Бұралқы иттерді күтіп-бағуға бюджеттен қыруар ақша бөлінеді – Еділ Жаңбыршин
Оның пікірінше, қолданыстағы заңнама аясында бұралқы иттерді ұстап, оларға стерилизация, екпе жасап, қайтадан бос жіберу қарастырылған. Бірақ мұндай практика алаңдатып отырған проблеманың шешімін табуға көмектеспеген.
«Өткенде ғана Маңғыстау өңірінде болған оқиға барша ата-аналардың уайымын күшейтті. Өздеріңіз де естіп-біліп отырсыздар, 16 жастағы бала итке таланып, ауыр жағдайда ауруханаға түсті.
Біреулер «қазір ештеңеге таң қалуға болмайды, онда тұрған не бар?» деуі мүмкін, бірақ мәнісіне терең үңілсек, бұл оқиға бірнеше қоғамдық проблеманың бетін ашып берді.
Біріншіден, итке таланған баланың жасы 16-да екенін ескеру керек. Оның орнында 3-4 жастағы бүлдіршін болса, жағдайының қандай болатынын елестету қиын.
Екіншіден, бұл – ақпарат құралдарында жазылып, резонанс тудырған оқиға. Соған орай, облыстық ауруханада итке таланған балаға қажетті ем-шараның бәрі жасалынды.
Бірақ, ауылдарда ит талаған баланың бәріне дұрыс медициналық көмек дер кезінде жасалып жатыр ма, әрине жоқ!
Үшіншіден, дене жарақаты жазылар, ал баланың психикасына келтірілген зақым мен оның салдарын кім ойлайды?! Бұл дерт өмір бойы адамның тағыдырына кері әсер етпей ме?», - деді ол.
Депутаттың айтуынша, соңғы кезде бұралқы иттер ересектерге де шабуыл жасаған оқиғалар да көбейіп кеткенін атап өтті
«Сонда бұралқы, аш иттерді тыя алмасақ, жас бала мен қорғансыз кәрілерді олардан қорғай алмасақ, біз кімбіз?!
Бұралқы иттер туралы сөз болса, жануарлар құқығын қорғаушы кейбір ұйымдар өре тұрады. Түсінеміз, олар ЮСАИД сияқты батыстық ұйымдардан алған гранттарының ақшасын ақтауы керек болар. Бірақ, жануарлар құқығы Адам құқығынан жоғары болғаны ма?!
Қазақстан Республикасының ең бірінші байлығы – адам, ал Мемлекеттің міндеті – әуелі әр азаматтың бейбіт және қауіпсіз елде өмір сүруіне жағдай жасау. Тағы да қайталап айтамын, адамның қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс!
Осыдан 20 жыл бұрын Алматы облысы, Талғар қаласында бес жасында ит талағаннан кейін тілі сақауланып невралгия ауруына шалдыққан кішкентай баланың тағдығырын білетін боларсыз. Оның ата-анасы қызын емдету үшін қанша уақыт, қанша қажыр, қанша қаражат жұмсады – оны кім есептеді, кім компенсация төледі? Ешкім.
Мұндай оқиғалар ел ішінде көп.
Осындай оқиғаларды әлгі шетелден гранталғыш ұйымдар неге көтермейді? Неге зерттемейді?
Бұралқы, қаңғыбас, ауру иттердің «құқығын» қорғаушылар ең алдымен итке таланып, ауруханаға түскен басқа емес, өз баласы деп елестетіп көрсін!», – деді халық қалаулысы.
Оның пікірінше, қолданыстағы заңнама аясында бұралқы иттерді ұстап, оларға стерилизация, екпе жасап, қайтадан бос жіберу қарастырылған. Бірақ мұндай практика алаңдатып отырған проблеманың шешімін табуға көмектеспеген.
Ресми статистикаға сүйенсек елімізде жыл сайын 38 мыңнан астам адамды иттер қабады. Ойланып қараңыздаршы сонда күніне 104 адамды иттер талайды. Ал оның кемінде жартысы – 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл – ресми цифрлар, қорқынышты әрі сұмдық статистика.
Бірнеше Мәжіліс депутаттары болып, осы мәселені реттеу үшін заң жобасын әзірлеп, Парламентте талқылап жатырмыз. Өйткені босатып жіберген бұралқы ит қоғамға қауіпті және экономикалық жағынанда тиімсіз болып тұр.
Біріншіден, табиғи тұрғыда көбею мүмкіндігінен айрылғанымен, хайуан өзінің хайуандығын қоймайды. Оның үстіне, қаңғысбас иттердің басты инстинкті – аштықпен күрес екені белгілі. Аш ит адамға шабуыл жасаудан тайынбайды. Оның үстіне, қаңғыбас иттер түрлі жұқпалы аурулар таратады.
Екіншіден, қала мен ауылда қаңғыбас иттердің саны азаймай отырғанының бір себебі – оларды асырап алған адамдардың жауапсыздығы.
Үшіншіден, қаңғыбас иттерді арнайы үй-жайларда ұстап, оларды күтіп-бағуға мемлекеттік бюджеттен қыруар ақша бөлінеді. Есептеп көріңіздер, мектепте бір баланы тамақтандыруға мемлекеттік бюджеттен күніне 840 теңге бөлінеді, ал бір итті стерилизация, вакцинация, чиппен және операциядан кейін күтіп ұстауға 20 мыңнан 40 мыңға дейін қаржы керек екен. Әділет қайда? Адамға деген жанашырлық қайда?
Сондықтан, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР заңына біздер ұсынған иесіз, бұралқы иттерді 15 күннен соң эвтаназия әдісімен ұйықтату нормасы – гуманистік шешім деп білемін. Бұл АҚШ, Жапония, Израиль, Франция, Ұлыбритания, Литва сияқты әлемнің көптеген елдерінде қолданылатын әдіс. Тіпті скандинавия елдерінде Ресейден бұралқы иттер шекарадан өтіп кетсе, бірден атып тастайды.
Е. Жаңбыршин қоғамда қажетсіз дау көтеріп жүрген кейбір «жануар құқығын» қорғаушылар ең алдымен адам құқығы мен адам қауіпсіздігі деген мәселені еске алуын айтты.
Тіпті олар ақбөкендер мен Каспийдің ит балығы мыңдап қырылғанда неге бастарын бұғып үндемей қалды? Әлде батыста отырған «дирижерлері» гранттарын тек иттер мен мысықтарды қорғау үшін берді ме?
Бұралқы иттердің мәселесін қоғамда жүйелі түрде шешу үшін, Үкімет келесі мәселелерді қолға алуы керек:
Бірінші, өздерін «зооқорғаушылармыз» деп тіркелген барлық ұйымдардың қандай көздерден және қандай мақсатта қаржы алғанын тексеру қажет;
Екінші, Азаматтарды, Парламент депутаттары мен мемлекеттік қызметкерлерді әлеуметтік желілер мен БАҚ-да балағаттап, қаралау, жала жабу фактілерін зерттеп және зерделеп, оларды ұйымдастырып отырған тұлғаларды анықтап, олардың іс-қимылына құқықтық баға берілуі тиіс;
Үшінші, қолданыстағы заңның аясында жаппай көшедегі бұралқы иттерді ұстап, қамау шараларын алсын, агрессия көрсеткендерін және жұқпалы аурумен ауратындарын эвтаназия жасау мүмкіндіктерін қарастырсын, – деді Е.Жаңбыршин.