Депутат: «Қазақмыс» кенішінде қайғылы оқиғалардың көбеюіне – қауіпсіздік мәселесіне көңіл бөлінбеуі себеп
Депутаттың пікірінше, бұған – көңіл көншітпейтін келесі статистика дәлел.
«Ұлытау өңіріндегі «Қазақмыс» корпорациясының кенішінде болған қайғылы оқиға бүкіл елді дүр сілкіндірді.
Жантүршігерлік апатта жақындарынан айырылған әрбір отбасыға Парламент Мәжілісі атынан көңіл айтамыз.
Бұл жағдай Президенттің жіті бақылауында. Үкіметке төтенше жағдайдың себептерін жан-жақты тексеріп, зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырды. Арнайы комиссия құрылды. Қылмыстық іс қозғалды», – деді ол.
Депутаттың пікірінше, «Қазақмыс» кәсіпорындарында жазатайым оқиғалардың көбеюі өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесіне жете көңіл бөлінбеудің салдары.
«Бұған – көңіл көншітпейтін келесі статистика дәлел.
Мәселен, 2023 жылы Шығыс Жезқазған кенішінің Балқаш мыс қорыту зауыты мен №57 шахтасында монтажшы мен тау-кен шебері қаза тапты. Қараша айында Жезқазғандағы №2 байыту комбинатында бір әйел, Жамбыл облысындағы Жайсаң кенішінде екі кенші қаза тапты.
2024 жылдың қазан айында Балқаш ауданындағы Саяқ-3 кенішінде көмірқышқыл газының шығуынан тағы екі кенші қаза тапты.
Енді міне, күні кеше болған апатты жағдай жеті адамның өмірін жалмап, артында отбасы мен кәмелетке толмаған балалары қалды. Бұл ретте, мыс кенішіндегі газ жарылысы туралы ақпарат ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Өйткені ол мыс өндіру кенішінде болмауы тиіс еді. Демек, бұл қауіпсіздік техникасы бұзылғанын білдіреді.
Осыған байланысты осынау табысты ірі кәсіпорындардың бірі неге тек табыс табуды ойлап, жылдар бойы қауіпсіздік шараларын тиісінше қамтамасыз етпейді деген сұрақ туындайды», - деді халық қалаулысы.
Арман Қалықовтың айтуынша, техногендік апаттар еліміздегі шахталарда, карьерлерде, мұнай кен орындарында жыл сайын қайталанып тұрады. Бұл өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша мемлекеттік институттардың маңызы мен қажеттілігін айқын көрсетеді.
«Әйтсе де, осы жүйені үнемі реформалаудың салдарынан біз жоғары деңгейдегі мамандар мен инспекторларды қоса алғанда, тұтастай бақылаушы мемлекеттік саладан айырылдық.
Осы мәселелер бойынша өзім де және әріптестерім де мемлекеттік өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін қайта құруға байланысты болашақта болуы мүмкін салдарлар туралы ескертіп, бірнеше рет депутаттық сауал жолдаған едік. Бұған қоса, біз өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау мен қадағалауды күшейтетін заңнамалық және жүйелік нормаларды да ұсындық.
Алайда Үкімет, оның ішінде Ұлттық экономика министрлігі бұл маңызды заңнамалық бастаманы қолдамады. Сол кезде әріптестеріміз Ұлттық экономика министрлігі өкілдеріне қаза болған кеншілердің отбасыларына баруды ұсынды. Енді министр мен Ұлттық экономика вице-министрлері «Қазақмыстың» қаза тапқан кеншілердің отбасыларына барғаны жөн.
Ең сорақысы – инспектордың тексеру парағы қауіпті өндірістік объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты емес, өрт және экологиялық қауіпсіздік, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жүйелерінен алынған екен.
Сондай-ақ, он жыл бұрын еліміздегі өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жалғыз республикалық ғылыми институт таратылыпты. Осылайша, технологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми-әдістемелік база жойылған.
Жоғарыда аталған, жылдар бойы қордаланған келеңсіз факторларға қарамастан, өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесінде қалыптасқан жағдайға тиісті талдау жүргізілмей, одан әрі қысқарту жүргізу көзделген.
Бұдан бөлек, өңірлік өнеркәсіптік қауіпсіздік және азаматтық қорғаныс басқармалары біріктірілген. Енді тау-кен өнеркәсібі, құрылыс, қауіпті өндірістегі өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері Төтенше жағдайлар департаментінің, яғни өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың құзырына берілді.
Өз басым 30 жылдан астам өндірістік тәжірибесі бар адам ретінде бұл жағдайды нонсенс және ешбір ақылға сыйымсыз деп есептеймін», – деді А. Қалықов.
Халық қалаулысы жоғарыда айтылғандардың негізінде Үкіметке ұсынымдар жасады.
1. Премьер-Министрге тікелей қарайтын дербес мемлекеттік орган құру арқылы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту мәселесін қарастыру. Бұл ретте, өнеркәсіптік қауіпсіздік функциялары салалық министрліктерден аталған ұйымға берілуі керек.
2. Қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру жүйесін жетілдіру бойынша шаралар қабылдау қажет.
3. Газ қауіпсіздігі бойынша сарапшыларды тарта отырып, апаттың себептеріне дереу, жан-жақты және тәуелсіз тексеру жүргізу қажет. Шахталардың желдету жүйелерінің тиісті санатқа сәйкестігін тексеру керек.
4. Тау-кен өндіруші кәсіпорындарда жабдықтар мен технологияларды заманауи еңбек қауіпсіздігі талаптарына сай жаңарту ісін қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет», – деді А. Қалықов.