Алаяқтар Ішкі істер министрінің фотосын пайдаланып хабарландыру таратқан
Фактчекерлердің хабарлауынша, әлеуметтік желіде жалған брокерлер ұрлаған қаражатты қайтарамыз деген онлайн алаяқтар әрекет етіп жатыр
Фактчекерлердің хабарлауынша, әлеуметтік желіде жалған брокерлер ұрлаған қаражатты қайтарамыз деген онлайн алаяқтар әрекет етіп жатыр. Киберқылмыскерлер бұрыннан қалыптасқан схеманы қолданады. Олар адамдарды сендіру үшін түрлі уәделер беріп, белгілі тұлғалардың суреттерін пайдаланады.
«Биржадан немесе брокерден ақша шығармақсыз, бірақ… Ол үшін төлем сұрай ма? Бұл өтірік. Өзіңізді алдауға жол бермеңіз. Ақшаны қауіпсіз жолмен қайтару жөніндегі нұсқаулықты алыңыз», - делінген жарнаманың мәтінінде.
Бұл жолы алаяқтар хабарламаға ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің суретін пайдаланған. Басылымның мәліметінше, сурет мемлекеттік органдардағы тағайындаулар мен отставкалар, сондай-ақ Қазақстанның қадағалау және күштік ведомстволарының басшылық құрамындағы өзгерістер туралы ақпарат тарататын Instagram желісіндегі prokadrykz аккаунтынан алынған.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ресми порталында қаражатты қауіпсіз алу жөніндегі нұсқаулық жоқ.
«Бұл хабарландыруда алаяқтар адамдарды алдау үшін белгілі адамның беделін тағы да пайдаланған. Көрсетілген сілтеме бойынша өтпеңіз, ақшаңызды немесе жеке деректеріңізді жоғалтуыңыз мүмкін. Ақпаратты әрқашан ресми дереккөздерден тексеріп, желідегі бейтаныс адамдармен сөйлескенде абай болыңыз», - деп ескертеді фактчекерлер.