T-Newspaper

Әділғазы Қайырбеков: Музейлер ғылыми-зерттеу орталығына айналуы қажет

Қаламгерлер жеке шығармашылық жұмысынан өзге әдебиетке, мәдениетке қатысты шаруалардың да басы-қасында жүретіні таң емес, десе де, олардың бұл қызметі назар аударарлық дүние. Сондықтан ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты және ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, ширек ғасырдай уақыт Алматыдағы С.Мұқанов пен  Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің басшысы болған Әділғазы Қайырбековпен сұхбатымызда қазақ әдебиеті алыптарының шығармашылық ғұмырының жаршысындай екі бірдей музей жайында әңгімелесіп, ойларын жазып алған едік.

– Әділғазы аға, о баста сіз ақын ре­тін­де танылсаңыз да жұрттың көбі сізді бір­аз жыл Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мү­сірепов әдеби-мемориалдық музейі­нің басқарған адам ретінде біледі. Бұл қыз­метке қай кезде, қалай келдіңіз?

– Мен 1978 жылы ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­вер­си­теті ғой) Филология факультетін бітіріп, әдет­тегідей, бізді жан-жаққа бөліп жатқан кез­де ұстазымыз профессор Тұрсынбек Кә­кі­шев мені шақырып алып: «Алматыда қал­ғың келе ме?» деп сұрады. «Ойбай-ау, ол ар­ман ғой» деп едім, «Осында қалып еңбек ет­кің келсе, Алматыда Сәбит Мұқановтың му­зейі ашылайын деп жатыр, директоры Хә­кім Бекішов деген отставкадағы әскери кісі. Соған мен айтты деп барасың, сені жұ­мыс­қа алады» деді. Содан расымен Алматыда қа­лар ма екенмін деп сенер-сенбес күйде му­зейге келдім. Сөйтіп, оқу бітіргеннен ең­бек жолым Сәбит Мұқанов музейінде бас­тал­ды. Ол кезде музейдің экспонаттары әлі то­лық жиналып бітпеген, толықтыру үстінде бо­латын. Сөйтіп, музей 1978 жылы 21 қара­шада салтанатты түрде ашылып,  алғаш экс­­­­курсиясын жүргіздім.

– Содан бері осында жұмыс істеп ке­лесіз бе?

– Мен алғашында музейде бір жылға ша­­­малас жұмыс істедім. Пәтерде жүрдік. Ол кез­де әйелім жұмыс істемейді, үйде жас бала­мен отырды. Музейден алатын айлығым ба­ла-шаға асырауға жетпейтін болды. Сосын амал­сыз телевидениеге ауысып кеттім. Содан жур­налистикада жүрдім біраз жыл. Оның ішін­де «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») га­зе­тінде он жыл, «Халық кеңесінде» алты жыл, «Қазақ елі» мен «Шалқар» басылым­да­рын­да үш жылдан – алты жыл, жиыны жиыр­ма екі жыл баспасөз саласында еңбек ет­кен соң музейге қайта келдім. Сол тұста Сә­бит Мұқановтың 100 жылдығы өткелі жат­қан еді, Сәбеңнің жұбайы Мәриям апай мені музейге жұмысқа шақырды. Себебі ол кезде музей директоры – Сәбеңнің немере қы­зы күйеуінің жұмыс жағдайымен Аме­ри­каға көшетін болып жатқан екен, соның ор­нына апай менің келуімді қалады. Сөйтіп, музейге келіп, 2000 жылы С.Мұқановтың, 2002 жылы Ғ.Мүсіреповтің 100 жылдықтарын абыроймен өткіздік. Солайша өткен жылдың соңына дейін 24 жыл С.Мұқанов пен Ғ.Мү­сіреповтің әдеби-мемориалдық музей кеше­нін­де қызмет атқарып, басшылықты жастар­ға тапсырып, өзім ғылыми қызметкер болып жұмысымды жалғастырып жатырмын. Сәбеңнің музейі 1978 жылы ашылса, Ға­бең­нің музейі 1987 жылы ашылған. Ғабит Мү­сірепов музейі басында Орталық музейдің кішкене бір бөлімі ретінде құрылған. 1999 жылы екі музей басқару жағынан біріктіріліп, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемо­риалдық музей кешені деп аталды. 

– Енді музей жұмыстары жайында кеңі­рек айтып берсеңіз. Сіз еңбек етіп ке­ле жатқан музейлердің өзге музей­лер­ден қандай өзгешелігі бар? 

– Ең бастысы, бұл екі музей де жазу­шы­лар­дың музейлері ғой. Жалпы, республикада мұндай музейлерді саусақпен санап шығуға бо­лады. Алматыда Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұ­қановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Ахмет Бай­тұрсынұлының музейлері болса, Алматы об­­лысында Жамбыл Жабаевтың, Талды­қор­ған­да Ілияс Жансүгіровтің, Қарасазда Мұқа­ға­ли Мақатаевтың, Семейде Абайдың, Аста­на­да Сәкен Сейфуллиннің музейі деген әдеби му­зейлер бар. Бұл типтегі музейлердің басқа му­зейлерден ерекшелігі – мұндағы негізгі бай­лық, негізгі қор – кітаптар мен қолжаз­ба­лар, фотосуреттер мен хаттар. Екі музей де, қаламгерлердің өздері тұрған үйлерде ашыл­ғандықтан тұрғын үйлердің ішінде ор­на­ласқан. Мәселен, Сәбит Мұқанов музейі Мұ­қан Төлебаев көшесіндегі 125-үйдің екін­ші қабатында болса, Ғабит Мүсірепов музейі осы көшенің 13-үйінің үшінші қабатында ор­наласқан. Бұл үйлерде тұратындар да өз­гелер секілді тыныштықты қалайды. Сон­дық­тан музейлерге оқушылар, студенттер қап­тап келіп жатқанын ұнатпайтындар да бар. Бірақ соған қарамастан екі музей де көп жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келе жатыр. Негізінен, жазушының мұрасын на­си­хаттайды, ағартушылық жұмыстар жүр­гі­зе­ді.

– Музей қызметкерлерінің атқарған жұ­мыстары жайында айта кетсеңіз. 

– Біз – Мұқанов пен Мүсірепов музейі қыз­­меткерлері жазушылардың кітаптары­мен, қолжазбаларымен жұмыс істейміз. Бұл жерде мынадай ерекшелік бар: әдеби музей­лер – ғылыми-зерттеу жұмыстарына бейім болуы керек. Көп жерде осыған көңіл бөліне бер­мейді. Мәселен, Мұхтар Әуезов әдеби-ме­мо­риалдық мұражай үйі – ғылыми орталық деп есептеледі, Әдебиет институтына қарай­ды. Ал басқа музейлерде ондай мәртебе жоқ. Сон­дықтан Сәбит пен Ғабит музейлерін ғы­лыми орталыққа айналдыру менің арма­ным болды. Бірақ әлі оған мүмкіндік болған жоқ. Дегенмен біз мұнда ғылыми жұмыс­тар­мен айналыстық. Ғабит Мүсіреповке ар­нал­ған жырлардан «Ғажайып Ғабең», Сәбит Мұ­қановқа арналған өлеңдерден «Кәдімгі Сә­бең» деген атпен екі кітап құрастырып шы­ғардық. Одан кейін мені қызықтырған екі жазушының хаттары болды. Оқырман­дардан ең көп хат алған жазушының бірі – Сәбит Мұқанов. Сәбең көзі тірісінде Орталық архивке хабарласып, «Маған келген хаттар үйіме симай жатыр, соны алып кетсеңдер қалай болады, сіздерге тапсырайын деп едім» депті. Содан архивтен адамдар келіп әлгі хаттарды бір жүк машинасына салып әкетіп, бес-алты айдан соң Сәбеңе өздері алып кет­кен хаттардың 141 том болғанын айтқан екен. Орталық архивте С.Мұқановтың да, Ғ.Мү­сіреповтің де жеке қорлары бар. Соны іріктеу, сұрыптауды ойластырып, жұмыс істеуге бел будық. Оның бәрін жинау да оңай шаруа емес. Оларды архивтен, жеке қор­лар­дан алу, реттеу, сұрыптау қажет. Ол хаттар өткен ғасырдың 20-жылдарының ортасынан бастап жазылған. Олардың біразы Ахмет Бай­тұрсынұлы араб графикасы негізінде жа­саған төте жазуымен, кейбірі 1929-1940 жыл­дар арасында қолданылған латын негіз­ді қазақ графикасымен жазылған. Оның бәрін оқып, қазіргі жазуға түсіру, іріктеу деген біз үшін үлкен жұмыс болды. Соның нәтижесінде 2018 жылы «Мұқановтың хат­ханасы» («Письмотека Муканова»), 2022 жы­лы «Мүсіреповтің хатханасы» («Письмо­те­ка Мусрепова») атты әрқайсысы 25 баспа та­бақтан тұратын екі кітап шығардық. Хат­тардың қазақша жазылғаны қазақша, орыс­ша жазылғаны орысша берілді. Бұл хаттарда екі жазушының өзгелермен қарым-қатына­сын танытатын, әдебиет, мәдениет, қаламгер­лер, ұлт туралы көптеген құнды ойы бар. Бұрынғы жазушылар эпистолярлық жанрға қатты көңіл бөлген ғой, өзгелерге жаз­ған хаттарының ешбіріне жүрдім-бар­дым қарамаған. Әдеби шығармалар сияқты оқы­лады. Содан болар, С.Мұқанов көзі тірі­сінде өзінің өзгелерге, өзгелердің өзіне жолдаған хаттарын кітап қылып шығарғысы келген сияқты. Осыған байланысты ол 1965 жылы 30-сәуірде  досы, сол кездегі белгілі татар қаламгері, Башқұрстанның халық ақыны Сайфи Құдашқа жолдаған хатында: «Көп жылдан бері Сізден алған хаттарым, қазақша айтқанда, «Қоржынның екі басына сыймайтын болды. Сіз маған ылғи араб әрпімен жазасыз. Мен оларды татар тілін де, башқұрт тілін де жақсы білетін – Майра-ханум Жансаеваға орыс әрпімен бастырып қоямын. Сізге мен, қазақтың арапша емлесін білетін башқұрт машинисткасы барын білмегендіктен орыс әрпімен... Әлі де сөйте беруіңізге болады. Менің «Хаттар және хаттасулар» деген ат­пен қалың кітап жасау ниетім бар. Сізбен жазысқан хаттардың біразын соған кір­гізбекпін» деп жазған екен. Әрине, ол ар­маны Сәбеңнің көзі тірісінде орындалмады, 16 томдық шығармалар жинағына да хат­тары енген жоқ. Оны, жоғарыда айтып өтке­нім­дей, біз – музей қызметкерлері кітап етіп шы­ғардық. Әрине, біз екі қаламгердің бар­лық хаттарын қамти алмадық. Тек, негізінен бұрын жарияланбағандарын кітапқа енгіз­дік. Солтүстік Қазақстан облысындағы Сә­бит Мұқановтың мұражай үйі де жазушының хат­тарынан кітап құрастырып шығарды. Одан кейін біздің тағы бір елеулі жұмы­сы­мыз – өткен жылы басылып шыққан 47 бас­па табақтық «Ғабит Мүсірепов» энцик­ло­пе­диясы болды. Оны музей қыз­мет­кер­лері­мен бірге құрастыруға 10 жылдай уақытым кет­ті. Осы жылдар ішінде музей қызмет­кер­ле­рін Орталық архивке, Ұлттық кітапханаға, сирек қорларда жатқан жазбаларын жинауға жіберіп, материалдарды топтадық. Кезінде Ғабаң өзінің 3 томдық, 5 томдық шығармалар жинағын шығарды ғой, бірақ оған туын­ды­ларын сұрыптап енгізгендіктен қаламынан шық­қандардың, ол туралы жазылған нәр­селердің көбі жұртқа белгісіз еді. Сондықтан біз атаулы энциклопедияда ол туралы ай­тыл­ған, жазылғандардың бәрін де қамти ал­дық деп ойлаймын. Тіпті, 1937 жылы 15 қа­занда «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған Ға­бит Мүсіреповті «жау пиғылдағы адам» деп қа­ралаған «Халық жауларының жетегіндегі жазу­шы» деген (авторы белгісіз) мақала жайын­да да түсінік берілді.

– Ғабит Мүсіреповке қарағанда Сә­бит Мұқанов ертерек танылған, жасы үл­кен және артына қалдырған мұрасы да мол қаламгер ғой. Неге алдымен «Сә­бит Мұқанов» энциклопедиясын шы­ғар­мадыңыздар?

– Әрине, бұл сұрағың орынды. Сәбит Мұқановтың ұрпақтары да маған осыны айт­қан. Ғұмыр болса көрерміз, менің қолым­нан келмесе оны жасап шығатын өзге де адам­дар табылар. Дегенмен алғашында Сә­бит Мұқанов туралы энциклопедия жасағым кел­ген. Мұндай кітап жасауда алдымен атқа­ры­латын жұмыс сөзтізбе жасау ғой, оған бір­аз уақыт кетеді. Сәбең туралы материалдар ұшан-теңіз. Хаттарының өзінің қанша кө­лем­де екенін айтып өттім ғой. Сосын ол кісі­нің шығармалары әр кезде әртүрлі атпен шығып отырған. Мысалы, «Мөлдір махаббат» романы алғашында «Адасқандар», «Ботагөз» романы «Жұмбақ жалау» болып шыққан. Шы­­­­ғармаларының қолжазбасының өзінде екі-үш вариант болған. Сондай-сондайларды түгел­деп, сипаттап шығуға өте көп уақыт керек. Ал Ғабеңде ондай емес, қолжаз­бала­ры­ның бір-ақ варианты бар. Туындыларының бәрі бір мәтінде. Ғабаң қара қаламмен жазған ғой, жазып жатқан кезде қате кетсе, не өзгерту керек болса, ондайларын өшіргіш­пен өшіріп, түзеп, жазып отырған. Сондық­тан ол кісінің мұраларында бірінші, екінші нұс­қа деген жоқ, барынша ықшам. Ал Сәбең­де ондай емес, көпнұсқалы және ол кісінің шығармаларында кеңестік идеология, тап күресі деген нәрселер бар. Оның бәрі бүгінгі оқырманға қажетсіздеу нәрселер. Бірақ Сә­бең шығармашылығы жаңағыдай саясат ыңғайында жазылған нәрселерін қоспаған­ның өзінде, кезінде халыққа өте жақын, оқырманы көп қаламгердің бірі болды. Сон­дықтан ол «Жол таптым бар қазақтың жүре­гі­не, Осы да жетті деген тілегіне!» деп батыл айта алды деп ойлаймын. Қазір оның осы сөзі музейінің кіреберісіне алтын әріптермен жазылып тұр. Сәбеңнің қазақтың болашақ қаламгер­лері­не тигізген әсері мол. Мәселен, қазақтың белгілі жазушысы, марқұм Рахымжан Отар­баев осыдан он жыл әріде берген бір сұх­ба­тын­да өзінің қаламгерлік жолындағы Сәбит Мұ­қановтың әсері туралы: «Атырау облысы Құр­манғазы ауданының Приморье ауы­лындағы Ю.Гагарин атындағы орта мек­теп­тің сегізінші сыныбында оқып жүргенімде Сәбит Мұқановтың 16 томдық қалың-қалың көк жолақ кітабы жарық көрді. «Менің мек­тептерімнен» бастап түгел оқып тауыстым. Кере­мет әсерлендім. Алдымнан ақтабан жол шық­қандай, сәуірдің шипа самалы ескендей күй кештім. Сол сәттен бастап жазушы бол­сам деген ой көкейіме мықтап орныққан. Қа­зірде көп насихаты жоқ осы нағыз ха­лық­тық қаламгерге деген құрметім шексіз. Мы­нау алды – сағым, арты сағыныш тірлікте ба­сыма сана, тіліме бояу берген Алла болса, қо­лыма қалам ұстатқан сол алып тұлға деп бі­лемін» депті. Тізе берсек, мұндай мысалдар көп­теп табылады. Демек, Мұқанов шығар­машы­лығына біржақты баға беруге болмай­ды деп ойлаймын.  Сәбең «Сұлушаш» сияқты тамаша дастан­нан кейін прозаға кетіп, бірден екі жастың арасындағы махаббат трагедиясын суреттей­тін «Адасқандар» деген роман жазып, елдің ықыласына бөленген жазушы. Кейін оны «Мөл­дір махаббат» деген қалың роман қыл­ды. Алғашқысы – саясаттан ада таза шығарма еді, оны оқыған көнекөздер қазір азайып қалды ғой, бұрынғылар «Адасқандарды» ба­ғалайтын. Сондықтан «Адасқандар» ро­ма­ны­ның 1931 жылғы алғашқы нұсқасы біздің дайындауымызбен 1999 жылы «Елорда» бас­пасынан қайта жарық көрді. Одан кейін бұл роман тағы да қайта басылып шықты. Сон­дай-ақ Сәбит Мұқановтың «Балуан Шо­лақ» туындысы, «Халық мұрасы» кітабы қай­та-қайта басылып шығып, оқырманға ру­хани азық болған шығармалар.

– Музейде ширек ғасыр табан ау­дар­май жұмыс істеу өз шығарма­шы­лы­ғыңыз­ға қалай әсер етті? Ыңғайлы бол­ды ма?

– Әрине, жеке шығармашылығыма көп пай­дасын тигізді дей аламын. Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдықтарын өт­кіз­ген соң 2002 жылы тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы онжылдығындағы поэзиялық шы­ғармалар жайында кандидаттық диссерта­ция жазуды бастадым. Біз, музей басшылары, әр тоқсанда бір рет Мәдениет министрлігі өткізетін жиынға қатысып тұрамыз. Сол тұста Қазақстан Рес­публикасының Мәдениет және ақпарат ми­нистрі Мұхтар Құл-Мұхаммед «Музейді ға­лым адам басқарғаны  дұрыс. Музейдің бас­шысы кемінде ғылым кандидаты немесе ғы­лым докторы болуы керек» деген еді. Со­дан мен ойланып қайттым. «Қазақтың екі клас­сик жазушысының музейін бір ақын бас­қарып отыр, ғылыми атағы жоқ» деген әң­гіме болып жүрер деп, ғылыммен ай­на­лысуға бел будым. Алматыға келген соң тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығындағы қазақ поэзиясы туралы жазсам қайтеді деген ойға келдім. Сөйтіп, газет-журналдарда шық­қан шығармаларды қарап, Ұлттық кітап­ха­наға барып, 1991-2001 жылдардағы кітап­тар­ды қарап, зерттеп, ғылыми жұмысымды жаза бастадым. Жазып көріп ем, материалдар көбейіп, жұмысымның көлемі ұлғайып бара жатыр. Сосын, қой, мен Әдебиет институтына барайын, жұмысым жайында сөйлесейін деген шешімге келдім. Сондағы ғалымдарға жо­лығып, ғылыми жұмысым жайында ай­тып едім, академик Серік Қирабаев ағамыз: «Бұл тақырып біздің институтта әлі қозғал­ған жоқ, сен айтып отырған кезеңдегі проза, поэзия, драматургия жайлы ғылыми еңбек жоқ. Сенің тақырыбың жақсы екен, жаз, мен өзім саған ғылыми жетекші болам» деп қолдау білдірді. Сөйтіп, тақырыбым бекітіліп, екі жылдың ішінде ғылыми диссертациямды жазып, қорғап шықтым. Мен тәуелсіздік жылдарындағы поэзия­дан кандидаттық қорғаған соң әдебиеттің әр жанр бойынша зерттеліп, ғылыми диссер­тациялар қорғала бастады. Кейін он томдық қазақ әдебиеті тарихы шыққанда, соның 10-томына менің тәуелсіздік жылдарындағы қазақ лирикасы туралы жазылған ғылыми еңбегім бір тарау болып енді. Музейде еңбек етіп жүріп өзімнің әдеби шы­ғармаларымды жаздым, Мұқанов пен Мүсіре­пов туралы көптеген республикалық, халықаралық конференцияда баяндама жа­садым. Сол баяндамаларымның өзі бір кітап бол­ды. Солайша осы жерде қызмет атқар­ға­ным­ның арқасында ғылым кандидаты бол­дым, Мұқанов пен Мүсіреповтің шығар­машылығын зерттедім. Бірнеше жыр жина­ғым жарық көрді.

– Тәуелсіздіктің алғашқы он жыл­ды­ғын­дағы қазақ поэзиясын зерттегенде неге көз жеткіздіңіз? Сол кезеңдегі поэ­зияның қандай ерекшелігі бар екен?

– Ол жайында «Тәуелсіздік және қазақ поэ­зиясы» зерттеу кітабымда кең түрде ай­тылған. Басты ерекшелігі – кеңестік кездегі сая­си ұранға елту, мадақтау жоқ. Цензура жоқ. Ақындар барынша еркін. Ұлт, тарих тура­лы батыл ойлар мол кездеседі. Лирика на­ғыз ұлттық сипат алған. Поэзия өзге жанр­лардың алдына түсіп кеткені айқын кө­рі­неді. Жақсы ақындар, жақсы кітаптар көп.  Тек ол кездегі поэзия халыққа кеңірек та­рала қоймаған сияқты, өйткені кітап­тар­дың тиражы көңіл көншітпейтін, әркім кі­таптарын өз күшімен шығарып, аз тара­лым­да болғандықтан ақындардың бірін-бірі те­рең білуге, оқуға мүмкіндігі аздау болды деп ойлаймын. Мен ол кездегі поэзия туралы жазғанда, сол тұста шыққан кітаптардың бәрін оқып шы­ғуға мүмкіндік бола қоймады, шыққан кі­таптардың бәрі бірдей кітапханалардан табылмайтын. Сондықтан мен негізінен зерт­теуіме газет-журналдарда шыққан шы­ғар­маларды алдым.

– Өз шығармашылығыңыз туралы ай­тыңызшы, қандай кітаптар шығар­дыңыз, ақындығыңыз өзінің лайықты бағасын алды деп ойлайсыз ба?

– 1980 жылы «Бастау» атты алғашқы жыр жи­нағым шыққаннан бергі жерде 6-7 өлең кіта­бым жарық көрді. 1998 жылы «Ана тілі» бас­пасынан шыққан «Шер шертер» атты кіта­быма халықаралық «Алаш» әдеби сый­лы­ғы берілді. Ол кезде бұл сыйлыққа түсетін кі­таптар қатал сүзгіден өткізіліп, сарап­тала­тын. Сондықтан мұны мен ақындығымның бағалануы деп санаймын. Алпысқа толғанымда мерейтойымды өт­кізіп, той тойламадым. Есесіне 10 томдық шы­ғармалар жинағымды шығардым. Соның алғашқы үш томына поэзиялық туынды­ларым­ды енгіздім.  Жоғарыда 20 жылдан аса уақыт түрлі ба­сылымдарда журналистік қызметте бол­ғанымды айтып өттім ғой, қазір қарап отыр­сам, бәрінде әдебиет және өнер бөлімінде еңбек етіппін. Сондықтан ол жерлерде жүріп жазғандарымның саясатқа қатысы жоқ, түгелге жуығы әдебиет пен мәдениетке қа­тысты екен. Ал ол тұрғыдағы материалдар уа­қыт сынына төтеп береді, көптеген жыл­дан соң да қайта оқуға жарайды. Мысалы, ер­­­­теректе жазған «Ақтоты және Мақпал» де­ген шағын мақалам бар. Ол музыка мек­тебінде бірге оқыған композитор Ақтоты Райым­құлова мен белгілі әнші Мақпал Жү­нісова туралы. 11-сыныпта оқитын олардың біреуі ән жазса, екіншісі ән салған. Қазір оның өзі өнер тарихына қатысты бір мате­риал болып қалды. Міне, осындай танымдық мақалаларым мен сұхбаттарымды, зерттеу еңбектерімді, рецензияларымды 10 томды­ғыма енгіздім. Екі баламның біреуі дәрігер, біреуі заң­гер. Олар кітап оқығанымен әдебиетпен ай­­­­­налыспайды. Ал немерелерімнің ішінен әдебиетке қызығатын біреу шығып, ол менің жазғандарымды қай уақытта жинап, түгел­дейтінін Құдай білсін. Сондықтан күшімнің барында жазғандарымды өзім жинақтап кетейін дедім. Ол өзі тәжірибеде бар нәрсе. Әркім-ақ өз шығармашылығын өзі жақсы біледі ғой.

– Музей деген руханият ордасы ғой, да­мыған елдерде өте жоғары бағалана­ды. Қазақ музейлерін дамыту туралы қандай ойыңыз бар?

– Әрине, музейдің рухани атмосферасы ерек­ше ғой, әсіресе, әдеби музейлердің орны бөлек. Өзің туындыларын оқып сүйсінген қа­ламгерлердің музейіне барғанда оның отыр­ған жерін, шығармаларын жазған каби­нетін, қолжазбаларын көргенде ерекше күй ке­ше­сің, ол еңбек еткен дәуірді көзбен көр­ген­дей боласың. Танымың тереңдейді, көк­жие­гің кеңейе түседі.  Әдеби музейдің құны, қадірі оны көруге кел­ген оқушылардың, студенттердің саны­мен бағаланбауға  тиіс. Музейге барған адам бірдеңе алып, танымын байытып қайтуы ке­рек. Ол үшін ең алдымен әдеби музейлер ғы­лыми орталыққа айналуы қажет. Онда зерттеу жүргізуге қабілетті адамдар қызмет атқарса, оларға жағдай жасалса, көп пайдалы іс жүзеге асар еді. Мысалы, мен «Ғабит Мүсірепов» энцик­лопедиясын жасап жүрген кезде Алматының Мәдениет басқармасының бір басшысы  (олар жиі ауысып жатады ғой) «Энциклопе­дия­да не шаруаң бар, оны керек болса анау Қазақ энцилопедиясының бас редакциясы, әдебиет институты жасасын» дегені бар. Мен  «Мүсіреповке қатысты нәрсенің бәрі осында тұр, оны неге сырттан келіп біреу жасауы керек» деймін. Ал олар тыңдағысы келмейді. Бір­ақ оған құлақ аспай өз шаруамды атқара бердім. Әлгіндей жаратпағандардың кесірі­нен ол энциклопедияны жасап шығару біраз уақытқа созылды. Сондықтан музей секілді мә­дениет ордаларына басшылық жасай­тын­дар кедергі келтірудің орнына әрдайым қол­дау білдіріп отырса екен деймін. Ғылым бар­лық жерде дамып, тиісті адамдар қажетті шаруаларды атқарып жатса, оның несі жаман?

– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан – Ахмет ӨМІРЗАҚ