Жаңалықтар

«AMANAT» партиясы «Цифрлық қоғам» жобасын әзірледі – желідегі барша азаматтың қауіпсіздігі маңызды

Бүгін «AMANAT» партиясының Орталық аппаратында азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру мен киберқауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Цифрлық қоғам» ауқымды жобасының тұсаукесері өтті. 

Қазақстандықтардың күнделікті өмірінде цифрлық технологиялардың кеңінен қолданылуы интернет-алаяқтық пен киберқауіптердің көбеюіне әкелуде. Жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелсе, оның 80%-ы ашылмай қалып отыр. Осыған байланысты халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түсті. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та балалардың цифрлық тәуелділігінің артуына алаңдаушылық білдірген болатын. «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының II республикалық форумында Президент балаларға цифрлық гигиенаның негізгі ережелерін үйретудің маңыздылығын атап өтіп, танымал әлеуметтік желілердің тек балаларды ғана емес, ересектерді де зомбиге айналдыруы мүмкін екенін ескерткен еді. 

Осыған орай, «AMANAT» партиясы мемлекеттік органдармен және сарапшылармен бірлесіп, цифрлық сауаттылықты дамыту мен интернетті қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Цифрлық қоғам» жобасын әзірледі. 

Мәжіліс төрағасының орынбасары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Альберт Рау Қазақстанның цифрландыру деңгейі бойынша әлемде көшбасшылар қатарында екенін атап өтті. 

«Шынында да, біздегі цифрлық даму деңгейіне Еуропаның ең дамыған елдерінің өкілдері таңғалып жатады. Алайда бұл үрдістің кері жағы да бар – ол біздің қауіпсіздігіміз. Біздің басты міндетіміз – технологияларды енгізіп қана қоймай, адамдарды оларды қауіпсіз әрі саналы түрде қолдануға дағдыландыру. «Цифрлық санитария» деген ұғым бар. Біз IT компанияларға алғысымызды білдіреміз, олар өз бастамаларымен осындай жобаларды жүзеге асырып келеді. Алайда оларға біздің партиямыздың қолдауы қажет, өйткені біз ғана барлық тараптың күш-жігерін біріктіріп, кешенді «Цифрлық қоғам» жобасын құра аламыз», – деді вице-спикер. 

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек те Қазақстан цифрландыруда үлкен жетістіктерге жеткенімен, қоғам жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын айтты. 

«Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында азаматтарды кибералаяқтардан қорғау бойынша мемлекет тарапынан жеткілікті шаралар қабылданбай жатқанын атап өтті. Бүгінде біз цифрлық технологиялар дәуірінде өмір сүріп жатырмыз, олар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Дегенмен прогресті қабылдаумен қатар, оны саналы әрі қауіпсіз қолдануды үйрену қажет. Осыған байланысты біз партиямыздың «Цифрлық қоғам» пилоттық жобасын іске қосып отырмыз», – деді ол. 

ЮНИСЕФ деректеріне сәйкес, қазақстандық балалардың 46%-ы интернетті 5-8 жас аралығында қолдана бастайды, ал олардың 37%-ы бос уақытының басым бөлігін желіде өткізеді. Бұл мәселені шешу үшін «Цифрлық қоғам» жобасы аясында балалар мен зейнеткерлерге арналған интерактивті білім беру курстарын ұйымдастыру, ата-аналармен кездесулер өткізу жоспарланған. Сондай-ақ мектептердегі қауіпсіздік сабақтарына «Киберқауіпсіздік» тақырыбы енгізілмек. Ал зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы оқыту курстары ұйымдастырылады. 

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері «Цифрлық кодекс» пен «Жасанды интеллект туралы» Заң жобаларын әзірлеуде. Жоба авторы, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева бұл құжаттар технологиялық даму мен азаматтардың құқығын қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ете отырып, Қазақстанда цифрлық технологияларды реттеудің негізін қалыптастыратынын атап өтті. 

«Цифрлық қоғам» жобасы әр адам заманауи цифрлық технологияларды сенімді әрі қауіпсіз пайдалана алуы үшін қолға алынды. Біздің мақсатымыз – адамдарға дербес деректерін қорғауға, қауіп-қатерді танып-білуге және цифрлық мүмкіндіктерді дұрыс пайдалануға үйрету. Біз интернет кеңістігін барша азаматқа, соның ішінде балаларға, жасөспірімдерге, қарияларға қолжетімді әрі қауіпсіз етуді көздейміз. «Цифрлық қоғам» – бұл жай ғана жоба емес, цифрлық әлемдегі саналы және қауіпсіз болашаққа жасалған маңызды қадам. Жоба аясында ата-аналар жиналысын өткізу, қарияларға арналған «Күміс лига» цифрлық сауаттылық орталықтарын ашу, цифрлық волонтерлерді оқыту, цифрлық заңдармен жұмыс істеу және цифрлық сауаттылық индексін әзірлеу жоспарлануда. Алдағы айларда жоба пилоттық режимде жұмыс істейді», – деді ол.

Іс-шара барысында мемлекеттік органдар мен сарапшылар да «Цифрлық қоғам» жобасына қатысты өз ұсыныстарын айтты. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов «Стоп-кредит» функциясын қолдануды, дербес деректерге қолжетімділікті бақылауды және цифрлық ағарту жұмыстарын күшейтуді ұсынды. 

«Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ұлықбек Шамбұлов ата-аналық бақылауды іске қосу және әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік функцияларын қолдану қажеттігін айтты. Ол ата-аналарды «баланың көзімен интернетке кіріп көруге» шақырып, сонда ғана ондағы жасырын қауіптерді түсінуге болатынын жеткізді. 

«DataStar» компаниясының басқарушы директоры Евгений Питолин зейнеткерлер мен жастарды интернет-алаяқтықтан қорғау үшін цифрлық плакаттар бастамасын жүзеге асыруды ұсынды. 

«MSSP.GL» ЖШС-нің тең құрылтайшысы Дәурен Салипов Қазақстандағы интернет-алаяқтықтың 80%-ы әлеуметтік инженерияға байланысты екенін, алаяқтар адамдарды жеке мәліметтерін өз еркімен жариялауға итермелейтінін атап өтті. 

«TSARKA Group» президенті Олжас Сәтиев жеке деректердің қорғалуын күшейту керектігін, өйткені көптеген жағдайларда мәліметтердің таралуы хакерлік шабуылдардан емес, пайдаланушылардың өздерінің қауіпсіздікке салғырт қарауынан болатынын жеткізді. 

Партия өкілдерінің айтуынша, «Цифрлық қоғам» жобасын жүзеге асыру барлық жас топтарының цифрлық сауаттылығын арттырып, технологияларды меңгеруге көмектесетін еріктілер қауымдастығын құруға, киберқылмыстардың санын азайтуға және басқа да маңызды нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.