Жаңалықтар

Жетісу облысында алаяқтар пайдаланған интернет ресурстар бұғатталды

istockphoto.com

Олар азаматтардың қаражатын қылмыстық жолмен иемдену мақсатында қолданылған.

Жетісу облысының прокуратурасы әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында интернет алаяқтар пайдаланылған 5 ықтимал  сілтемені (2 сайт yourlawj.com, future-arcs.com) және 3 бейне жарнаманы (kspft, ryansedam) анықтады.

Бас прокуратураның мәліметінше, олар азаматтардың қаражатын қылмыстық жолмен иемдену мақсатында қолданылған.

«Анықталғандай, бұл интернет–ресурстар мен «Youtube» платформасындағы бейнероликтер ресми емес және жалған сілтемелер арқылы жасалып, пайдаланушыларға инвестиция түріндегі салымдар арқылы жинақтарды көбейту сылтауымен таратылған.

Жеке деректерді (ТАӘ, телефон нөмірі, электрондық пошта) толтырғаннан кейін, бұл ақпарат алаяқтарға беріліп, азаматтардың ақшалай қаражатын заңсыз иемдену рәсімдері жүргізілген.

Анықталған сілтемелер «Кибербақылау» жүйесіне енгізіліп, нәтижесінде олар бұғатталып, жойылды», – делінген хабарламада.

Облыс прокуратурасы азаматтарды қырағы болуға және жеке деректерін күмәнді интернет ресурстарға жібермеуге шақырады.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.