2024 жылдың қазан айынан бастап Тұрар Рысқұлов аудандық полиция бөлімшесіне малы ұрланған ауыл тұрғындары жүгінген, деп жазады turkystan.kz.
Мал ұрлығы фактісі бойынша сотқа дейінгі 5 тергеу ісі басталған. Жедел-іздестіру іс шараларының нәтижесінде 4 күдікті анықталған. Барлығы Луговой ауылының тұрғындары. Олар алдын-ала келісіп, түнгі уақытта өздерінің жеңіл көліктерімен шығып, ауылдардың айналасында жайылып жүрген жылқы мен сиырларды ұстап, сойып, етке өзкізген.
Бас-аяғы 13 бас мал ұрлап, мал иелеріне 4,6 млн теңге шығын келтірген.
Аудандық соттың үкімімен оларға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы тағайындалды.
Осы тектес 2024 жылдың қыркүйек және қараша айларында залал көлемі 7 млн теңгені құрайтын 17 бас мал ұрлығының екі фактісі әшкереленген.
Аудандық соттың үкімімен екі қылмыскер 3 жыл 6 ай және 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларына сотталды.
Үкімдер заңды күшіне енбеген.