БҚО-да ер адам 300 келі шөп орамының астында қалған
Қазіргі уақытта жәбірленушінің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ
Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауылында 42 жастағы ер адам 300 келілік шөп орамының астында қалды, деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Оқиға ауыл маңында болған. Ер адам шөп үйіп жатқанда ауыр орам оның үстіне құлаған. Алайда кездейсоқ өтіп бара жатқан азамат оның көмек сұраған дауысын естіп, дереу құтқарушыларға хабар берген.
Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ қызметкерлері арнайы жабдықты қолданып, шөп орамының астында қалған ер адамды шығарып алды.
Құтқару жұмыстары сәтті аяқталып, зардап шегуші жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылған. Қазіргі уақытта жәбірленушінің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалады.