Өрлеу мен тоқырау: балалар әдебиетінің аяқ алысы қалай?
Өрлеу мен тоқырау: балалар әдебиетінің аяқ алысы қалай?
Балалар әдебиетіне қалам тарту екінің бірінің қолынан келетін шаруа емес. Балаға арнап жазу нақтылықты, қысқалықты қажет етеді. Бұдан өзге айтатын ойдың жұп-жұмыр, ұғынықты, жатық әрі бейнелі болуы да басты талап. Содан ба екен, балалар әдебиеті кенжелеп қалған сияқты.
Көптеген мүйізі қарағайдай жазушы ағаларымыз әуелгі дүниесін балаларға арнап жазса да, уақыттың талабына сай басқа арнаға бет бұрып жатты. Бұл бәлкім, балалар әдебиетінің нарық заманы табанының астында қалғанын айғақтауы да мүмкін. Соған қарамастан, кішкентай оқырмандардың сұранысын жерге қалдырып отырған жоқпыз. Жыл сайын дәстүрлі түрде балалар шығармасына арналған «Дарабоз» халықаралық бәйгесі өткізіліп келсе, «Қазақмыс» тобы мен Жазушылар одағы балаларға арналған үздік әдеби шығармалардың «Балауса» атты бәйгесін ұйымдастырғаны да жұртқа мәлім. Әрине, сан бар жерде сапа бар. Бұл байқаулар балалар әдебиетіне жаңа, тың шығармалар легін қосқаны өз алдына, жыл сайын әдеби ортаға жаңа есімдер таныла бастады. Алайда былтыр он екінші мәрте өткізілген «Дарабоз» халықаралық бәйгесі өз миссиясын атқарып болды ма, әлде бас демеушілер тарапынан қандай да бір кілтипан туындады ма, бұл жағы белгісіз. Бір білетініміз – биыл байқаудың болатындығы жайында хабарлама жарияланған жоқ. 2005 жылдан бері «Дарабоз» халықаралық бәйгесінің ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген жазушы Шәкен Күмісбайұлы да пікірімізді растағандай болды. «Балалар әдебиетін өркендетуге септігін тигізген «Дарабоз» бәйгесінің арқасында он бес шақты балалар жазушысы шықты. Ынталандыру барда жақсы дүниелер өмірге келетіні рас. Тіпті, айналасы он екі жылдың ішінде аға буын өкілдері де балалар әдебиетіне ептеп жаза бастаған еді. Жүлде алған шығармалар кітап ретінде басылып, оқырманға жол тартты. Бәйгенің шарапаты көп болды. Алайда биыл тоқтап қалған сияқты. Бұл уақытта баспасөз бетінде бәйгенің өтетіндігі және шарттары туралы ақпарат жарияланып, шығармалар ағылып жататын-ды. Бұған дейін жанымыздан табылған «Жер-Су» корпорация басшылығына еш өкпе жоқ. Бауыржан Оспанов мырзаның ақеділ көңілі мен балалар әдебиетіне деген жанашырлығы талай таланттың көзін ашып, әдебиет айдынындағы тұсауын кесті. Ал өзім денсаулығыма байланысты бұл шаруаның соңына түсіп, жүгіре алмаймын. Екі жыл болды, бұл істі Жұлдыз Омарбекова қолына алған», – дейді жазушы.
Шынында да, «Дарабоз» бәйгесінің екпіні былтыр басылғандай көрінген. Бұл жөнінде жазушы Қанат Қайымның газетімізге жарияланған «Балалар кітабы: биылғы әдеби бәйгенің әттеген-айлары» мақаласында кеңірек қамтылған еді. Автор: «2016 жылы өтетін Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің шарттары туралы хабарламаны күттік. Бәйге мерзімі аяқталып, мәреге жеткенде, жеңімпаздарды марапаттайтын салтанатты сәтті күттік. Осы жолы, өкінішке қарай, мұның барлығы дәстүрлі мерзімдерін өткізіп барып жетті. Бірақ «игіліктің ерте-кеші жоқ» деген үмітіміз ақталып, кешіксе де күткеніміздің бәрі болды. Үмітіміз ақталып дейміз, расымен сол үміт толығымен ақталды ма? Олай дейтініміз, дәстүрлі бәйгенің қалыптасқан дәстүрден өткен жылдан бері ауытқып-аунап жүргені осы сала – балалар әдебиетін жанына жақын тұтатын адамдарға айқын байқалып келе жатқаны жасырын жай емес.
«Дарабоз» бастау алғалы бері жеңімпаздарды марапаттау салтанаты дәстүрлі түрде қазақ әдебиетінің қара шаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратындағы Әдебиетшілер үйінде өткізілуші еді. Өткен жылы аяқастынан Астанаға қоныс аударды. «Еліміздегі санаулы ғана балалар жазушыларының басым көпшілігі Алматыда бола тұра онысы несі екен?» – дегенбіз де қойғанбыз. Биылғы салтанат қайтадан Алматыға ауыстырылғанымен, Ұлттық кітапханада өтті. Ол жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында әдеттегідей құлақтандырулар да берілген жоқ. Қаламгерлер үйінен неліктен ат-тондарын ала қашып жүргендері түсініксіз... Тышқан сойса да қасапшы сою керек. Әдебиетке ешқандай қатысы жоқ Жұлдыз Омарбекованың ұйымдастырған «Дарабоз-2015» байқауы о басынан былықпен басталып еді», – деген болатын.
Демек, «Дарабоз» халықаралық байқауын өткізуге деген салқындық біршама уақыт бұрын пайда болғаны жасырын емес. Ал бұл желдің қай тұстан тұрғаны астарлы жұмбақ. Себебі «Дарабоз» бәйгесі он екі жыл ішінде балалар әдебиетін тәп-тәуір дүниелері арқылы биік деңгейге көтерді. Бұл бәйгенің бастаушысы да, қолдаушысы да ұрпақ болашағына үлкен үмітпен қарайтын, әдебиетке жаны жақын Бауыржан Оспанов әрдайым ақын-жазушылармен жылы сұхбаттасып, бәйге жеңімпаздарына шығармашылық табыстар тілеп, ізгі ниетін жеткізіп жүрді. Ал жанашыр азаматтың балалар әдебиетіне деген көңілінің нілдей бұзылғаны ма? «Дарабоз» бәйгесі бақандай он екі жыл қатарынан ұйымдастырылды. Сондықтан «Дарабоздың» әу бастағы көздеген мақсаты да, мұраты да биік. Балалар әдебиеті үшін «Дарабоз» байқауының орны бөлек.
Болашақ бала шақтан бастау алады
Жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде өткен жыл қорытындысында балалар әдебиеті жайында да арнайы баяндама жасалды. Балалар әдебиетіне кең көлемде талдау жасаған жазушы Қанат Қайымның пікірінше, былтыр балалар әдебиетінің қоржыны айтарлықтай қампая түскен. Бір жылда сегіз жинақ жарық көріпті. Оның ішінде төрт кітап екі авторға тиесілі. Әрине, бұл соңғы жылдары балалар тақырыбына қалам тербейтіндер қатарының артып, шығармалардың там-тұмдап болса да, кішкентай оқырмандарға жол тартып жатқандығын білдірсе керек. Мәселен, балаларға арнап өнімді жазып жүрген Маркиза Базарбайқызының есімі ерекше аталды. Маркиза Базарбайқызының «Базарлық» атты кітабы «Назеркенің ертегісі», «Аңыздар» және «Әулиелер» деп аталатын үш бөлімнен тұрады екен. Шығармалардың барлығы да орта буын мектеп оқушыларының дүние танымын кеңейтуге орасан зор пайда тигізері даусыз. Аса шұбалаңқы емес, оқуға ыңғайлы ертегі-аңыздардың тілі жатық, берер тәлімі мол. Жазушының «Халықберген» деп аталатын кітабы Ұлы Отан соғысының қасіреттерінен сыр шертетін әңгімелерден тұрады. Кітаптың алғысөзінде автордың өзі айтқандай, «Соғыстың айуандық бет-бейнесін кейінгі жас балалар білсін дедім». Өз халқының бастан өткізген тарихын естерінде ұстап, үлгі-өнеге алу үшін қазіргі ұрпаққа дәл осындай шығармалар аса қажет екені даусыз. Ал журналист Ермахан Шайхыұлының «Шылдыр шүмегі» мен «Әріп әлемі», жазушы Ертай Айғалиұлының «Бокс қолғабыңды жоғалтпа, бауырым» атты хикаяты мен «Ақылыңа ақыл қос» атты кітабы оқырман тарапынан лайықты бағасын алған көркем дүниелер. Алайда бұлар орта буын өкілдері. Ал бүгінгі заман баласының талғамынан шығатын және көзқарасымен үндесетін шығарма жазатын жас буынның беталысы қалай? Балалар әдебиетінде жаңа есімдер бар ма? Бар болса, кімдер? «Шымкенттегі «Азиат» баспасынан шыққан жас жазушы Гүлдәрия Әшірбаеваның «Ең әдемі гүл» деп аталатын жинағы өз оқырманын тауып үлгерген. Бұл кітапта шағын әңгіме де, ертегі де бар. Бұл – осы жинақтағы шығармалардың ең соңынан орын алған ертегінің атауы. Гүлдәрияның осы ертегіден өзге шағын әңгімелерінің барлығы да балалар мен жасөспірімдерге арнап жазылған. Қай-қай шығарманың да тілі жатық, оқиғалар өзегі өмірдің өзінен алынғаны анық байқалып тұрады. Қаламгердің болашағынан үміт күтуге тұрарлық», – дейді Қанат Қайым. Ал қаламгерді қынжылтатын тағы бір дүние – балалар әдебиетінің сапасы. Соңғы жылдары баспадан шығып жатқан кітаптардың мазмұны жақсы болғанымен, көркемдік келбеті сын көтермейді. «Кітап шығару мәдениетін ұмытып кеткен сияқтымыз. Оның бір себебі, кәсіби мамандар емес, әдебиеттен де, баспа ісінен де хабарсыз адамдардың шығарып жатқандығы бесенеден белгілі», – дейді жазушы. Балалар әдебиетіндегі жаңа есімнің бірі – жас ақын Ернұр Сейдахмет. «Қазақмыс» корпорациясында инженер-технолог болып қызмет атқаратын Ернұр Сейдахметтің талабы таудай. Ол «Еңбек шынықтырады» деген өлеңдер жинағы арқылы «Балауса» балалар бәйгесінің жүлделі үшінші орнына ие болған. Өзі қыз-қыз қайнаған өндірістің ортасында жүріп, қолынан қаламы мен ақ қағазын тастаған емес. Ернұрдың жүрегі әдебиет деп соқса, құрыштай білегі қара жұмысқа төселген. Күндіз қызу еңбек, кешкісін жазу үстелі жанын рақатқа бөлейді. Бірақ та Ернұр Сейдахмет адал еңбектің адам баласын шынықтырып, өмірдің кез келген қиындығына төзімді ете түсетінін бір сәт естен шығармайды екен. Бұған дейін әдеби ортада ауыз толтырып айта қоятын, дарынымен дараланған жас қаламгер кемде-кем еді. Ернұр Сейдахметтің алдында осы олқылықтың орнын толтырамын деген кіршіксіз ниет бар. Ол осынау бір күштің арқасында өлең өлкесінің айдынына қанат қақты. Балалар поэзиясындағы жаңа есім – Ернұр Сейдахмет бала болып ойлап, бала болып сөйлей алады. Кішкентай балақайлардың мінез-құлқы мен тәтті қылықтарын дөп басуға құштар. Ең бастысы, бала жанына ненің қажет екенін біледі. Демек, баладай періште, мөлдір сезім мен пәк көңілден туған шығарма қашан да оқырманына жетеді, оқырманын тәрбиелейді. Белгілі ақын Болат Үсенбаев жас ақын Ернұр Сейдахметтің балаларға арналған өлеңдер мен аудармалардан тұратын «Тентек доп» атты кітабының алғы сөзінде: «Баланың дүниетанымы, жас ерекшелігі, қызығушылығы мұқият ескерілген. Жансыз заттарға жан бітіруге бейім. Ернұрдың балғасы да, шегесі де, сүргісі де сөйлейді. Мұндай шеберлік ақын деген атқа лайық азаматтың ғана қолынан келеді. Өлеңдерінің ойы орамды, тілі жатық, қарабайырлықтан ада. Балалар ғана емес, ересектер де тұшынып оқиды...» деп баға беруі тегін емес. Бүгінде Ернұр Сейдахметтің «Қашан үлкен боламын?», «Тентек доп», «Күлші, қане, балақай!» атты үш өлеңдер жинағы оқырманға жол тартқан. Ал оның жиырма шақты өлеңіне Астана қаласындағы Ұлттық музыка академиясының оқытушысы, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Әліби Әбдінұров ән жазып, Алматы қаласынан шығатын «Музыкалық жетекшінің анықтамалығы» журналына жарияланды. Ендігі кезекте компакт диск жазып, Жезқазған қаласының мектепке және мектепке дейінгі мекемелеріне тегін таратып, республикалық «Балапан» телеарнасынан кеңінен насихаттау жұмысы тұрған көрінеді. Сондай-ақ, мектеп жасынан ертегі жазуға машықтанған жас қаламгерлер Алтынай Амангелді, Әдина Жүсіпті айтпай кетпеуге болмас. Алтынайдың көркем дүниелері республикалық «Ұлан», «Балдырған», «Ақжелкен» т.б. басылымдарында жиі жарияланып, «Дарабоз» халықаралық бәйгесінің бірнеше дүркін жүлдегері атанды. Елбасы Н.Назарбаевтың өзі: «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек», – деген болатын. Осыған орай, 2014 жылы әлемдік саясаттағы зор рөлі үшін марапатталған жаһандық «Жібек жолы» сыйлығын әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсауға шешім қабылдағаны халық есінде. Нәтижесінде «Тәтті алма» атты балаларға арналған екі томдық көркем шығармалар жинағы жарық көрді. Демек, балалар әдебиетіне қамқорлық көрсетілгенде ғана ілгері дамитыны сөзсіз. Шәкен Күмісбайұлы, жазушы: – Балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген негізінен ауылдан шыққандар. Қазіргі қаланың өмірін жазатын қаламгер аз. Біз өзіміздің заманды жаза береміз. Оны қазіргі балалар жақсы түсіне бермейді. Қаланың тірлігін жазуды мақсат еткен «Астана бәйтерек» деген бәйге үш-төрт жылдан кейін жоғалды. «Дарабоз» бәйгесі де бәзбіреулердің қолына өтіп кетті. Биыл байқаудың шарты туралы хабарлама жоқ. «Балауса» да жоқ. Қазір балалар әдебиетіне байланысты бәйгелер тоқтап қалды. Әдебиетке, баспаға қатысы жоқ адамдар айналысып жүр. Қазіргі кезде балалар әдебиеті жоқ емес, бар. Бізде көп дүниенің жарияланатын жері жоқ. Кішкентай қаламгерлер жазған шығармасын «Ұлан», «Ақжелкен», «Балдырған» басылымдарына жарияласа, жасөспірімдер мен жастарға арналған повестер мен әңгімелерді жарыққа шығаратын басылым жоқ. «Жұлдыз» журналы, «Қазақ әдебиеті» жарияламайды. Сол сияқты мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітап 2 мың дана. Бұл 11 мың кітапханаға жетпейді. Ал кітап дүкенінен таба алмайсыз. Кеңес Одағын айтсақ, аңсағандай боласың, бірақ ол кезде 30-50, 100 мың данамен шығатын. Сол үшін таралым саны артуы қажет. Ата-аналар, мұғалімдер құлықты болуы керек. Кітап дүкендері де әбден қуланып алған. Қазір елу пайызға дейін өздері қосып сатады. Ресейден келген кітаптарды көрдіңіз бе? Сіресіп тұр. Және ол кітаптар біздің кітаптардан сәл арзандау. Сондықтан балалар әдебиетіне байланысты Жазушылар одағының арнайы пленумы өтуі керек.Ернұр Сейдахмет, ақын:
– Атам журналист-жазушы Еркін Жаппасұлынан дарыған шығар, кішкентайымнан қағаз бен қаламмен дос болдым. Негізінен 1-сыныптан бастап жаза бастадым, ал 4-сыныпта тұрақты түрде республикалық балалар басылымдарында жарияланып тұрды. Алғашқыда өлеңдер, сосын шағын әңгімелер, қазір ертегі жазып жүрмін. Белгілі ақын Болат Үсенбаев маған арнап арнау өлең жазғаны бар. «Дарабозға» екі рет қатысып, бір мәрте ынталандыру, екіншісінде 3-орын алдым. Бұл бәйге мектеп оқушысы ретінде тұңғыш рет маған бұйырыпты. «Домбыра» атты ертегім мектептерде, кейбір театрларда көрініс ретінде қойылуда. Қазір Н.Назарбаев зияткерлік мектебінде оқимын. Болашақта уақыт ағымына байланысты басқа мамандық таңдауым мүмкін, бірақ әдебиет – менің жан дүниемнің бір бөлшегі.