл туралы Қазақстан каратэ федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бұл сында Қазақстан спортшылары 11 медальмен (4 алтын, 7 қола) жалпы есепте 4-сатыға жайғасты. Ал аталған додада Ресей спортшылары көш бастаса, екінші орынға Иран құрамасы қол жеткізді. Ал үздік үшінші орынға Мысыр командасы ие болды. 

Алғашқы алтынды кумите бағдарламасында Дінмұхаммед Айдарбек (U16-17) 55 кг дейінгі салмақта топ жарып, қоржынға салды. Дінмұхаммед 2023 жылы осы Фуджейрадағы жарыста 3-орын алған.

Осыдан кейін 14-15 жас санатында Нұрасыл Нұрсейіт (-52 кг) пен Сұңқар Қанибек (-70 кг) чемпион атанды. Нұрасыл аса тартысты өткен финалда Максим Виечкановты (Украина), Сұңқар Хорватия өкілін тізе бүктірді. Ал шешуші жарыс күні Аяулым Тілектес (-47 кг) барлық 6 жекпе-жекте қарсыласын жеңіп, мықты екенін көрсетті.

Қола медаль жеңіп алып, үздік үштікке кірген спортшыларымыздың тізімі:

U21 жас санаты - Ақниет Шеризат (-55 кг)

U16-17 жас санаты - Гүлнұр Қойшыбай (-59 кг);

U14-15 жас санаты - Амир Кеңесбай (-52 кг), Руслан Еркін (-57 кг), Батыр Әділ (-57 кг);

U12-13 жас санаты - Арнұр Мұрат (-45 кг) пен Инсар Ахмадиев (-50 кг);

Айта кетейік, Фуджейрадағы турнирге 87 мемлекеттен 2 400-ге жуық спортшы жиналды. Қазақстаннан биыл барлығы 140 каратэші сынға түсті. Жастар арасындағы серияның келесі кезеңін Гвадалахара қаласы (Испания) қабылдайды.