Өскеменде балабақша тәрбиешісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды
ШҚО Білім басқармасы жанжалдан кейін тәрбиешіні жұмыстан босатып, материалдарды құқық қорғау органдарына тапсырғанын хабарлады.
Өскемен қаласында балаларға дөрекілік танытқан тәрбиешінің видеосы желіге тарап кетті, деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл туралы Kazinform жазды. Ата-аналар видеода тәрбиешінің балаларды итеріп жатқанын, кейбір балалардың бетінде көгерген іздер байқалғанын айтып жатыр.
Тәрбиеші балаларға қатал қараған. Ойыншықтарды өзіміз сатып алып берсек те, олармен ойнатпаған. Егер жыласа, оларды күшпен итеріп жіберген. Бір кадрда ұйқысы келіп отырған ұлымды дәретханаға жетектеп апарып, ішінен балам малмандай су болып шыққанын көрдім. Басқа бір баланың беті көгерген. Осы баланың анасы видеоны көрсетуді талап етті. Біз осы жағдайларға бейжай қарай алмай полицияға хабарластық. Бірақ ешқандай кері байланыс болмады. Ал біздің арызымызға басшылық назар аудармады. Тіпті кешірім де сұрамады. Ұлымда да көгерген іздер бар. Осыдан кейін журналистерге хабарласуға тура келді, - деді балалардың бірінің анасы Дана Кабдуллина.
Ал бұл балабақша жоғары санатқа жатады. Ата-аналар ай сайын 70 мың теңге төлейді. Басшылық барлық тәрбиешілердің жоғары білімі мен мол тәжірибесі бар екенін айтқан. Алайда кінәлі тәрбиеші арнайы орта білімді болып шықты.
ШҚО Білім басқармасы жанжалдан кейін тәрбиешіні жұмыстан босатып, материалдарды құқық қорғау органдарына тапсырғанын хабарлады.
Қалалық Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғалғанын және тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Бірақ ата-аналар балабақша басшылығының жауапкершілікке тартылмайтынын, ал жұмыстан шығарылған тәрбиешінің басқа балабақшаға орналасуы мүмкін екендігіне алаңдайды.