Жаңалықтар

Петропавлда кәріз құдығы жарылып, бес адам жарақаттанды

фото: видеодан скриншот

Төртеуі ауруханада жатыр

Петропавлда кәріз құбырларын ауыстыру кезінде жарылыс болып, бес адам жарақат алды, деп хабарлайды КТК арнасы.

«Қызылжар су» серіктестігінің қызметкерлері ескі құбырларды дәнекерлеп жатқан кезде кәріз құдығына жиналған газ тұтанып кеткен. Салдарынан бір жұмысшының тобығы сынып, қалған төртеуін күйік шалған.

Жарақат алғандар дереу қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Аурухананың бөлім меңгерушісі Қайрат Мәжитовтың айтуынша, төртеуі бірінші және үшінші дәрежелі күйікпен ауруханаға жатқызылды, ал құлағы жеңіл күйген бір жұмысшыға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйіне жіберілді.

Қазіргі уақытта полиция оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.