Қоғам

Дәмханадан шыққан мас тұрғын өзіне қол салмақ болды

Полиция

Қазіргі уақытта ұсталған екі азамат та полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды

20 ақпан күні таңғы сағат 07:00 шамасында Петропавлдағы ойын-сауық орындарының бірінде екі мас тұрғын қоғамдық тәртіпті бұзып, теріс қылық көрсете бастаған.

Жақын маңда кезекшілікте жүрген полиция қызметкерлері дереу оқиға орнына жетті. Бұзақылардың бірін сабасына түсіру үшін тәртіп сақшылары самбо әдістерін қолданып, оған қолына кісен салды. Ал екіншісі ашу үстінде өзінің тамағына пышақ тақап, өзін-өзі өлтіретінін айтып қорқытқан.

Жағдайды ушықтырмау үшін оқиға орнына қосымша күштер жіберіліп, қалалық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев те келді. Ашуға булыққан ер адам тынышталып, пышағын жерге тастады. Кейін полицияның талабымен қызметтік көлікке отырып, бөлімшеге жеткізілді.

Қазіргі уақытта ұсталған екі азамат та полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Олардың басқа әрекеттеріне қатысты қосымша құқықтық баға берілмек.