Тұрақтылық па, тоқырау ма?
Экономикалық мәселелерден бөлек, демография, иммиграция мәселелері де Еуропаны қатты алаңдатып отыр. Одан бөлек, Украинаға қатысты нақты бір шешімге келу де қиынға соғып отырған сияқты. Трамптың қайта билікке келуі де одақты көп мәселені қайта қарауға итермеледі. Одан бөлек, әр елдің ішкі мәселелері де аз емес...
Еуропа одан ары қартайып барады
Сарапшылардың болжамынша, Еуропадағы иммиграцияға қарсы көзқарас ұстанушы партиялардың күшеюі халық санының төмендеуін жеделдетіп, экономикаға ауыр соққы жасауы мүмкін. Бұл, әсіресе, экономика өсімінің баяулауы, зейнетақы мен қарттарға күтім жасау шығындарының өсуі арқылы көрініс табады делінеді. 2024 жылғы сайлауларда осындай көзқарастағы партиялар айтарлықтай табысқа жеткен, ал Германияда көші-қонға қарсы AfD партиясы осы айда өтетін федералды сайлау қарсаңында екінші орынға шыққан. Бірақ демографиялық шындықты жасыру мүмкін емес: туу көрсеткіші төмен болғандықтан, континенттің жергілікті халқы ғасыр соңына қарай күрт азаюы мүмкін деген болжам бар. Сарапшылар Еуропа елдерінің халқы иммиграциясыз тез қартаятынын ескертеді. Жалпы, Еуропа тура мағынасында қартайып бара жатқаны, жаңашылдықтың лебі байқалмайтыны, сондықтан еңбек өнімділігі төмендеп кеткені – көптен бері айтылып жүрген мәселелер. Еуроодақтың статистика агенттігі Eurostat-тың кейінгі болжамдары бойынша, қазіргі үрдіс өзгермесе, ЕО халқы 2100 жылға қарай 6 пайызға азайып, 447 миллионнан 419 миллионға дейін, ал иммиграциясыз халық саны 295 миллионға дейін төмендеуі мүмкін.. Бұл үрдіс, әсіресе, Италия, Франция және Германия сияқты елдерге әсер етеді. Ұлыбританияның Ұлттық статистика басқармасы да осыған ұқсас болжамдар жасап, иммиграциясыз елдің халық саны едәуір азаятынын айтып отыр. Осылайша, демографиялық құлдырау және экономикалық тұрақсыздық аясында иммиграция саясаты одақтағы негізгі саяси пікірталастың біріне айналған. Еуропа үшін табиғи өсім таңғажайыппен тең екенін ескерсек, иммигранттар белгілі бір деңгейде «жасартатын тұнба» рөлін атқарып отыр.
Германияға құтқарушы керек
Германия қазір қиын кезеңді бастан кешіріп жатыр. Ол – Еуропадағы ең ірі экономика, бірақ кейінгі екі жылда біршама құлдырады және үшінші жыл қатарынан рецессияға ұшырауы мүмкін. Бұрынғы экономикалық жүйе – экспорт, арзан Ресей газы және АҚШ-тың қауіпсіздікке кепіл болуы – әлдеқашан жұмысын тоқтатты. 23 ақпанда Германияда маңызды сайлау өтеді. Бас фаворит – Христиан-демократиялық одағының жетекшісі Фридрих Мерц. Оның партиясы шамамен 30 пайыз дауыс жинауы мүмкін, бірақ бұл жалғыз өзі билікке келуге жеткіліксіз көрсеткіш. Сондықтан ол басқа партиялармен коалиция құруға мәжбүр болады деген болжам бар. Қазірдің өзінде оның кіммен одақтасатыны белгісіз – социал-демократтармен бе, әлде «жасылдармен» бе? Тіпті, үшінші серіктес те қажет болуы мүмкін, бұл тұрақсыз үкіметке әкелуі ықтимал, дәл қазіргі канцлер Олаф Шольцтің коалициясы сияқты. Мерц – тәжірибелі саясаткер, бірақ оның ел басқаруда немесе министрлік басқаруда тәжірибесі жоқ. Ал оның алдында тұрған басты міндет Германияны экономикалық дағдарыстан шығару болмақ. Сонымен қатар Еуропа көшбасшысы болу мәселесі де бар. Франция бұл тұрғыда сәл әлсіреген сияқты, Германияның да нақты қадам жасап, әрекетке көшкені байқала қойған жоқ. Тағы бір өзекті мәселе – қорғаныс. Германия қазір армияға ЖІӨ-нің 2 пайызын жұмсайды. Сарапшылар бұл көрсеткішті 3,5 пайызға дейін өсіру керек дейді, әсіресе, Дональд Трамп НАТО-ны қолдауды азайтса, бұл аса қажет шара болуы ықтимал. Бірақ Мерц Еуропаның ортақ әскери қоры туралы идеяға қарсы. Егер Германия бұл рөлді өз мойнына алмаса, онда Еуропаны қорғау ісі негізінен Польша мен Балтық елдеріне қалады. Осылайша, 23 ақпандағы сайлау тек Германияға ғана емес, бүкіл Еуропаға әсер етуі мүмкін. Бұл ретте «Фридрих Мерц дағдарыстан құтқаратын батыл қадамдарға дайын ба?» деген сұрақ күн тәртібінде тұр.
Игілік пен өсімге жетелейтін күш
Еуроодақ жасанды интеллектке 200 миллиард еуро инвестиция салмақ. Бұл туралы Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен өткен аптада Парижде өткен AI Action Summit саммитінде мәлімдеген болатын. Бұл қаражаттың 20 миллиард еуросы ЖИ-дің ең күрделі модельдерін бірлесіп дамыту үшін қажет алпауыт фабрикаларға бөлінбек. Бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон ЖИ жобаларына 109 миллиард еуро инвестиция салуды жоспарлап отырғанын айтқан еді. Макрон бұл соманы АҚШ-тың Stargate бағдарламасымен салыстырып, Францияның болашағы үшін аса маңызды екеніне де тоқталған болатын. Макрон жеке сектор инвестицияларын жариялап, Еуропаны «әлемнен ажырамауға» шақырды. Алайда АҚШ пен Ұлыбритания бұл бастаманы қолдамады. Олар саммитте қабылданған халықаралық басқару туралы декларацияға қол қойған жоқ. Фон дер Ляйеннің айтуынша, Еуропа ЖИ-ді «игілік пен өсімге жетелейтін күшке айналдыруды» қалайды. «Біз ашықтық, ынтымақтастық және талантқа негізделген еуропалық тәсілді ұстанамыз. Бірақ бұл әдісті одан әрі күшейту қажет. Сондықтан біз мүше мемлекеттермен және серіктестерімізбен бірге InvestAI арқылы ЖИ алпауыт фабрикаларына бұрын-соңды болмаған капитал тартамыз», – деді ол.
«Қоқысқа» кеткен заң жобалары
Өткен аптада Еуропа комиссиясы 2025 жылғы жұмыс бағдарламасын жариялады, бұл – ЕО-ның алдағы жылға жоспарларының тізімі. Euronews мәліметінше, комиссия бірқатар заң жобасын қабылдаудан бас тартып, «қоқыс жәшігіне» жіберген. Жалпы, 37 заң жобасы ресми түрде тоқтатылыпты. Мәселен, ЖИ-ге қатысты жауапкершілік ережелері қабылданбайтын болды. ЕО-ның AI Liability Directive (ЖИ жауапкершілік директивасы) жобасын тоқтатуы – ең бір күтпеген шешімнің бірі болды. Бұл құжат 2022 жылы ЖИ жүйелері келтірген зиянды реттеу үшін ұсынылған еді. Оның мақсаты ЕО бойынша бірыңғай қорғаныс стандарттарын құру болатын. Алайда Комиссия «келісімге келу мүмкін емес» деп, жобаны тоқтатқан. Неміс Еуродепутаты Аксель Восс (EPP) бұл шешімді «стратегиялық қателік» деп атады. Дегенмен Комиссия алдағы уақытта бұл тақырыпқа қайта оралулары мүмкін екенін жоққа шығарған жоқ. ЕО-дағы жеке деректерді қорғау ережелерін жаңарту жобасы да күшін жойды. Бұл реформа 2017 жылы ұсынылған және Facebook сияқты платформалардың «не төлейсің, не келісесің» моделін реттеуге, бақылау жарнамаларын шектеуге және шифрланған байланыстарды қорғауға бағытталған еді. Алайда 2021 жылдан бері жүргізілген келіссөздер еш нәтиже бермеген. Онлайн құқық қорғаушылар жобаны жандандыруға шақырғанымен, Комиссия бұл бастаманың ескіргенін мәлімдеді. Кемсітушілікке қарсы заң 2008 жылдан бері қаралып келе жатқан еді. Ол жас ерекшелігі, мүгедектік, жынысы немесе діни көзқарасы бойынша алалаудың алдын алуға сеп болуы керек деп жоспарланған. Комиссия оны да толықтай алып тастады. Патент реформасы тоқтатылды. Бұл құжатта стандартты маңызды патенттер (SEPs) және қосымша қорғау сертификаттарын (SPCs) жаңарту көздеген болатын. Алайда Еуропа зияткерлік меншік судьялары қауымдастығы бұл өзгерістер ЕО-ның Біріңғай патенттік сот жүйесін (UPC) әлсіретуі мүмкін деп мәлімдеді. Тіпті, Еуропалық патенттік ведомствоның басшысы Антониу Кампинуш бұл бастаманы «тоқтата тұру керек» деген болатын. Нәтижесінде, жоба мерзімсіз тоқтатылды. ЕО-дағы шешім қабылдау процесі бұрынғыдай құпия қалмақ. ЕО-ның құжаттарды барынша ашық етуге байланысты ережелері де жойылды. Бұл ұсыныс 2011 жылдан бері ұсыныс күйінде қалып келген.
Балтық елдері жарығын ауыстырды
The Economist мәліметінше, Балтық елдері Ресейдің электр желісінен ажырап, ЕО жүйесіне ауысты. Эстония, Латвия және Литва екі күндік процесс нәтижесінде Ресейдің электр желісінен толықтай ажырап, Еуропалық Одақтың энергия жүйесіне қосылды. Кеңес Одағының құрамында болған 1950-жылдары Ресейдің электр жүйесіне қосылған бұл елдер 2022 жылдан бері Ресейден электр энергиясын сатып алмағанымен, оның желісіне әлі де тәуелді болып келген. Енді олар Еуропаның бірыңғай электр желісінің бір бөлігіне айналды, өздері бұл шешімді энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға бастайтын маңызды қадам ретінде бағалап отыр.
Еуропа қиын таңдау алдында тұр
АҚШ пен Ресей Сауд Арабиясында келіссөз жүргізіп жатқанда, Кир Стармер мен басқа да Еуропа көшбасшылары Украинаға қатысты өз ұстанымдарын айқындауға тырысуда. 17 ақпанда Парижде Еуропа елдерінің басшылары АҚШ-тың Дональд Трамп әкімшілігі кезінде Украина саясатына қатысты өзгерістерге қалай жауап беру керекекенін талқылау үшін шұғыл кездесу өткізді. Украина президенті Владимир Зеленский «бізсіз біз туралы ешқандай келісім жасалмауға тиіс» деп мәлімдегенімен, соңғы аптаның оқиғалары екінші саммиттің маңыздылығы әлдеқайда жоғары екенін көрсетті. Еуропа елдерінің қорғанысқа жұмсайтын қаржысы бұл саясаттың басты мәселесіне айналып отыр. Guardian басылымының жазуынша, Польша премьер-министрі Дональд Тусктің айтуынша, егер қазір қорғанысқа үлкен қаражат бөлінбесе, кейінірек соғысты болдырмау үшін он есе көп қаражат қажет болатынын айтқан. Қазірдің өзінде Польша ЖІӨ-нің 4,7 пайызын қорғанысқа жұмсаса, Дания 2025-2026 жылдары бұл көрсеткішті 3 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Осы ретте Франция билігі Украинаға қолдау көрсету мақсатында Еуропа елдерінің ортақ ұстанымда екенін көрсету үшін Париждегі кездесудің маңызды екенін айтты. Ал Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармердің «қажет болған жағдайда біздің әскерлерді Украинаға жіберуге дайынбыз» деген мәлімдемесі үлкен резонанс тудырды. Онымен бірге Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссон да Украинаға әскер жіберу «мүмкін нұсқалардың бірі» екенін айтты. Макрон өткен жылы осындай ұсынысты көтерген болатын. Алайда Германия сияқты кейбір елдер бұл мәселеге сақтықпен қарап отыр. Германия канцлері Олаф Шольц бұл мәселе бойынша шешім қабылдау әлі ерте екенін айтты. Оның үстіне, әуелде тоқталып өткендей, Германияда алдағы аптада сайлау өтеді және сарапшылар оның жеңіліске ұшырауы мүмкін деген болжам айтып отыр.