Ғалымдар климат өзгерісінің алдын алу үшін 1 620 термоядролық бомба жаруды ұсынды
Рочестер технологиялық институтының зерттеушілері атмосферадағы көмірқышқыл газының деңгейін төмендету үшін 1620 термоядролық бомба жаруды ұсынды. Ғалымдардың есептеуінше, бұл шара 30 жылдық СО₂ шығарындыларына тең көлемді жоюға мүмкіндік береді.
Олардың пікірінше, мұндай жарылыстар силикатты жыныстардың, әсіресе базальттың үгітілуін тездетіп, көмірқышқыл газын сіңіруге ықпал етеді. Бұл әдістің шағын масштабтағы нұсқалары қазірдің өзінде қолданылып жатыр: мысалы, Бразилияда кейбір компаниялар, соның ішінде Google, ауыл шаруашылығы алқаптарына базальт ұнтағын себу арқылы СО₂ сіңіру жобаларын қаржыландырады. Бірақ ғалымдар бұл шаралардың жаһандық жылыну мәселесін шешуге жеткіліксіз екенін айтады.
Жарылыстар мұхит түбінде, 4 км тереңдікте, 8 км су қабатының астында жүзеге асырылуы мүмкін. Ғалымдар 800 атмосфералық қысым соққы толқынын сіңіретінін және радиациялық әсердің минималды болатынын алға тартады.
Алайда сарапшылар бұл тәсілдің қауіпсіздігіне күмән келтіреді. Егер мұндай ауқымды жарылыстар қолданылса, оның экожүйеге әсері қаншалықты болатыны белгісіз. Сонымен қатар, ғалымдар мұндай шаралар қабылданбаса, мұхиттардың қышқылдануы, маржан рифтерінің жойылуы және басқа да экологиялық апаттар орын алуы мүмкін екенін ескертеді.