Beeline операторының тариф бағасын қолдан өсіргені анықталды
Компанияға тұтынушылардың тарифтік жоспарды таңдау құқығын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, «КаР-Тел» ЖШС (Beeline) тұтынушыларға қолданыстағы тарифтік жоспарларда үй интернетінің жылдамдығын таңдау мүмкіндігін шектеп, 100 Мбит/с-тан жоғары жылдамдықтағы интернетті ұсынған. Бұл өз кезегінде бағалардың жасанды түрде қымбаттауына және белгісіз тұтынушылар тобының құқықтарының бұзылуына алып келді.
«Beeline компаниясының ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 300 Мбит/с-қа дейінгі интернет жылдамдығы тек GPON технологиясы бар үйлерде ғана қолжетімді. Ал басқа үйлерде максималды жылдамдық 100 Мбит/с-ты құрайды, бірақ тарифтік жоспарлардың бағасы барлық абонент үшін бірдей, өзгеріссіз қалады делінген. 2024 жылғы 19 қарашада департамент Beeline компаниясына бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама талаптарын бұзуды жою жөнінде хабарлама жіберді», - деп хабарлады Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
Компанияға тұтынушылардың тарифтік жоспарды таңдау құқығын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау тапсырылды:
егер тұтынушы жоғары жылдамдықтағы интернетті пайдаланғысы келмесе, жылдамдығы 100 Мбит/с-тан аспайтын интернетпен қамтамасыз ету; қосымша ақылы қызметтерсіз жылдамдығы 100 с/Мбит-тан аспайтын интернетке қосылу.Агенттіктің хабарлауынша, бүгінде тиісті хабарлама толық көлемде орындалған. 15 қаңтардан бастап тұтынушыларға 100 Мбит/с-қа дейінгі тарифтік жоспарлар ұсыныла бастады, олардың бағасы 500 теңгеге арзандады.