Перизат Қайратқа тағылған жаңа айыптың мән-жайы түсіндірілді (ВИДЕО)
Перизат Қайрат 2021 жылдың қараша айында Ақмола облысында «Батыр» қоғамдық бірлестігіне оңалту орталығын салу үшін ақша жинау мақсатында қайырымдылық аукционын ұйымдастырған.
Агенттік мәліметінше, П.Қайрат 2021 жылдың қараша айында Ақмола облысында «Батыр» қоғамдық бірлестігіне оңалту орталығын салу үшін ақша жинау мақсатында қайырымдылық аукционын ұйымдастырған.
« Жұрттың сенімін арттыру үшін оңалту орталығына мұқтаж мүгедек-балалар мен олардың ата-аналарын іс-шараға тартқан.
П.Қайрат тарапынан таратылған жалған деректер бойынша 48 миллион теңге жиналып, құны 100 миллион теңге ғимарат сыйға тартылған. Алайда, аукцион кезінде шын мәнінде 22 миллион теңге түскен, осы ақшаны ол өзінің жеке қажетіне жаратқан.
Сонымен қатар, П.Қайрат «Батыр» қоғамдық бірлестігі үшін құны 30 миллион теңге жер телімін сатып алғанын мәлімдеген, алайда бұл участокты 2019 жылы бірлестік өзі сатып алған.
Оңалту орталығының құрылысы әлі басталмаған қалпында тұр.
Орталықтың қажеттілігіне берілді деген ғимарат мүлдем жоқ болып шықты», – делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жарияланбайды.