Солтүстіктегі су тасқыны
Солтүстіктегі су тасқыны
Көктем басталса, су тасқынынан зәрезап болып, жаз шықса судан тапшылық көретін әдетіміз әлі де қалар емес. Екі өкпеден қысқан қыстан кейін жаймашуақ көктем келіп, арқаны кеңге саламыз-ау деген жұрт аяқ астынан келген жазға дайын болмай шықты. Әсіресе, жауапты шенеуніктер.
Ауа температурасының күрт жылынуы еліміздің Солтүстік облыстарын, әсіресе, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысы мен Шығыстың шырайлы мекенінің біразын әбігерге салды. Әбігерге салды деген жай сөз, қора-қопсы, үй-жай, мал-мүлкінен айырып, тіпті кейбір дерек көздері адам шығынының болғанын да мәлімдеп жатыр. Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік қызметкерлері селдің, су тасқынының қатері бар екенін қалың жұртқа алдын ала ескерткенінен өзге, қолынан келер қайраны жоқ екенін бұл жолы да дәлелдеді.
Бүгінге дейін Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында төтенше жағдай жарияланғаны мәлім болды. Қарағанды облысының көнекөз қариялары дәл осындай жойқын су тасқынын бұрын-соңды көрмегендерін айтады. Су тасқынының салдарынан құзырлы органдар 7000-дай тұрғынды тұрғылықты мекенінен көшіруге мәжбүр болған. Ресми түрде нақтыланбаса да, кейбір дерек көздері екі баланың су тасқынының құрбаны болғандығын мәлімдеген. Қарағанды облысының жеті ауданы – Қарқаралы, Абай, Жаңаарқа, Шет Нұра, Осакаровский және Бұқар жырау аудандары су астында қалып отыр. Ресми ақпарат 50-ден астам елді мекенді су басып, 350 бас малдың суға кеткенін және 1700-ден астам үйдің су астында қалғанын растайды. Су тасқыны өткен сенбі күні, яғни сәуірдің 11-і күні басталып, жексенбіде тіпті күшейіп кеткен. Судың орташа биіктігі – 1 метрге дейін жетсе, кейбір аудандарда тіпті 2 метрге дейін жетті деген ақпарат бар. Қарағанды – Шахтинск күре жолының бойындағы басты екі ірі көпір және оншақты шағын көпір істен шығыпты. Жалпы, Қарағанды облысының тұрғындары жергілікті әкімшіліктің бұл істе арнайы дайындығы болмағандығын айтып, ашынады. Мәселен, қарағандылық Айсұлтан Жақып өзінің фейсбук парақшасында көпірлердің ескіргенін әрі ауыстыру уақытының әлдеқашан жеткендігін жазады. «Қалалардың, ауылдардың арасын жалғап тұрған көпірдің көбі ескірген. Жылғаға айналған өзендерді менсінбеуді қою керек. Барлығын қайта жасап, су ағуға арналған айналмалардың санын көбейту керек. Көпірге жарты шақырымдай қалғанда жолды биіктетіп әрі кеңейту қажет», – деген ол.
Сондай-ақ, республикалық маңызы бар бес көпір құлаған. Солардың ең үлкені және ең маңыздысы Алматы – Өскемен және Өскемен – Семей бағытындағы күре жолдың істен шығуы. Қайнар және Привольное ауылдарындағы екі көпір мүлдем іске алғысыз. Өскемен мен Алматыға немесе Семей мен Алматыға қатынағысы келетіндер үш есе алыс жолды айналып өтуге мәжбүр. Семейге баратын жол 60 шақырымға, Семей – Ресей күре жолы 160 шақырымға дейін алыстаған. Әрине, республикалық маңызы бар ғана жолдар емес, сонымен бірге, жергілікті жолдар да зақымданған. Ауылдардан 180 адам көшірілген.
Павлодарда төтенше жағдай жарияланғалы бірнеше күннің жүзі. Павлодардың Қарағандымен шектесетін ауылдары және Баянауыл ауданы су астында қалып, жүзден астам адам өзге мекендерге көшірілген. Екі ауылды су басып кеткен. Қазір Қызылорда – Павлодар күре жолы жабық.
Ақмола облысы, Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғымановтың қызмет көлігі су астында қалған. Абырой болғанда әкімнің өзі аман қалған. «Радиоточка» интернет радиосының мәлімдеуінше, Ерейментау аудандық мәслихатының депутаты Ербол Дүйсен аудан әкімшілігі төтенше жағдайдың алдын алмағандықтан, бүгінгідей жағдайға жетіп отырғандығын айтқан. «Аудан басшылығына өңірде төтенше жағдай орын алу мүмкіндігі талай ескертілген болатын. Бөгеттерге қарап, бас-көз болған ешкім жоқ. Бұл – салғырттық. Егер дер кезінде көпір тазаланған болса, бұл жағдай орын алмас еді, – деп түйіндеді Дүйсен» делінген «Радиоточкадағы» «Ақмола облысында әкімнің «Ленд крузерін» тасқын су алып кетті» атты мақалада. Депутат, сондай-ақ, Олжабай батыр ауылына жететін жолдың бәрін су алып кеткенін, ауылдың 60 пайызын су басып қалғандығын және ауылды қорғап тұрған үш бөгеттің бірінің қирағанын айтқан.
Ал сейсенбі күні су тасқыны Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына жеткен. www.tengrinews.kz сайтының мәлімдеуі бойынша, Ішкі істер және вице-министрі Владимир Божко 8 сәуірде Солтүстік-Қазақстан облысында арнайы сапармен барып, облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Павел Филипповпен бірге облыстың су тасқынына сақадай сай екендігі жайында есеп беріп қайтқан екен. Алайда бір апта өтпей жатып солтүстік облыстардың біраз бөлігі су астында қалып отыр. Сәуірдің 14-і күні Астанада баспасөз-мәслихатын өткізген Божко су тасқынына төтеп бере алмағандығын мойындай отырып, оған үш түрлі фактордың әсер еткендігін айтып өтті. Бірінші, қардың әдеттен тыс көп болғандығы, екінші, күннің аяқ асты ысып кетуі, үшінші – су қоймаларының арнасынан асуы.