Ақмола облысында кәсіпорыннан 4,5 млн теңге қаражат жымқырылған
Кәсіпорынның ұн жеткізумен айналысқан экспедиторлары тұтынушыларға өнім қарызға берілді деп есеп берген.
Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 2-бөлігіне (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Жедел-іздестіру шаралары барысында бұл іске серіктестікте экспедитор болып жұмыс істеген екі жергілікті тұрғынның қатысы болуы мүмкін екені анықталды. Тергеушілер олардың ықтимал рөлін жан-жақты тексеруде.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ұн жеткізумен айналысқан экспедиторлар тұтынушыларға өнім қарызға берілді деп есеп берген. Алайда тексеріс нәтижесінде есеп айырысудың іс жүзінде қолма-қол ақша арқылы жүргізілгені белгілі болды.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары кәсіпкерлерге кадрларды іріктеу кезінде сақтық танытып, қызметкерлердің адалдығына мұқият көңіл бөлуге кеңес береді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.