Технологиялық бәсекеде қай елдің бәсі биік?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында әлемде технологиялық бәсеке қызып тұрғанын ескертіп, отандық ғылымды ілгерілететін арнайы заң қабылдауды ұсынған-ды. Көп кешікпей 10 тарау 54 баптан тұратын «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңы қабылданды. Алайда отандық ғылым саласын жанданып, инновациялық озық технология кешенді түрде дамып жатқанын көріп отырған жоқпыз. Жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент:
– Жаппай цифрландыру дәуірі, яғни жаңа технологиялық кезең басталды. Күллі әлем мүлдем басқа жағдайда өмір сүреді. Біз соған міндетті түрде дайын болуымыз керек. Жаңа технологиялық ахуалға сақадай сай тұруымыз қажет. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетін арттырып, тұрақты дамуына жол ашатын аса маңызды фактор, – деп атқарушы билікке нақты тапсырма берді.
Қазіргі ғаламдық бәсекелестіктің негіз-гі – технологиялық үстемдік құруға бағытталды. Жасанды интеллект (AI) – адам мүмкіндігін кеңейтіп, өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтереді. 5G және 6G – ақпарат алмасудың жаңа дәуірін ашады. Кванттық есептеу – криптографияны, ақпараттық қауіпсіздікті түбегейлі өзгертеді. Жартылай өткізгіш (чиптер) – кез келген технологияның негізгі элементі. Биотехнология және гендік инженерия – адамның денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығын өзгертеді. Ғылыми-техникалық прогресс тек қоғамның барлық саласын дамытушы күш ғана емес, бұл – экономикалық үстемдік, геосаяси ықпал, әскери қуат, ақпараттық бақылау, жасыл энергияны игеретін бәсеке алаңы. Рас, технологиялық артықшылыққа ие елдер әлемдік нарықты басқарады, ал AI, киберқару, гипердыбысты зымырандар соғыс тактикасын өзгертеді. Технологиялық жарыстағы басты бәсекелестер – АҚШ, Қытай, Корея, Жапония және ЕО.
АҚШ ЖЕТЕКШІ ПОЗИЦИЯДА
Заманауи әлемде Америка бәсекелестерінен технологиялық прогресте алда келеді. Мұхиттың арғы бетіндегі алып ел технологияны жүйелі дамытудың заңдық тетіктерін әлдеқашан қалыптастырған. 2022 жылы 4 ақпанда АҚШ-тың ғылыми және технологиялық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған America COMPETES заңы қабылданды. Сөйтіп, басты қарсыласы Қытайға қарсы кешенді жоспар құрды. Бұдан бөлек, жартылай өткізгіш өнеркәсібін дамытуға бағытталған CHIPS and Science Act заңы, технологиялық жетістіктерінің шетелге экспортын бақылауға және қатаң шектеулер енгізуге арналған Export Control Reform заңы қолданысқа енгізілді. Қаржыландырудың ашықтығын және технологиялық жобаның тиімділігін арттыруда цифрлық құралды пайдалануға мүмкіндік беретін Digital Accountability and Transparency заңы қабылданды. Бұл заңдар АҚШ-тың технологиялық дамуын ынталандырып, инновацияны дамыту мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі. Америкалық компаниялар әлемдегі ең жылдам компьютерді, ең қабілетті роботты ұсынды. АҚШ-тың 47-ші Президентті Дональд Трамп әлемдік тәртіптің негізін түбегейлі өзгерту жолы – технологиялық прогресте екенін мәлімдеді. Алпауыт елде жасанды интеллект индустриясы өте жақсы дамыған және әлемдік AI жарысында басты рөл атқарады. Мәселен, америкалық «OpenAI» компаниясы көп тілде ақпарат ұсынатын және сурет генерациялауды, код жазуды үйлестіретін ChatGPT, DALL E, Codex сынды жасанды интеллектіні шығарды. Ал Google DeepMind & Google AI компаниясы ойындар мен медицинаға қолданатын Gemini, AlphaGo, AlphaFold ұсынса, «IBM Watson» компаниясы енгізген Watson AI кәсіпкерлік шешімдер, медицина және бизнес саласына бағытталды. Сондай-ақ Meta, Microsoft, Amazon, NVIDIA және тағы басқа компанияның AI өнімі сұранысқа ие. АҚШ технологиялық жарыста әлемнің өзге елдерімен салыстырғанда чиптер мен кванттық есептеу бойынша үздік келеді. АҚШ үкіметі National Quantum Initiative арқылы кванттық есептеуге миллиардтаған доллар қаржы құюда. Кванттық физика мен есептеу саласында MIT, Stanford, Harvard, Caltech, Berkeley университеттері әлемдегі ең мықты зерттеу орталықтары саналады. 2019 жылы Google Quantum AI компаниясы «кванттық үстемдікке» қол жеткізгенін мәлімдеді. 2023 жылы IBM Quantum 1,121 кубиттік Condor чипін жасап шығарды. Қазір америкалық компаниялар Microsoft Azure Quantum – топологиялық кубиттерді дамытуда, Intel Quantum – кремний негізіндегі кубиттерді зерттеуде, Rigetti Computing – коммерциялық кванттық компьютер жасауда. Қысқасы, ресми Вашингтон әлемді билеп-төстеуін жалғастыру үшін заманауи технологияға арқа сүйейтіні белгілі.
ЕКІНШІ АЛПАУЫТ – ҚЫТАЙ
АҚШ-тың технологиялық жарыстағы басты бәсекелесі – Қытай. Мұны Вашингтон жасырмайды. Әрі Қытай билігіне чип және тағы басқа заманауи технологияға қол жеткізуге санкция пакетін әзірледі. Бірақ Американың шектеуіне ресми Пекин қарайтын түрі жоқ. Қайта технологиялық бәсекелестікті қыздыра түсті. Жаһандық технология аламанында көшбасшы болуға және инновациялық экономика құруға ұмтылысын көрсететін бірқатар құқықтық нормалар мен жоспарлар құрды. Оған Жаңа технологиялар мен инновацияларды дамыту туралы заңы, Интеллектуалды меншік туралы заңы, Жаңа энергетикалық көлікті дамыту туралы жоспары, Жасанды интеллектіні дамытуға арналған ұлттық жоспарын жатқызуға болады. 2020 жылы көрші елде Jiuzhang кванттық процессорын жасап, жарық фотонын пайдаланып, белгілі бір есептеуді суперкомпьютерден жылдамырақ орындады. Бүгінде ҚХР-да Alibaba, Baidu, Huawei кванттық зерттеулермен айналысады. Қытай билігі «AI 2030» ұлттық стратегиясын қабылдап, салаға миллиардтаған доллар инвестиция құюда. Бүгінде Baidu, Alibaba, Tencent (BAT), Huawei және тағы басқа компаниялар AI-дың дамуына үлкен инвестициялар салып жатыр. Социалистік мемлекет жасанды интеллект патенті бойынша әлемде көшбасшы. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (WIPO) дерегі бойынша, 2022 жылы Қытайда 29 853 AI патенті тіркелді. Бұл – әлемдік үлестің 50 пайыздан астамы. Ал АҚШ-та 9 450 патент болды. Бұл елдің әйгілі AI патенттері – Ernie Bot және автономды көліктері. Бұл қатарға әлемдегі үлкен тілдік модельдің бірі – PanGu NLP моделін қосу керек. Пекин билігі бизнес пен AI-дың интеграциясын сәтті іске асырып, Alibaba, Baidu, Huawei платформасын дамытуда. 2023 жылы AI суперкомпьютерлері бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шықты. Көп тілде ақпарат беретін іздеу жүйесі – Baidu Ernie Bot, Alibaba Tongyi Qianwen, Tencent Hunyuan жылдамдығы, жан-жақтылығы жағынан алдыңғы орынға шықты. Дауыстық көмекшілер – iFlytek SparkDesk, бет тану жүйесі – SenseTime, Megvii, қаржы және медицинаға арналған AI – 4Paradigm, Huawei PanGu қызмет көрсетуде. Аустралия стратегиялық саясат институтының (ASPI) зерттеуінше, Қытай 44 технологияның 37-сі бойынша көш бастайды. Мұның ішіне электр батареялары, гипердыбыстық байланыс және 5G және 6G сияқты жетілдірілген заманауи технология кіреді. «Made in China 2025» стратегиясы аясында 5G-ді ұлттық басымдық ретінде қарастырып, Huawei, ZTE сияқты компаниясы әлем бойынша 5G инфрақұрылымын белсенді дамытуды бастады. Нәтижесінде, Қытай 5G базалық стансасының саны жөнінен әлемде бірінші орынға шықты. Қытай наноматериалдар мен синтетикалық биология саласында әлемдегі жетекші елдің бірі. Әлемде Huawei, Baidu және Tencent компаниясы электроникаға арналған наноматериалдар бойынша іргелі зерттеулер ұсынуда. BYD мен CATL компаниясы наноматериалға негізделген жаңа аккумулятор жасап шығаруды қолға алды. Синтетикалық биология (SynBio) бойынша Қытай жасуша терапиясы, жасанды ДНҚ және биофармацевтика саласында ірі жобалар жүргізіп жатыр. CRISPR гендік инженериясы бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орында.
ҮШІНШІ ТАРАП ТА БАР
Цифрланған әлемнің басты компоненті 5G және AI десек, бұл бағытта АҚШ пен Қытайдан бөлек, үшінші тарап ретінде Оңтүстік Корея, Жапония және ЕО елдері – Ұлыбритания, Германия, Франция, Нидерланды, Швеция, Финляндия озық технологияда үстемдік құруға таласады. Алдымен Азияның ірі экономикасы – Корея мен Жапонияның технологиялық жарыстағы артықшылығын алайық. Оңтүстік Корея – әлемдегі ең инновациялық елдің бірі. Samsung, LG, Hyundai, SK Group сияқты ірі технологиялық компаниялары әлемде AI, 5G, чип өндірісі, OLED дисплей, нанотехнология мен биотехнология саласында алдыңғы қатарда тұр. Корея Үкіметі K-Semiconductor Strategy-і жобасын қабылдап, 2030 жылға қарай әлем бойынша жартылай өткізгіш өндіруші жетекші елге айналуды мақсат етті. Бүгінде Samsung Electronics компаниясы әлемдегі ең ірі чип өндірушінің бірі. SK Hynix компаниясы DRAM және NAND флеш-жад нарығында алдыңғы қатарда. 2019 жылы Корея әлем бойынша телекоммуникация саласында 5G енгізген бірінші ел. Бүгінде Samsung, LG U+, SK Telecom 5G инфрақұрылымын жетілдіріп, 6G-ді сынақтан өткізуге талпынуда. Бұл елдің технологиялық прогресте үздіктердің қатарында болуына ЖІӨ-нің 4,8 пайызын ғылымға бөлуі әсер етті. Бұл көрсеткіш бойынша Кореяның алдына Израиль ғана шығады. Соңғы жылдары Жапония АҚШ, Қытай және Оңтүстік Корея сияқты елдермен бәсекелестікте кейбір салада артта қалғанымен, робототехника, кванттық есептеу, автоөнеркәсіп саласында артықшылыққа ие. Жапон үкіметі 2025-2030 жылдарға арналған жаңа технологиялық стратегия арқылы өз позициясын нығайтуға тырысады. Күн шығыс елі роботтардың әлемдік өндірісінде 50 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Fanuc, Yaskawa, SoftBank Robotics, Toyota Robotics компаниясы робототехника бойынша озық саналады. Адаммен сұхбаттаса алатын Honda Asimo және SoftBank Pepper роботы жасанды интеллектпен жабдықталды. 2020 жылы Fujitsu компаниясы жасаған Fugaku суперкомпьютері әлемдегі ең қуатты компьютер атанған-ды. Еуропа құрлығында Ұлыбритания, Германия, Франция, Нидерланды, Швеция және Финляндия инновацияны дамытуда жетекші рөл атқарады. Дегенмен ЕО стартаптардың баяу дамуы және жартылай өткізгіштер өндірісінде АҚШ пен Азиядан артта қалуы қиындық туғызып отыр. 2023 жылы ЕО Жасанды интелект регламенті заңын қабылдап, жасанды интеллектінің қауіпсіздігі мен этикалық пайдалануды қамтамасыз ететін құқықтық актілерді ұсынды. 2035 жылға қарай ЕО ішкі жану қозғалтқыштары бар автокөліктерді сатуға тыйым салуды жоспарлап отыр. Еуропа AI пен суперкомпьютерді дамытуда этика мен заңнамалық реттеуге басымдық беретінін аңғартты. Ұлыбританияның Graphcore, Германияның Aleph Alpha компаниясы AI жүйесі мен нейрожелілер жасаса, EuroHPC компаниясы ЕО суперкомпьютер бағдарламасы негізінде заманауи технологияны ұсынды.
P.S.
Әзірге технологиялық жарыста 5G мен AI-дағы басты бәсекелес – АҚШ пен Қытай. Жаңа технологияны жылдам енгізуші елдер – Оңтүстік Корея мен Жапония. Технологияны дамытуда этика мен заңнаманы басымдық беретін аймақ – Еуропа. Біздің ел аталған санатта әзірге көрінбейді. Назарбаев Университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында, сондай-ақ «Astana Hub» халықаралық IT стартап технопаркінде ғалымдар кванттық технология, AI жобалар бойынша зерттеу жұмысын жүргізуде. Нәтижесін алдағы уақытта білерміз. Тек технологиялық бәсекеде артта қалып кетпесек болғаны.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ