Жаңалықтар

2024 жылы елдегі барлық төлемнің 87%-ы қолма-қол ақшасыз жасалған

istockphoto.com

Халықтың қолма-қол ақшасыз операцияларының өсімінде оң үрдіс сақталып отыр.

2024 жылдың қорытындысы бойынша, қолма-қол ақшасыз операциялар санының өсуі 13,4% (жалпы саны – 12,8 млрд операция), көлемі – 17% (жалпы көлемі – 166,1 трлн теңге) болды. Мәселен, 2024 жылы халық орташа есеппен 453,6 млрд теңгеге күн сайын қолма-қол ақшасыз 35,1 млн операция жүргізді. 

2024 жылы халық іске асырған барлық транзакция ішінен саны жағынан 98%-ы және көлемі жағынан 87%-ы – қолма-қол ақшасыз операциялар. Бұл өз кезегінде қаржылық технологияларға халықтың жоғары сенімін білдіреді, себебі қолма-қол ақшасыз транзакция жүргізу ыңғайлы әрі уақыт жағынан өнімді.

2024 жылы қолма-қол ақшасыз транзакциялардың негізгі үлесі банктердің онлайн сервисі арқылы жүргізілді (қолма-қол ақшасыз транзакциялар көлемінің 90%-ы).

Бұл ретте банктердің онлайн-сервисін пайдаланушылар саны 13%-ға (25,9 млн дейін[1]) ұлғайды. Бір жыл ішінде интернет пен мобильді банкингтің бір пайдаланушысына келетін онлайн-транзакция көлемі орта есеппен 7%-ға (6,1 млн теңгеге дейін) өсті.

Клиент банктің онлайн-сервистерін бір рет және одан да көп пайдаланған кезде қолданушылар әрбір банк бойынша жеке-жеке есепке алынады.